- Advertisement -

«Алақандай алаңға зар болып қалдық»

86

- Advertisement -

Балалар алаңының орнына дүкен салмақ болған кәсіпкерге тұрғындар наразы

13Қаламыздағы 3-шағын ауданның тұрғындары ауласындағы балалардың спортпен шұғылданатын шағын алаңының орнына дүкен салмақ болған кәсіпкерге наразы екендіктерін айтып,  редакциямызға келді.  Тұрғындар  «басқа жер құрып қалғандай, балалар ойнайтын алақандай алаңға көз салғаны несі?» деп кәсіпкерге деген өкпесін жеткізді. Өйткені  осындағы №№3,4,6,7 бес қабатты үйлерде тұратын 100-ден астам отбасы балаларының бос уақыттарын қайда өткізетінін ойлап, бастарын қатырып әлек. Бірақ әлі де жергілікті биліктен үмітті екендіктерін айтуда. Олардың жеке кәсіпкермен дауласқандарына біраз болған екен.
Мән-жайды білмек болып, құрылыс басына барғанымызда кәсіпкерді кездестіре алмадық. Телефон арқылы жүздесуге шақырғанымызда ол келе алмайтындығын айтып, кездесуден бас тартты.
– Елбасымыз әр Жолдауында спортқа, денсаулыққа аса мән беріп, жастарымыздың саламатты өмір салтын ұстануларына айрықша назар аударып, мұны айтудай-ақ айтумен келеді. Біздің ауладағы балалар бос уақыттарында ермек ететін жалғыз алаңымыз бар еді. Енді одан да айырылып қалғалы отырмыз. Балаларымыз шағын алаңда футбол, баскетбол ойнап, спортпен шұғылданатын. Жеке кәсіпкер келді де «ай-шай» жоқ, тұрғындардың да рұқсатынсыз алаңды қоршауға алып, құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті. Балалар енді зерігіп, уақыттарын қайда өткізерін білмей жүр, – дейді Нұрсовет Қасенов есімді тұрғын.
Тек телефонмен тілдесуге келіскен, өзін Расылхан Музаппаровпын деп таныстырған кәсіпкерден мән-жайды сұрағанымызда, құрылысты заң бойынша бастағандығын айтты.
– Мен бұл ауланы заңды түрде сатып алғанмын. Әкімшіліктің рұқсатын алдым. Заңға қайшы әрекет етіп жатқан жоқпын. Енді осы жерге әмбебап дүкен салмақшымын. Жын-ойнаққа қатысты ешқандай нәрсе болмайды мұнда.  Ішінде азық-түлік дүкені, екінші қабатында шаштараз, сұлулық салоны сынды халыққа қажетті, арнайы бөлмелер де болады. Елбасымыздың өзі кәсіппен айналысам деген жеке кәсіпкерлерге ешқандай кедергі келтірмеу керек деп айтпап па еді?! Ал балалар алаңына келер болсақ, ең алғашында құрылысты бастамас бұрын бұл жерді суретке түсіріп алғанмын. Сынған, кесілген тұстары бар, топырағы шығып жатқан жер болатын. Уақытша қойылған алаң еді өзі де. Сол алаңның орнына өз қаражатымнан өзге жерден алаң салып беремін, әкімшіліктен рұқсат болса болды, – дейді  кәсіпкер Расылхан Музаппаров.
Тұрғындар бұл уәжге де келіспей отыр. Ондай алаң салатын жуық маңда орын жоқ дейді аула тұрғындары.
– Онсыз да тар аула екі есеге тарылды. Ең бастысы, балалар спортпен айналысатын жерінен айырылды. Жазғы демалысқа шыққан балаларымызды қайда жіберерімізді білмей отырмыз. Мен өзім екі баламды жуырда ауылға жібердім. Қайта балаларға спорт алаңын салып беріп, саламатты өмір салтымен айналысатын мүмкіндік жасаудың орнына кәсіпкерлер тек өзінің қара басын ғана ойлайды. Спортпен айналысып, футбол, баскетбол ойнамаған бала зеріккенде карта ойнап, құмарпаз ойындарға әуестенбесіне кім кепіл?! – дейді Бақыт Ақылбеков есімді тұрғын.
Тұрғын үйлердің қарамағындағы жерді жекеменшікке қалай сатып алады? Ешқандай құжаттарын көрген жоқпыз деген тұрғындар енді тиісті мекемелерге шағымданатындықтарын айтуда.

Наурызбек САРША,
«Ақ жол».
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support