- Advertisement -

Қордайлық түлектер ҰБТ-дан неге бас тартады?

120

- Advertisement -

Ауданның білім саласындағы бұл «бас ауруы» орта мектеп бітірушілерінің білім сапасын бағалаудың бірыңғай тестілеу жүйесі енгізілгелі бері пайда болды. Жыл сайын ҰБТ қарсаңында оған қатысушылардың үлесі облыстық көрсеткішті кері тартқаны үшін аудан атқамінерлері жоғарыдан сөз естиді де жатады. Мәселен, былтыр барлық мектеп бітірушілердің 47,2 пайызы ғана он бір жылдық білімін ұлттық бірыңғай тестілеу арқылы сараптауға тәуекел етсе, биыл бұл деңгей тағы бір сатыға төмендеген. Яғни, облыс бойынша ҰБТ-ға қатысушылардың үлесі 67,6 пайызды құрап тұрғанда, қордайлықтардың көрсеткіші одан бақандай жиырма пайыздан аса құлдырап (46,1%) кеткен. Бұл – облыс аумағындағы ең төменгі нәтиже. Соңғы жылдары бұл ауданда осы замандық үлгіде жабдықталған онға тарта жаңа мектептер салынған, ал мектеп оқушыларының ҰБТ-ға қатысу деңгейі өсудің орнына, құлдырап барады.

Әрине, ҰБТ тапсыру-тапсырмау әркімнің өз еркі, оған міндеттеуге ешкімнің құқы жоқ. Дегенмен, бірен-саран емес, мектеп түлектерінің жартысынан көбінің жыл сайын ҰБТ тапсырудан тайсақтауында не гәп бар? Бұл аудан мектептеріндегі білім беру сапасының әлі қажетті деңгейге көтеріле қоймауының көрсеткіші дейміз бе? Егер, оқушы өз білімін ашық дәлелдеуден қашып, әйтеуір бір аттестат алуды ғана көздейтін болса, мұны басқаша қалай түсіндіруге болады?
Алдымен деректерге зер салайық. Биыл аудандағы 33 орта мектепті бітіретін 1038 түлектің 478-і (46,1%) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Мұның ішінде сырттай білім беретін кешкі мектептегі 158 баладан біреу ғана бар. Жарайды, ол кешкі мектеп-ақ болсын, ал негізгі мектептердегі ахуал қандай? Біз бұл жерде ҰБТ-ға қатысатын бала саны мейлінше аз мектептерді ғана іріктеп айтамыз. Мәселен, бұл көрсеткіш Масаншы ауылындағы №12, №13, №50, Сортөбедегі №48, №17,№16, Бұлар батыр ауылындағы №19, Ауқаттыдағы №9 мектептерде өте төмен. Енді байқасақ, бұл мектептердің барлығы дүнген ұлты шоғырланған аумақта орналасқан екен. «Дүнген балалары әріп танып, есепті білсе болды, басқа білімді керек қылмайды» деген сөз бұрыннан бар еді. Соның шындығы ма, әлде басқа да себептері бар ма? Осыған көз жеткізу мақсатында ҚР Ұлттық тестілеу орталығының Қордай ауданы бойынша филиалының жетекшісі Ербол Тайбековпен бірге аталған мектептерге баруды ұйғардық.
Міне, Масаншы ауылындағы былтыр жыл басында пайдалануға берілген 825 орындық №13 мектеп. Су жаңа екі қабатты ғимараттың кең де, жарық дәліздері мен бөлмелері балаға толы. Сыныптардағы осы замандық оқыту құралдары мен көрнекіліктер көздің жауын алады. Заманауи үлгіде барлық пән кабинеттері жабдықталған. Мұндай мектепте жаман оқудың өзі күнә дерлік. Үстіміздегі оқу жылында барлығы 36 сыныпта 850 оқушы оқыған. Бұдан бөлек 132 бала мектепалды даярлық сыныбында дәріс алыпты. Бұлар бақандай бес сынып болып алдағы оқу жылында бірінші сыныптың есігін ашады деген сөз. Ал мектеп бітіріп отырған 23 баланың екеуі ғана ҰБТ тапсырмақ. Бір ерекшелігі, бұл дүнген ауылындағы жалғыз қазақ мектебі. Мектеп директоры да, мұғалімдері де қазақ. Ал, оқушыларының дені дүнген балалары, қазақ балалары бірен-саран ғана. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқалы отырған екі оқушы – Анар Үрмет пен Жібек Бақытқызы деген оқушылар екен.
– Басқалар неге ҰБТ тапсырмайды? – дейміз мектеп басшыларына.
– Жасыратыны жоқ, дүнгендердің менталитеті өзгеше, ата-аналары балаларын қараусыз алысқа жібере бермейді. Мектептен соң оқуды мүлдем доғартып, өздерінің үй шаруашылығына салатындары өте көп. Ал оқуын жалғастырушыларды іргедегі Тоқпақ пен Бішкектен ұзатпайды. Ондағы институттар мен колледждерде оқу ақысы біздегіден әлдеқайда төмен әрі төмен бағалы аттестатпен де қабылдай береді. Сондықтан, ҰБТ-ға оларды иліктіру қиын, – дейді мектеп директоры Жандос Әкімбаев. – Тіпті, ҰБТ тапсырған күннің өзінде еліміздің оқу орындарына баруы сирек. Мәселен, былтыр мектеп бітірген 17 баланың біреуі ғана тестілеуден өткенімен, оның өзі Бішкектің жоғары оқу орнына барып түсті.
– «Колледж бітірген балаң үш жыл оқып агроном болатын болса, менің балам бау-бақшада, қасымда жүріп-ақ бас агрономның білімін алып шығады әрі табақтай диплом алғандардан анағұрлым дәулетті өмір сүретін болады» дейтін ата-анаға қандай уәж айтарсың. Олар, әсіресе, қыздарын көз алдарынан шығармайды, мектеп бітірген бойда тұрмысқа беріп жататындары көп, – дейді оқу ісінің меңгерушісі Анара Әлиханова.
Ал осы ауылдағы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған төрт қабатты ғимаратта орналасқан №12 мектеп – сабақ бірыңғай орыс тілінде жүргізілетін аудандағы ең үлкен мектептердің бірі. Дайындық сыныптарын қосқанда, биыл мұнда алпыстан аса сыныпта мың жарымдай бала білім алған. Мұғалімдердің өзі 140 адамды құрайды. Осындай үлкен білім ошағын бітіруші 66 баланың (үш сынып) жетеуі ғана ҰБТ-ға дайындалуда.
– Былтыр мектепті 81 бала бітіріп, олардың 10-ы ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен болатын. Солардың ішінен 75 балл алған Бауыржан Ақшабаев қана Абылай хан атындағы халықаралық университетіне оқуға түсті де, қалғандары көрші республикадағы оқу орындарын таңдады, – дейді мектеп директоры Ерхан Ботабасова. – Емтихан тапсырып аттестат алғандарды қосқанда біздің мектептен былтыр барлығы жиырма шақты бала жоғары және орта дәрежелі оқу орындарына түсті. ҰБТ-да жоғары балл алған күнде де алыс қалаларға баратындар сирек. Мәселен, бұрнағы жылы ҰБТ-да жоғары балл жинаған Асия Ярова ТарМУ-дың грантына ілігіп, оқуға шақырту алғанымен, ата-анасы қызын Таразға жібермеді. Ол қазір Бішкектегі қырғыз-славян университетінде ақылы негізде оқып жүр.
Тарих ғылымының кандидаты, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы Малик Машанло болса осындағы №50 мектептің директоры. Ол да аталмыш проблеманың себептерін былайша пайымдайды.
– Ең бастысы, біздің шекаралық аймақта тұратынымыз, – деді ол, – «қол созым» жерде төлемақысы біздің еліміздегіден әлдеқайда арзан оқу орындары тұрғанда ата-аналар балаларын әрі қымбат, әрі алыс Алматы, Таразға жіберіп оқу ақысына бір, жатын жеріне екі шығындануды артық санайды. Тіпті, мына тұрған Қордайдың колледждеріне де жібере бермейді. Ал Тоқпақ пен Бішкекке ертеңмен барып, кешке келіп оқуларына болады. Екіншіден, дүнгендердің әрбір екінші отбасы көп балалы, балаларының бәрін оқытуға қауқарсыз. «Орта білім алып хат таныса, ақша санай алса болды», деп, мектептен кейін отбасын құрып беріп, жұмысқа салып қоятындары содан…
Бұл мектептің де 25 түлегінің біреуі – Чонтей Ахмет қана ҰБТ тапсырып, одан соң Алматының ауыл шаруашылығы институтына түсуді жоспарлап отыр екен. Ал жалпы негізде емтихан тапсыратындардан бір бала Бішкектің, тағы бірі Қытайдың жоғары оқу орындарына, екі қыз Тоқпақтың медучилишесіне құжат тапсырмақшы. Қытай демекші, былтыр осы мектепте емтихан тапсырумен аттестат алған Машанло Щербане еш қиындықсыз Пекиннің транспорт және коммуникация университетіне түсіп оқып жатқан көрінеді.
Сортөбе мектептеріндегі ахуал да, жалпы, осы тақылеттес. Мектеп бітірушілердің бірен-сараны болмаса көпшілігі ҰБТ-ға құлықсыз. Ақша мен уақыттың қадірін білетін ата-аналар балаларын артық шығынданып алысқа жібере бермейді. Көпшілігі орта мектептен соң оқытпайды да. Ал оқу көкейін тескендері болса жәй ғана емтиханмен аттестат иеленіп, Шудың арғы бетіндегі арзан оқуларды жағаласа да көштен қалмайды деген ұғым қалыптасқан.
1600 бала оқитын Лермонтов атындағы мектепті биыл бітіріп жатқан 20 баланың 9-ы ҰБТ тапсырады. Ал өткен жылы мектепті 68 бала бітіріп, олардың да тоғызы тестілеуге қатысқан болатын. Ал бір жыл ішінде мектеп бітірушілер санындағы мұндай үлкен айырма болуы оқушылардың тоғызыншы сыныптан соң-ақ колледждерге көптеп түсе бастауынан деседі. Масаншыдағыдай емес, сортөбеліктерден аудан орталығындағы «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінде, «Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледжінде оқитындар көп. Оның үстіне, бұл ауылда Бетқайнар ауыл шаруашылығы колледжінің елу орындық филиалы да жұмыс істейді. Содан да тоғызыншы сыныптан кейін орта мектепте қалатындар саны күрт азайып отырған көрінеді. Осы ауылдық округтегі орта мектептердің директорлары Гашим Джинлир, Лугмар Айдыров, Гашим Парса, Исхар Дыдыхудың бір ауыздан айтқаны – Сортөбеден бір дербес колледж ашылса деген тілек болды. Агроном, бағбан, зоотехник тәрізді ауыл шаруашылығы мамандықтарына оқытып, дәнекерлеуші, тігінші, шаштараз, аспаз тәрізді кәсіп түрлерінен маман даярлайтын оқу орны өз ауылымызда болса, біраз мәселе шешімін табар еді дейді. Бұлар батыр ауылында былтыр ғана 600 орындық жаңа мектеп ашылды да, ондағы ескі ғимараттар әзірге бос тұр. Солардың негізінде Бетқайнар колледжінің филиалын кеңейте түсуге ұсыныс та айтылып жатыр. Аудан басшылығы, мәслихат депутаттары болып ойласатын, мемлекет тарапынан кірісуді қажет ететін бұл жайлар созбалаңға салуды көтермейтін сыңайлы.
Тақырыпқа қайта оралсақ. Біз жоғарыдағы мектептерде болып ұстаздардан, бірқатар ата-аналардан балалардың ҰБТ-дан тайсақтауының себебі туралы сыр тартып көргенімізде бәрі мәселені дүнгендердің ұлттық менталитетіне апарып тірейтінін байқадық. Яғни, жер емген дихан халық балаларын қаршадайынан өздерімен бірге бақшалыққа апарып еңбекке баулиды. Маңдай терімен өсірілген өнімнен түскен пайданың дәмін алдырып, тиыннан теңге құрайтын сауда-саттыққа үйретеді. Қол еңбегіне бала жастан ден қойып, ыстық-суықта ысылдырады.
– Дүнгендер көбінесе орта мектептен әріге ұмтыла қоймайды, – дейді сапарлас болған аудандық тестілеу орталығының жетекшісі Ербол Тайбеков те. – Он жылдай тестілеу орталығында жұмыс істеп келе жатқан тәжірибемнен көзімнің жеткені, олар үшін басты мектеп – өмірдің өзі, ата-анасының тәрбиесі. Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін, таң азаннан кеш қараңғысына дейін отбасындағы әр адамның бөлініп қойған өзіндік міндеттері бар. Бір бөлігі егістікте, бір бөлігі базарда жүреді дегендей.
Баланың белі қайысып жасынан еңбекке баулынғаны жақсы-ақ дейік. Ал ой еңбегіне бастайтын оқу-білім мәселесінің жайы не болмақ сонда? «Білекті – бірді, білімді мыңды жығар» дегенді қайда қоямыз? Бұл арада дүнгендер өнер-білімге мүлде ұмтылмайды деген де ұғым тумауы тиіс. Олардың да атағы жер жарған ғалымдары, жазушылары, өнер қайраткерлері, тасы өрге домалаған бизнесмендері баршылық. Бүгінгі мектеп бітірушілер арасында да болашағынан үміт күттіретін үздіктері бар. Мәселен, Сортөбедегі Лермонтов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Амина Джинбарова орыс мектебінде қазақ тілін игеруі бойынша алдымен аудандық, сосын облыстық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, биылғы наурыз айында Атырау қаласында өткен республикалық байқаудан да жеңімпаз болып оралды. Осы мектептен жыл сайын Қытайдың Сиян педагогикалық институтына екі ел арасындағы келісім-шарт негізінде грантпен оқуға қабылданушылар да бар екен. Қырғызстанның жоғары оқу орындарына түсушілер жайын жоғарыда айттық. Айтпақшы, Сортөбедегі №48 мектептің түлегі М. Чанчаров бақылау тестілеудің барлығынан жүз балдан жоғары нәтиже көрсетіп, биыл «Алтын белгіден» үміткер көрінеді.
Осындайда еске түседі, көрсеткішті қолдан жақсартпақ болып 2011 жылы білім бөлімін М.Базарова басқарып тұрғанда дүнгендерді де жаппай ҰБТ тапсыруға мәжбүрлеуден аудан бұрын соңды болмаған масқараға ұрынып, облыс бойынша көш соңында қалып қойған болатын.
Қалай болғанда да Қордай ауданындағы дүнген ауылдарындағы мектептерде орта білім алып шығушылардың ҰБТ тапсыруға деген ықыластары өте төмен. Биыл ауданда отыз төрт орта мектептің екеуі ҰБТ-ға жүз пайыз, он төрт мектепте алпыс пайыздан жоғары деңгейде қатысатын болса, отыз пайыздан төмен көрсеткіште қалған он мектептің жетеуі дүнген мектептері болып отыр. Сонымен қатар, аудан орталығындағы №5 Цемзауыт мектебін бітіретін 19 баланың – біреуі, Сарыбұлақ мектебінен 28 баланың сегізі ғана ҰБТ тапсыратын болса, ал Жаңатұрмыс ауылындағы мектепті бітіруші 5 оқушының бірде-бірі тестілеуге қатыспайтынын да айта кетейік.
Бұл үрдіс оларға да дүнгендерден жұғысты бола бастағаны ма?

Құрманбек Әлімжан,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support