- Advertisement -

ҰБТ-дан несіне үрейленеміз?

128

- Advertisement -

ҰБТ кезінде тестілеу өткізетін жерге барып көрген адамға мына бір көрініс жақсы таныс болуы мүмкін. Тест тапсыратын түлектің ата-анасы, туыстары, мұғалімдері, қала берді келесі лекте ҰБТ-ға қатысатын талапкердің бәрі таң атпай сынақ болатын пунктке жиналу «дәстүрге» айналған. Тестілеудің қалай өтетінін бақылап, сынақ тапсырушыға қолдау көрсеткен дұрыс. Бірақ, бұдан үміткерге келер пайда бар ма? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Қолдаймыз деп, керісінше тәртіп бұзып, тест тапсырушыларға үрей мен жайсыздық туғызып жататындарын ойламай ма? Былтырғы тестілеу кезінде Меркі, Т. Рысқұлов аудандарында орын алған келеңсіздіктер осы сөзіміздің дәлелі.

Мысалы, білім ошақтарының бірінде мектеп директорының орынбасары 11-сынып оқушысының ата-анасын шақырып алып: «Балаңызға көмек көрсетуге мүмкін болған жағдайдың бәрін жасаңыз», – деп талап қойғанын естідік. Бұл сөзді қалай түсінеміз? Былтырғы тестілеу кезінде түлектерге көмектесеміз деп әшкере болған келеңсіздіктерден ұстаздар сабақ алмағаны ма, қалай?
ҰБТ-да талап қоюшылар көп. Ал орындаушы біреу. Ол – оқушы. Осылай жүріс-тұрысы қатаң бақылауға алынып, ескертпені жиі естіген баланың көңіл-күйі байыз таба ала ма? Бұған оқулықтардағы олқылықтарды қосыңыз. Мектеп бағдарламасында баламалы оқулықтардың қолданылатыны жиі айтылып жүр. Тестке дайындалу үшін оқулыққа жүгінейін десе, әр жылы жарық көрген кітапта даталар әркелкі жазылған. Бұл ҰБТ-да түлектерді сүріндірмейді деп кім айта алады. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева ҰБТ тапсыратын негізгі пәндер бойынша оқулықты баламасыз ету туралы ұсынысты бекерге көтеріп отырған жоқ. Кейбір психологтар жастар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың көбейіп кетуіне осындай жағдайлар себеп болуы мүмкін екенін айтады.
Жалпы, үміттен гөрі үрейге көп бой алдыратын мектеп бітірушінің жай-күйін түсінуге болады. Себебі, ол «ҰБТ-дан сүрінбей өтуге тиіссің!» деп үлкен жауапкершілік жүктеп қоятын ата-анасы мен ұстаздарының көздеген үдесінен шығуды ойлап, жыл бойы алаңдаумен жүреді. Сынақтан жоғары балл жинай алмаса, өзгені қойып, алдымен осы «жақындарының» қыспағында қалатыны анық.
«Пәленшенің баласы құрлы болмадың» деген айыптаулар айтылып қалуы да бек мүмкін мұндайда. Бұған «мектеп көрсеткішін төмендеттің» деп шүйілетін мұғалім мен директорды қосыңыз. Сондықтан, білім алған алтын ұясының, ауданның, оның арғы жағында өңірдің абыройы үшін барын салып тестке дайындалатын шәкірттің қандай психологиялық қысым көретінін іштей шамалай беріңіз.
Білім және ғылым министрлігіндегілер білім сапасын негізі ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша бағалауға болмайды деседі. Сөйте тұра мектеп бітірушілердің тестілеуге қатысу көрсеткіші, сынақтан жоғары балл жинаған түлектер саны, екілік алғандары мен шекті деңгейге жете алмағандарын саралап, талдау жасайды. Сол бойынша облыстардың рейтингісі түзіледі. Ал кім алға озды, кім артта қалғанын анықтаған соң, кемшіліктің себеп-салдарын іздеген кері процесс басталды дей беріңіз…
Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір танысым ағынан жарылып, өз басынан өткен жайтты әңгімелеп берген еді. «Баламның әу бастан сабақ үлгерімі орташа еді. 11-сыныпқа келгенде бірден жақсарып кетпесі белгілі. Әрі қарайғы жағдай түсінікті ғой. Мектеп директоры шақырып алып, «Ұлыңды ҰБТ-ға қатыстырмаймыз, бізді ұятқа қалдырады» деп қиғылық салды. Мен намысқа тырысып, тіресіп бақтым. Соның әуресімен күн аралатып, мектептен шықпайтын болдым. Тестілеуге дейін өзімнің де жүйкем жұқарып бітті, «Сен үшін басымды бәйгеге тігіп отырғанда ұятқа қалдырма!» деп ұлдың да құлағын сарсылттым. Тест өтетін күні бірнеше мұғаліммен келісіп, қолдарына ұялы телефон ұстатып, тест өткізетін пункттің қасында отырдық. Ішкі тығып алып кірген қалтафонды пайдаланып, сұрақтарын жібере қалса, дайын болайық деген жандалбаса менікі. Әйтеуір, абырой болғанда ол үмітімді ақтап, 70 балл жинады. ҚазҰУ-дың дене шынықтыру және спорт мамандығын таңдап, құжат тапсырдық. Мемлекеттік грант иегері атанды», – деген сонда Бақыткүл.
Орташа оқитындарға мұғалімдер тарапынан осылай қысым жиі жасала берген соң, ҰБТ қорытындысына талдау жасағанда «мектеп бітірушілердің тестілеуге қатысу көрсеткіші» деген пунктті қосты. Содан кейін мұндай жағдайлар ептеп азайғандай болған. Әйтсе де, мектеп басшыларының «ұл-қыздарыңыздың тестке дайындығын пысықтаңыз» деген ескертпесі көбейе түскен.
Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева: «Ата-аналар мен ұстаздар баланың миына «өмірдің мәні – ҰБТ» деген ұғымды сіңіруін қоюы керек. «ҰБТ-дан өтсең болды, алдыңда даңғыл жол ашылады, бәрі дайын тұрады» деу бекер. Мен еліміздегі ең таңдаулы жоғары оқу орындарында оқыған, бір емес үш диплом алып, жұмыссыз отырғандарды да көргем. Сондықтан, ҰБТ өмірдегі барлық түйткілдің шешімі емес. Мысалы біз химияны өте жақсы оқыдық. Судың формуласын ұйықтап жатқан жерімізден оятып алып сұраса да жатқа айтатынбыз. Ал сол формуланы білудің менің өмір жолымда түкке де қажеті болған жоқ. Оқушыны «сен жан-жақты болуың керек» деп шектен тыс қинаудың қажеті шамалы», – дейді.
Иә, қалай десек те, ҰБТ кезінде балаға жасалатын қысым көп. Осыдан кейін оның жүйкесі сыр беріп, ашушаңдыққа, сабырсыздыққа бой алдырып жатса, таңғалмаңыз. Тест нәтижесі оңды болса жақсы, ал егер… Сәтсіздікке кезіге қалса, салы суға кетіп, көңілсіз ойлар иектеп, өз-өзіне қол салу сынды сұмдыққа ұрынып қалуы да мүмкін. Сонда кінәні кімге артамыз?!
Сұрақ көп. Жауап жоқ. Меніңше, ҰБТ-ға деген қоғамдық көзқарас өзгермейінше бәрі бекер. Ата-ана баласын соғысқа аттандырғандай, жылап-сықтап шығарып салып жатса, тест тапсырып жатқан кезде ентелеп жүріп, тәртіп бұзса, басқадан не сұраймыз?! Мұғалімнің ескертпесі азаймаса, оқушының үрейін ұшырып, талаптың қатаң болатынын, «таныс» іздемесе жағдайдың қиындай түсетінін айта берсе, ҰБТ деп үрейленгеніміз үрейленген.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support