- Advertisement -

Аталарымыз – абыз, апаларымыз – аңыз болған

133

- Advertisement -

Бала күнімізде бізге ауылдағы аталарымыз – абыз, апаларымыз – аңыз секілді көрінетін. Тосқанбай, Несіпбай, Сағат, Әмірбек секілді көнекөздер мен Кенжекей, Зержан, Керімбала, Күлзада, Ақтамақ әжелеріміздің айтқан әр сөзін тағылым-тәрбие санап, қазыналы тәлім-тәрбилеріне таңданатынбыз сонда. Сөйтсек, оларға алдындағы әке-шеше, аға-жеңгелерінен үлгі қалған екен. Үлгі демей не дейміз, ертеректегі Исақ молда, Досалы, Сиябек, Қоел, Қожабек, Рахым аталарымыз КСРО-ның дүрілдеп, коммунистік партияның пәрмені жүріп тұрған кезде де бес уақыт намаздарын (жасырып оқыса да) қаза қылмай, Рамазан айында отыз күн оразаны ықыласпен ұстаған болса. Сондықтан ауылдағы бірнеше үй әлгі Құдайға құлшылығы басым көнекөздерді ауызашарға шақырып, жақсы жолда жүргендерге құрмет көрсетуге асығып тұрады. Ауылдағы жас келіндердің қазан жағалап, бауырсақ пісіріп, самаурынға шай қойып, ұшып-қонғанының өзі мерекедей болған деседі. КСРО-ның кезінде имандылық, шариғат жағынан ақпарат кемшін еді ғой. Сонда да ол кезеңдегі ата-апаларымыз сәресі мен ауызашар дастарханында береке барын, жақсы амалмен жүрген кісілерге дәм беру ізгілік екенін, үлкенді сыйлау тағылым екенін жақсы ұғынды.
Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенбіз. Ел еркіндігімен бірге діни ұстанымға да еркіндік берілді. Жүрегі иманға толы ауылдастар құлшылығын жасқанып емес, мешіттерде имамға ұйып оқитын болды. Ораза ұстаушылар біздің кішкентай Көктөбеде де көбейді. Исақ молда, Досалы аталарды көрмесек те Несіпбай, Сағат көкелерімізбен, Керімбала, Күлзада, Жапсаркүл, Дәмет апаларымызбен бірге ауыз бекіттік. Күн сайын болмаса да кемі аптасына екі күн ауызашар дастарханына жиналатын едік.
– Дәмнен үлкен ештеңе жоқ. Кей жағдайда ас дайын болып қалса, намаздың парызынан кейінгі сүннетін бұзып, шақырған дәмге баруға болады екен, – деп сөз бастайтын Несекең қария. Оны Сағат, Әсембек көкелерім құптай кетеді. Дәл осы жасы үлкендер отырған дастарханда ауылдың жағдайы мен жаңалығы, шаруаның жайы, жастардың тәрбие мен тәлімі сөз болады. Келіндер мен қыздар тәрбиесін апалар қозғайды.
– Имандылықтың өркендегені жақсы екен. Осы күні келіндеріміз орамалын тастамай, қыздарымыз жеңгелер тәліміне құлақ түретін болды ғой. Оған да шүкір, – дейтін Күлзада, Керімбала апаларымыз жалпының жағдайына көңіл аударып.
Бір жылы Несіпбай қария төсек тартып жатып қалды. Өзі бір аяғы қара санынан кесілген, балдаққа сүйенген жарымжан кісі еді. Дегенмен, ол үй оразада ауызашар берді. Бұл кезде еліміздің егемендік алғанына төрт-бес жыл өткен. Ауыз бекітуші жастардың қатары көбейген. Сондықтан, Несекең қарияның үйіне ауызашарға жиналғандардың көпшілігі жастар еді. Науқастанып Керімбала мен Күлзада апалар да келе алмады. Олар Несіпбай көкемнің әзілі жарасатын замандастары болатын. Несіп көкем бәрімізге «Ораза қабыл болсын!» деген ниетін білдіріп, жақсы әңгімесін айтып отырды. Дегенмен, сөз арасында: «Қап, жаңағы Керімбала мен Күлзаданың келмей қалғаны-ай!» – деп қояды. «Замандассыз қалған шал – жетім» сөзінің мағынасын сол жолы түсінгендей едім.
Кейде Несіпбай көкемнің үйіне қонып, таңғы сәресін ішіп қайтатынбыз. Ауылдың ауызашары ерекше болатын. Бұл күнде, алдыңғы толқынды айтпағанда, Несіпбай, Сағат, Әмірбек көкелерім – бақилық. Керімбала, Күлзада, Жапсаркүл, Дәмет апаларымыз да келмес сапарға кетті. Қазір де ауылда ауызашарлар беріледі. Бірақ, абыз аталар мен аңыз апалардың орны ойсырап тұрғандай. Өмірдің өткінші екені еске түседі осындайда. Оразада құлшылықты арттырған абзал.
Рамазан айында ауызашарлар мен сәресі берушілердің көбейгені жөн.
Жақсы амалға асыққан қандай жақсы!

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support