- Advertisement -

Кәсіпкер ел керегін түгендеуі керек

93

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында: «Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде 2 есе өсуі тиіс» деген міндет қойды. Дамыған елдердің экономикасында шағын және орта бизнес жалпыұлттық өнім көлемінің жартысын және одан да көбін өндіреді. Мәселен, Германияның шағын және орта бизнес саласында еңбекке қабілетті тұрғындардың 60 пайызы жұмыс істейді. Бұл сектор осы мемлекеттің ұлттық табысының 50 пайызын береді. Жапония тұрғындарының 70 пайызы осы салада жұмыс істейді. АҚШ-та бұл көрсеткіш 97 пайызды құрайды. Ал біздің еліміздің ішкі жалпы өнімінде шағын және орта бизнестің үлесі 20 пайыздан аспайды. 

Елімізде Елбасының бастамасымен және қолдауымен бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Президенттің бес халықтық реформасының 54-қадамында «Кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығайту. Жаңа институттың құрамына бизнестің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді» деген жолдар бар. Бұл мәселе текке айрықша айтылып отырған жоқ. Кәсіпкерлердің алаңсыз және өнімді жұмыс істеуі үшін әуелі оларға жағдай жасалуы тиіс. Біздің елімізде бизнес жүргізу үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Жаһандық рейтинг бойынша еліміз кәсіпкерлікті өркендетуге ең қолайлы жағдай туғызған мемлекеттердің қатарына кіреді.
Мемлекетімізде бұл саланы өркендетуде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар да аз емес. «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020» және басқа да бағдарламалардың нәтижесінде көптеген кәсіпкерлер өз ісін бастап, аяқтарынан нық тұрып келеді. Әлемде кәсіпкерлерге осындай көмек көрсетіп отырған басқа мемлекеттер өте аз. Бұрын біздерді құзырлы органдар жиі тексеріп, жүйелі жұмыс істеуімізге мүмкіндік бермейтін. Елбасының тікелей араласуымен және тапсырмасымен бұл мәселе оң шешімін тауып келеді. Кейінгі кезде құқық қорғау және басқа да құзыретті органдар бізді жөн-жосықсыз тексермейтін болды. Елімізде кәсіпкерлікті дамыту және бизнесмендердің құқықтарын қорғау үшін Ұлттық кәсіпкерлік палатасы құрылды. Оның облыстағы филиалы кәсіпкерлердің құқығын қорғауда елеулі шараларды қолға алып, жүзеге асыруда. Бизнесін жаңадан бастаушыларға жасалып жатқан басқа жеңілдіктер де аз емес.
Жасалып жатқан осындай қамқорлықтар нәтижесіз емес. Қазір елімізде қай салада болсын аяғынан нық тұрған, өндірісін және қызмет көрсету салаларын өрге бастырып, жүздеген, тіпті, мыңдаған адамдарға жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкерлер көбейіп келеді. Демек, өз ісін ашқан және аяғынан нық тұрған азамат кем дегенде 4-5 адамға жұмыс тауып, ұлттық байлығымызды еселеуге өз үлесін қосады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Халық байымай, мемлекет байымайды» деп жиі айтып келеді. Әлбетте, бұл – қуанышты жағдай. Әйтсе де, бұл салада уақыт талабына сай атқарылатын тірлік орасан. Біздің кәсіпкерлердің көпшілігі еркіндік берілді деп бір күннің қамын күйттеп кетті. Қалтасында қаржысы барлар тойхана және қызмет көрсететін орындар салумен ғана шектелуде. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін кәсіпорын салып жатқан кәсіпкерлер өте сирек. Соның салдарынан ауылда өндіріп жатқан ұлан-ғайыр шикізат кәдеге аспай, іріп-шіріп жатыр.
Біз экономикамызды әртараптандырмасақ, ертең әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қалай қосыламыз? Мемлекет еліміздегі кәсіпкерлерге шикізат өңдейтін және жаңа өнім түрлерін өндіру үшін барлық мүмкіндіктерді ұсынуда. «Агробизнес-2020» бағдарламасының инвестицияны субсидиялау деген бағыты бар. Ол арқылы кәсіпкер егер өнім өндіретін өндіріс орнын ашатын болса, оған жұмсалған шығынның 50 пайызын мемлекет субсидиялайды. Бұл – ТМД-ны былай қойғанда, әлемде баламасы жоқ бағдарлама. Ендеше, мемлекетіміздің бізге көрсетіп отырған әкелік қамқорлығын неге тиімді пайдаланбасқа?! Елбасымыз елімізде инеден бастап ұшаққа дейін өзімізде шығару керектігін ұдайы айтып келеді. Әйтсе де көп кәсіпкерлер нарықты зерттеуге, сұранысқа ие тауарлар өндіруге селқос. Соның нәтижесінде импорт көлемін азайтуға, экспортты ұлғайтуға қол жеткізе алмай келеміз.
Қазақстан – әлемдегі табиғи ресурстарға өте бай ел. Біздің кәсіпкерлеріміз ниет етсе, қажетті тауарларды өндіруге барлық мүмкіндік бар. Кәсіпкерлер ел керегін түгендеуі тиіс. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтпақшы, мен де бизнесте бағымды сынап, халыққа қызмет көрсететін нысандар аштым. Бұрын Тараздағы Қарахан кесенесіне түнеп, зиярат ету үшін облысымыз, еліміз ғана емес, шетелдерден келетін қонақтар қатты қиналатын. Осыны ескеріп, ел керегін түгендеу үшін кесене қасынан намазхана және асхана салдық. Онда намаз оқып, зиярат етуге, құдайы тамақ және ас беруге, алаңсыз түнеп шығуға барлық жағдайлар жасалған. Қазір ол дүйім жұрттың игілігіне айналды. Бұл ісіміз үшін талайлар алғыс айтып жүр.
Тараздағы көрікті орынның бірі – Төле би көшесіндегі аумағы 1,8 гектар жерді алып жатқан қылқан жапырақты ағаштар шоғырланған «Қарағай саябағы» ұзақ уақыттан бері иесіз, қоқысқа толып жатқан болатын. Біз оны бес жыл бұрын жалға алып, бақты қайта қалпына келтірдік. Саябаққа осы мерзімде жүздеген қарағай және бозарша көшеттері отырғызылды. 200-ден аса ақ қайың және шырша егілді. Жолдары асфальтталып, темір орындықтар орнатылды. Оған келушілер жазда жайлы да қолайлы орындарда ұлттық сусындар: қымыз бен шұбат және шәй ішеді. Көп азаматтар осында келіп демалумен қатар жүгіріп, спортпен шұғылданады. Осы нысандарды ашу арқылы 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Олардың жалақылары уақтылы төленеді. Салыққа және басқа да міндетті төлемдерге қарыз емеспіз.
Кейінгі кезде 2000 жылдық тарихы бар ежелгі Тараз қаласы көркейіп келеді. Жолдар кеңейіп, көздің жауын алатын гүлзарлар көбейді. Әйтсе де көліктің көбеюіне байланысты елеулі проблемалар да пайда болуда. Қазір қаладағы қай көшеге барсаңыз да жолдың шетінде жағалай тұрған көліктерден көз сүрінеді. Мұның өзі қозғалыс қауіпсіздігіне кедергі келтіруде әрі көше сәнін бұзуда. Менің көрші мемлекет астанасы – Ташкентке жиі жолым түсіп тұрады. Екі жарым миллионнан астам тұрғыны бар үлкен қаладағы көшелерде жол шетінде тұрған бірде-бір көлікті кездестірмейсіз. Онда барлық көліктер автотұраққа қойылады. Қазір еліміз, оның ішінде облысымызда жеңіл көліктер көбейіп келеді. Келешекте оның саны бұдан да арта түседі. Демек, бізде де автотұрақтарды көптеп салу керек. Бұл бағытта облыс және қала басшыларының бастамасымен көптеген игілікті іс жүзеге асырылуда. Ортақ іске кәсіпкерлер де белсене атсалысуы тиіс. Автотұрақ үшін кесілген әр талдың орнына 10 немесе 20 көшет отырғызылуы керек.
Бірқатар кәсіпкерлеріміз бақастық, көреалмаушылық сияқты келеңсіз әрекеттерден арыла алмай келеді. Кәсіпкерлердің ісі ілгерілеп, табысы тасып бара жатса, оны күндейтін әріптестері де жоқ емес. Бас салып оның үстінен арыз жазатындар да бар. Ал шетелдерде әріптестері ондай азаматтардың қалай байығанын сұрап, тәжірибесін бөлісуді өтінеді екен. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы». Демек, бізге де шетелдіктердің осы бір жақсы дәстүрін үйренетін кез келді.
Қазақстан – әлемде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орын алатын, жерінің астында Менделеев кестесіндегі барлық элементтер табылатын бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің қатарына қосылуға барлық мүмкіндігі бар мемлекет. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі – бос» деп Абай атамыз айтқандай, бірлігімізді нығайтып, ерінбей еңбек етсек, біз жетпейтін жетістік, алмайтын асу жоқ.

Қадырхан 
Абдуллаев,
кәсіпкер, 
Тараз қалалық 
мәслихатының 
депутаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support