- Advertisement -

Қаржылық қылмыстар көзден таса қалмайды

126

- Advertisement -

Бүгінде қарапайым халықтың дені мемлекеттік кірістер саласы, оның басты қызметі, басқа да өкілетті функциясы жайлы жетік біле бермейді. Сондықтан біз облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының экономикалық тергеу қызметі мәселелерін басқаратын орынбасары Мақсат Қазиевті әңгімеге тартқан едік.

– Мақсат Бейсенбекұлы, экономикалық тергеу қызметі қашан құрылды және құқық қорғау органы ретінде немен айналысады, сол туралы айтсаңыз?
– 2014 жылдың 18 қарашасынан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 7 қарашадағы Заңы қолданысқа енгізілуіне байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды.
Мемлекеттің басқару жүйесін жетілдіру бойынша мемлекеттің қабылданған шаралары қайта құрылған Комитетке тиісті функциялар мен өкілеттіктер, сондай-ақ, оның экономикалық тергеу қызметіне құқық қорғау органының мәртебесі беріле отырып, оған экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау, тергеу бойынша функциялары жүктелді. Осыған байланысты, қаржы полициясының экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін мемлекеттік кірістер органдарына беруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар заңнамалық деңгейде енгізілді. Экономикалық тергеу қызметінің негізгі бағыты қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтаумен  қатар, салық, кеден және «көлеңкелі» экономика саласындағы қылмыстарды анықтау, тергеу болып табылады.
Кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартумен қатар, бюджетке түсетін төлемдердің көлемін арттыруға шаралар қолдану мен келтірілген залалдарды нақты өндіру. Сонымен қатар, құқық қорғау жүйесін атқару барысында бизнеске қысым жасауды тоқтату, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға жол бермеу, негізсіз тексерулер мен қылмыстық қудалауды төмендетіп, бизнестің дамуына лайықты жағдай жасауды қамтамасыз ету.
– Осы бағытта биыл қандай жұмыстар атқардыңыздар және сол атқарылған шаралар бойынша қандай нәтижелер бар?
– Биыл 4 ай ішінде  облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің  экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде 468 қылмыстық іс, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне  242 қылмыстық іс тіркелді. Өндіріспен 211 қылмыстық іс аяқталды. Айыптау актісімен сотқа жолдау үшін прокуратураға 32 іс жолданды. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген 2 364 400 теңгенің залалы өндірілді. Құны 6 200 000 теңгені құрайтын тауар мемлекет кірісіне өндірілді.
— «Көлеңкелі» экономика саласы бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын тарқатып айтсаңыз?
– Есепті мерзім аралығында өндірісте «көлеңкелі» экономика саласы бойынша 69 қылмыстық іс тергелуде, 7 қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. ҚР «Ойын бизнесі туралы» Заңының талаптарын бұзып, жұмыс жасап жатқан 8 заңсыз ойын мекемесінің жұмысы анықталды. Жүргізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша 180 дана ойын автоматтары мен компьютерлері, 6 ойын рулеткасы, заңсыз  1 141 100 теңге және 200 АҚШ доллары алынды. Олар мемлекет кірісіне өндіріледі.
Нақтырақ тоқталсам, өткен жылдың желтоқсан айында департамент қызметкерлерімен М. деген азаматтың Тараздағы Әйтиев көшесінде орналасқан интернет-кафе деген жалған атты пайдалана отырып, ҚР «Ойын бизнесі туралы» Заңының талаптарын бұзып жұмыс жасап,  заңсыз ойын бизнесімен айналысып жатқаны анықталды. Аталған ойын бизнесін қарау кезінде 21 ойын автоматы, 1 дана электронды рулетка анықталып, алынды. Күдіктінің үстінен  ҚР ҚК  269-1 бабы 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа жолданды.
– Осы орайда экономикаға едәуір зиян келтіріп жатқан жалған ақша жасау бойынша орын алған қылмыстарға да кеңірек тоқталып өтсеңіз.
— Бұл бойынша 12 қылмыс анықталды. Тарқатып айтатын болсам, былтыр, жыл соңында департамент қызметкерлерімен жедел іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында А.Туралиев және А.Максутов деген  азаматтардың 1 000 теңгелік жалған ақша купюраларын қолдан жасап,  сақтағандары анықталды. Азаматтар жалған ақша жасау және оны сақтау – ҚР заңнамасымен қудаланатынын біле тұра, заңсыз баю мақсатында компьютерлік техникаларды пайдалана отырып, Тараз қаласында 1000 теңгелік ақшаларды қолдан жасаумен айналысқан. Әртүрлі сериядағы қолдан жасалған банкноттарды аталған тұлғалар ары қарай өткізу үшін сақтаған. А.Туралиев пен А.Максутовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс қаңтар айында айыптау актісімен сотқа жолданып, сот үкімімен олар 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды, ҚР ҚК 63-бабын қолдана отырып тағайындалған шартты мерзімге деп есептелді.
Көлеңкелі экономика саласындағы басым бағыттардың тағы бірі – заңсыз кәсіпкерлікпен айналысудың алдын алу және жолын кесу. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында 3 заңсыз кәсіпкерліктің жұмысы анықталды. Мемлекетке 44 миллион теңге залал келтірген «П» атты жалған ЖШС, 77,7 миллион теңге залал келтірген  «К» ЖШС және  170,4 миллион теңге залал келтірген  «С» ЖШС анықталды.  Қазіргі уақытта анықталған барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 215-бабының 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Енді «көлеңкелі» экономикамен күрестегі басым бағыттардың бірі – заңсыз айналымдағы алкоголь өнімдерінің жолын кесуге келер болсақ, бұл бағытта да біршама тірліктер атқарып жатырмыз. Мәселен, жыл басында  Тараз қаласы 10 мөлтек ауданында орналасқан «А» дүкенінен «Аю» және «Семіз қозы» түріндегі алкоголь өнімдері алынды. Аталған алкоголь өнімдері сот сараптамасына ұсынылды. Сараптама  қорытындысында  олардың есеп-бақылау маркалары жалған болып шықты. Ары қарай жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында аталған алкоголь өнімдерін көтерме бағамен сатушы «МГ» ЖШС екені анықталды. Аталған ЖШС қоймаларын қаттау кезінде  жалған есеп-бақылау маркаларымен құны 45 миллион теңгенің 91 068 шөлмек әртүрлі алкоголь өнімдері алынды заңсыздық әрекеттер  қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды.
Сонымен қатар, осы жылдың наурызында жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында «Айша бибі» стационарлы-бақылау бекеті арқылы Тараз қаласына кіру кезінде Т. деген азаматтың басқаруындағы «Мерседес Бенц» автокөлігі тоқтатылып, оны қарау кезінде 1 000 қорап  мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейтін есеп-бақылау маркаларымен «Новая» маркалы  (өндірушісі  «Алкопищепром» ЖШС) алкоголь өнімдері анықталып, алынды. Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта сот-техникалық сараптамасы тағайындалды.
– Енді қаржы саласындағы қылмыстар туралы айта кетсеңіз?
– Қаржы саласы бойынша бүгінгі күнге 28 қылмыстық іс тіркелді. Одан 4 қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. 3 қылмыстық іс ақталмайтын негіздермен қысқартылды. Анықталған қылмыстық істерден 4 қылмыс мемлекеттік сатып алу саласында орын алды.
Квазимемлекеттік сектор саласында 22 қылмыс анықталды. Мысалы, өткен жылы  «Казпошта» АҚ облыстық филиалының Т.Рысқұлов аудандық пошта байланыс бөлімінің бас есепшісі О. деген азаматтың үстінен, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып,  961 513 теңге ақша қаражатын иемденіп залал келтіргені үшін ҚР ҚК 176-бабы 3-бөлімі, «б» тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Келтірілген  961 513 теңге залал тергеу барысында толығымен өндірілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергеумен аяқталу үстінде.
«Казпошта» АҚ  облыстық филиалының Т.Рысқұлов аудандық пошта байланыс бөлімінің операторы Г. деген азаматтың үстінен де «КазТрансГазАймақ» АҚ-ның 4 000 000 теңге қаражатын иемдену фактісі бойынша 20 эпизодты қылмыстық іс қозғалды.
Квазимемлекеттік сектор саласындағы қылмыстық істер бойынша мемлекеттік бюджетке келтірілген 11 283 513 теңгенің залалынан тергеу барысында  1 490 513 теңгесі өндірілді.
Бюджет саласында  1 қылмыстық іс қозғалды.
Биыл сәуір айына қарай «Б.» шаруа қожалығының төрағасы С. деген азаматтың үстінен мемлекет есебінен 72 миллион теңге субсидия алып, оны заңсыз иемдену фактісі бойынша ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлімі 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Соттың санкциясымен, ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес күдікті қамаққа алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергеу өндірісімен аяқталу үстінде.
– Салық және кеден саласындағы атқарылып жатқан  жұмыстар  жайлы не айтасыз?
– Салық және кеден саласы бойынша  бүгінгі күнге 89 қылмыстық іс тергелуде. 12 қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Жедел іздестіру шараларын жүргізу қорытындысы бойынша 30 миллион теңгеден астам тауарлар, көлік құралдары және валюталар алынды.
Салық және кеден саласы қызметкерлерінің негізгі бағыттарының бірі – есірткі және тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қарсы тұру. Жүргізілген жұмыс нәтижесі бойынша  15 факті анықталып, заңсыз айналымнан 3,9 келі есірткі заттар, оның ішінде салмағы 3,8 келі  героин алынды.
Мысал келтіре кететін болсақ, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында ағымдағы жылдың 23 наурызында  «Сыпатай батыр» кеден бекеті арқылы еліміздің  аумағына кіру барысында Қырғыз Республикасының Ж. деген азаматы аса көп мөлшердегі ауыр наркотикалық құрал (салмағы 1,9 кг героин) өткізу барысында ұсталды. Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 286 және 297-баптары бойынша тіркелді. Күдікті сот санкциясы бойынша қамаққа алынып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қорыта айтқанда, біздің саламызға қатысты көлеңкелі экономиканың кез-келген түрі көрінбей қалмайды.
— Лайым солай болғай. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Фариза Әбдікерімова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support