- Advertisement -

Экономикалық даулар

159

- Advertisement -

12Соңғы уақытта экономикалық даулар көбейіп кеткен сияқты. Оған облыс бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мәліметтерінен кейін қанық бола түстік. Мәселен,  онда 2013 жылы – 3814 іс қаралса, 2014 жылы 5937-ге жеткен.  «Өткен жылы қаралған 5937 істің 5386-сы бойынша шешім шығарылды. 441 арыз қараусыз қалдырылды. 62 іс өндірістен қысқартылды», – дейді аталған соттың төрағасы Сембек Баймаханов. Осы орайда біз де өз сауалдарымызды қоюды жөн көрдік.
– Не себепті экономикалық даулар көбейген?
– Биыл бірінші қаңтарға дейінгі қолданыстағы арнайы заңдарда заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркеуін жою жөніндегі мәселелерді соттың қарауында болатын. Яғни, мемлекеттік тіркеуде бар заңды тұлғалар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ешқандай әрекетсіздік жасамайды, есебін тапсырмайды, салығын төлемейді, тұрағы белгісіз, тек қағаз жүзінде тіркеліп іс жүзінде жұмыс істемейтіндерді мемлекеттік тіркеуден алып тастау мәселелері қаралды. Бұл да бір себеп болды. Ал қараусыз қалдырылған істердің негіздері Азаматтық іс жүргізу кодексінде көрсетілген. Оның басты негіздемелеріне тоқталып өтейін. Біріншіден, талапкерлер өз талап-арыздарын қайтарып алу жөнінде арыз берсе, біз арызды қараусыз қалдыруға міндеттіміз. Екіншіден, көп кездесетін жағдай сот мәжілісіне талап қойған талапкердің соттың екінші шақыруы бойынша дәлелсіз себеппен келмейтін жағдайда.  Талап-арыз оны жазған  тұлғаға керек қой. Сондықтан да сотқа келіп өзінің уәждерін бекітіп, дәлелдеуге міндетті. Біз арызын сырттай қарамаймыз. Тек 13сотқа қатыса алмайтыны жөнінде дәлелді себептерін көрсетіп, істі өзінің қатысуынсыз қарау жөнінде өтініші түскен жағдайда қараймыз. Қысқартылған істер сот тәртібімен, азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтын арыздарды беруден  пайда болады. Жалпы, сотқа қаралуға жатпайтын істерді әкелетіндер де бар. Мәселен, серіктестіктер ішкі шаруашылық қызметін шешіп беруді өтінеді. Қысқартудың бір себебі, бұрын сол дау бойынша соттың заңды күшіне енген шешімдері болады, орындалмаған жағдайда қайталап беретіндер бар.  Ол енді атқару-іс жүргізу тәртібі сот орындаушыларының мәселесі ғой.
– Экономикалық даулардың көбеюінің бір себебі мемлекеттік сатып алу мәселесіне де қатысты шығар.
– Иә, бізде мемлекеттік сатып алуға байланысты істер көп қаралады. Осы орайда, мынадай мәселелерді айта кеткенді жөн көріп отырмын. Мысалы, тендерден жеңімпаз болып танылған серіктестіктер шарт жасасуға келгенде түрлі желеулермен бас тартады. Шарт жасасса да орындамайтын, орындаса да шартта көрсетілген мерзімде орындай алмайтындар бар. Мұндайда, мемлекеттік сатып алу заңы бойынша тендерді жариялаған мекеме отыз күннің ішінде сотқа арыз беруге міндетті, ол мерзімнен асып кетсе арыз қаралуға жатпайды. Бірақ осыған келгенде кейбір мекеме басшылары жауапсыздық танытады. Сөйтіп, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіріледі. Соның салдарынан шартты орындамаған заңды тұлғалар жосықсыз деп танылмай қалады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу бойынша жосықсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беріп, өздері сотқа келмейтін мемлекеттік мекемелер де бар. «Бізде жұмыс көп», «заңгеріміз ауырып қалды» деген сылтаулар айтады. Талап қоюшы жеке адам емес, мекемелер, заңды тұлғалар. Мекемелердің, заңды тұлғалардың ауырып қалуы, іссапарға кетіп қалуы мүмкін емес. Басшысы болмаса, оның міндетін атқарушы болады. Мұндай жағдайда сот лауазымды адамның жауапкершілігі туралы жеке ұйғарым қабылдайды. Осы сұхбаттан кейін, мекеме басшылары сергектік танытатын шығар деген ойдамын. Ал біз жұмысымызды тоқтатпаймыз, бұл – заңның талабы.
– Елбасымыз судьялардың съезінде оларға түсетін жүктеменің өсуі мәселесін шешуді, қосымша штаттар ашуды айтқан болатын. Сіздерде бұл мәселе қалай шешілді?
– Өткен жылы судьялыққа қосымша штаттар ашылды. Бұрын төрт судья жұмыс істегенде, олардың орташа жүктемесі айына 197 істен айналған. Қазір 10 cудья бар. Төраға болғаныммен өзім де іс қараймын. Енді жүктеме азаюы тиіс. Азаматтық істерден басқа судьялар бірқатар құжаттарды да қарайды. Мысалы, сот орындаушы өзінің атқару парағын орындау барысында заңда соттардан санкция сұрайтын негіздемелері көрсетілген. Мүлкіне тыйым салу, шетелге шығуына тыйым салу деген сияқты. Қарызды борышкерлердің мүлкінен өндіру жөнінде ұсыныстар береді, оны да қараймыз.
– Жас судьялардың біліктіліктерін көтеру жағы қалай жолға қойылған?
– Облыстық соттың тарапынан олардың біліктіліктерін көтеруге арнайы бағдарламалар жасалады. Өзіміздегі бұрыннан жұмыс істейтін тәжірибелі төрт судья мен облыстық соттан да тәлімгерлер бекітілген, семинар сабақтары тұрақты өткізіледі.
– Биыл Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлағалы отырмыз. Қалай ойлайсыз, бұрын хандық дәуірде экономикалық даулар болған ба, болса қандай формада болған?
– Ол заманда жер дауы, жесір дауы болғандығы тарихтан белгілі. Жесір дауы дегенді бүгінгі түсінікпен айтсақ, неке бұзу, бала дауы, дүние-мүлік дауын аудандық соттар қарайды. Жеке тұлғаларға қатысты жер дауын азаматтық істер жөніндегі қалалық сот қарайды. Ал біз заңды тұлғалардың арасындағы жер дауларын қараймыз. Мемлекет мұқтажына жерді мәжбүрлеп алу жөніндегі даулар да кездеседі. Өткен жылы жер дауы бойынша 111 іс түссе, оның 32-сі мемлекет мұқтажына алуға қатысты. Бұл жөнінде заңнама жеткілікті түрде қабылданған, тек дұрыс қолдану керек, республика көлемінде тәжірибе де қалыптасқан.
– Жыл  басында  жаңа  Кодекстер қолданысқа енгізілгені белгілі. Соған байланысты ерекше назарға алатын жағдай бар ма?  
– Жаңа заңдар бойынша көптеген өзгерістер енгізілді. Соның ішінде ерекше назарға алатын нәрсе, 2014 жылғы 2 желтоқсанға дейін апелляциялық шағымдар мен кассациялық  шағымдарға мемлекеттік баж төленбейтін еді. Бастапқыда талап-арыз бергенде ғана бір рет төленіп, одан кейін Жоғарғы сотқа дейін төленбейтін. Енді бірінші сатыда төленген баждың жартысы мөлшерінде төленеді. Азаматтық іс жүргізу кодексінде көрсетілгендей, бұл сот шығындарына жатады. Ұтылған жақтан ұтқан жақтың пайдасына сот шығындары өндіріледі. Оған тек мемлекеттік баж ғана кірмейді, өкілдің көмегіне жұмсалған және жол шығындары да кіреді.
– Сот жүйесіне енгізілген жаңа технологиялардың тиімділігі туралы айтып өтсеңіз?
– Сот жүйесіне енгізілген жаңа технологиялар арқылы жетілдірілген аудио, бейнежазбалар жасалады. Соның бір нәтижесі, судьяның үстінен түсетін арыз-шағымдар күрт азайды.
«Қаншама қара қылды қақ жарсаң да, кетеді біреу мақтап, біреу даттап» деп Абай атамыз айтқандай, ұтылған жақтың айтатын шағымдары болады. Ондай жағдайда оның негізді-негізсіздігін тексеру үшін сот процесін жазбалардан көреміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен

Шынар САҒИЕВА,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support