- Advertisement -

Қазақшаң қалай, балақай?

352

- Advertisement -

Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен мектепке  дейінгі  білім  беретін  мекемелерде  тәрбиеленетін өзге ұлт бүлдіршіндері арасында жыл  сайын  дәстүрлі  түрде «Қазақшаң  қалай,  балақай?» атты облыстық байқауы  өткізіліп  тұрады. Биыл ол тұңғыш рет Қордай ауданының «Бәйтерек» балабақшасында өтті. Бүлдіршіндердің қазақ тілін меңгеруіне ықпал ете отырып, олардың бойында қазақстандық  патриотизмді сіңіруді көздеген шараға аудан орталығындағы балабақшалардың ересектер тобының  тәрбиеленушілері  қатысты.
«Таныстыру», «Ғажайып қоржын», «Ертегілер елінде», «Шығармашылық өнер» аталымдары бойынша сынға түскен бүлдіршіндердің қай-қайсысы да өз ерекшеліктерімен  танылды. Мәселен, балалар өздерін тақпақтап таныстырып шыққан соң тәрбиешілерінің  көмегімен  «Мақта қыз», «Шұбар тауық», «Бауырсақ» тәрізді ертегілер желісімен шағын  қойылымдарға қатысты. Ән шырқап, мәтінді мәнерлеп оқып, өздері салған суретті  мазмұндап айтып берді. Сөйтіп, өздерінің мемлекеттік тілді қалай меңгергенін  көрсетті. Нәтижесінде қазақтың ұлттық киімін киіп  алып «Ұлтым орыс болғанмен, жүрегім – қазақ» деп саңқылдаған «Айналайын» балабақшасының тәрбиеленушісі Валерия Корнева жеңіп алды. «Туған жер менің Отаным, өзіңнен ыстық от алдым, жастығым сенде жалындап, жайраңдап жүрген ботаңмын» деп тақпақтап белсенділік танытқан «Балдәурен» балабақшасынан келген Оруч Джафаров екінші орын алды. Сондай-ақ, «Жұлдыз» балабақшасынан Анна Голодева, «Бөбек»  балабақшасынан  Алим  Чазымова, «Бәйтерек» балабақшасынан Аделина Прохоренко мен  Богдан Пыпченко да қазақша еркін сөйлей алады екен. Олардың ешқайсысы да  жүлдесіз  қалмады.
Байқауға төрелік еткен облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бас  мамандары Талғат Сәбитбеков пен Нұрбану Молдабекова және аудан әкімдігі білім  бөлімінің балабақшалар жөніндегі әдіскері Раушан Әміреева бүгінгі шараның жетістіктерімен қатар кемшіліктері де болғанын атап көрсетіп, мектепке дейінгі  мекеме  тәрбиешілеріне алдағы уақытта өзге ұлт балаларымен жұмыс істегенде назарға алатын  қағидаларды түсіндірді.

Құрманбек  Әлімжан,
«Ақ  жол».

Қордай  ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support