- Advertisement -

Жуалыдан атылған жыр-жанартау

318

- Advertisement -

5жерлестері талантты ақын Бауыржан Үсеновті еске алды

Ерте үзілген ерке үміт

«Естіген жоқ адамдар даусымды әлі,
Сенің отты құшағың қаусырғалы.
Поэзия, шығандау бекетіне,
Ақиқат, құстай ұшқан жаушың бары…»
деп қазақ поэзия әлеміне өз даусымен ентелей енген, жыр-жартасына жаңғырық салып кеткен ақын кім десек, көз алдымызға сағымданған әлемнен менмұндалап Мұқанның ұлы Бауыржан Үсеновтің бейнесі сылаң қаға береді.
Адам тағдыры – Жаратқанның жазуы. Жазмыштан озған кім бар? Әсілінде ғұмырдың келте келіп, шорт кесілуі пешене жолағындағы жолдарға ғана тәуелді. Аз ба, көп пе, маңыздысы ол емес. Тек сол өлшеніп берген ғұмырда кімнің ізсізге жол салғаны немесе артынан қандай мұра қалдырғаны ғана қымбат. Өлең кісінің бойына Жаратушының құдіретімен кие болып қонады. Сол қонған киені үркітпей, кемеліне жеткізіп ұсынған ақын бақытты десек, небәрі 31-ақ жыл өмір сүріп, өлеңде өз сүрлеуін сала білген Бауыржан да солай ете білді. Бұл да болса ақжарма ақынның жаңағы біз негіздеп отырған өлшеулі ғұмырында өзіндік орнын айшықтай алғандығының ақиқаты дер едік.

6Өткен ғасырдың 70-80 жылдары поэзия сахнасына бітімі бөлек, болмысы басқа бір жас дарын көтерілген болатын. Ол өзінің асқақ та адуынды, жалынды жырларымен жалпақ жұртты елең еткізген Бауыржан Үсенов еді. Ақын 1960 жылы Қошқарата ауылында дүниеге келген. Оның балаң, пәк сезімге құрылған алғашқы балауса жырлары Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің бетінде жарық көреді. Бауыржан бұл кезде бар болғаны 9-сыныпты енді ғана аяқтаған.

4Мектепті бітіріп, әскер қатарында болып келгеннен соң жас ақын Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, өзі армандаған әдеби ортамен араласа бастайды. Бәлкім, содан шығар, ол аз-ақ мерзімде талантты ақындар қатарына қосылып үлгереді. Сол кездегі астана – Алматыда түрлі әдеби жиындарға қатысып, мерзімдік басылымдармен, мемлекеттік телеарналармен жиі шығармашылық қарым-қатынаста болып тұрады. Кейіннен туған жері Жуалыға оралып, өмірінің соңғы жылдарында өзінің жүрекжарды шумақтарын алғаш жариялаған «Жаңа өмір» газетінде қызмет етеді.
Ал 1991 жылдың отызыншы шілдесінде қазақтың өмірге ғашық, талантты, ақиық ақыны небәрі отыздан енді асқан шағында фәниден бақиға аттанып кете барды. Ақынның өзі:
«Бір өксік алқымыма кеп тұрады,
Шулайды көңілімнің көк құрағы.
Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген,
Бүйрегім түбі мені жеп тынады», –
деп жырлағандай, әу баста бүйрегіне жабысқан дерті ақыры ақжарма ақынды арамыздан алып тынды.

Сағым бейне – сағыныш

Бауыржан Үсеновтің елу бес жылдық мерейтойына орай ақынды еске алу мақсатында ұйымдастырылған жыр-жиынға Жуалы ауданының әкімдігі, аудандық жастар орталығы мұрындық болды. «Туған жерге оралам ақпандатып» деп аталатын әдеби-сазды іс-шараның Жуалы төрінде өтуі де тегін емес.
Жыр-жиынға Бауыржанның көз көрген жақын достары, ізбасар ақын інілері, ауылдастары мен туған туыстары және жырсүйер оқырмандар қатысты. Кешті Үсеновтер әулетінің үлкені Қоңыр Ердалинов ақсақал ашып берді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Үркінбаев: «Біз – ақынын іздеген елміз. Бауыржан – Жуалы топырағынан түлеп ұшқан, бар қазақтың ұлы. Ол өмірден ерте кетсе де артында өлмес жыр-мұрасы қалды. Біздер ақынға қашан да биік құрмет танытуға бейілміз. Бүгінде ақынның өзі туған Қошқарата ауылы мен аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында Бауыржан Үсенов атындағы көшелер, аудандық жас ақындар клубы бар. Сондай-ақ, үш жылдан бері дәстүрлі түрде Бауыржанның ізбасарларын тауып, олардың талабын ұштау ниетінде ақын атындағы аудандық жас ақындар мүшәйрасы өткізіліп келеді», – деп ағынан жарылды. Бұдан кейін сахнаға Алматыдан арнайы келген ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Толымбек Әлімбекұлы шығып, Бауыржанның шығармашылық өміріне тоқталып, тұшымды әңгімелерімен бөлісті. Ол өз сөзінде жерлес ақын інісінің шығармашылығын жоғары бағалайтынын жеткізді. Ал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы Бауыржанмен танысқан, кездескен сәттерін еске ала отырып, оның рухани болмысының бай болғанын, кешегі өткен серілердің соңғы үлгісіндей тұлғасын сөз етті. «Бауыржанның жыр әлеміндегі жұлдызы жарық әрі жоғары тұр. Оның өршіл өлеңдері мәңгі жасай бермек», – дей келе, Маралтай Райымбекұлы өзінің ақын қазасын естіген сәттегі көңіл күйінен туындаған «Қазанама» атты жырының жазылу тарихына шолу жасап, тебіреніп оқып берді. Оның ақын ағасына арнаған өлең жолдарындағы:
«Өмірді қорғап әлі де ақ қанат жырлар жазбас па ең?
Алқымнан алған ажалға қаламмен қабір қазбас па ең?!
Балдағы асыл семсер жыр сермелмей, әттең, сынды ғой,
Құрақтай ғұмыр ғасыл боп, жанарға шықтар тұнды ғой…» –
деген шумақтарының өзі-ақ Бауыржанның қазақ поэзиясындағы дара болмысын аңғартқандай еді.
Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы өткен күндерге ой жүгіртіп, Бауыржан досы туралы көптеген естеліктерімен бөлісті.
– Бүгін бәріміз Бауыржан бауырымызды еске алып, оның шығармаларын жаңғыртқан әдеби іс-шараның куәсі болып отырмыз. Ол Бауыржан десе бауыр жан еді ғой расында. Мен өзімнің бір әңгімеме «ақын досым Бауыржан Үсеновке ескерткіш» деп эпиграф қойып, сол шығармамды досыма арнаған болатынмын. Ол әңгімемде Бауыржанның есімін Бауырмал деп атадым. Өйткені, оның бойындағы бауырмалдық қасиетінің тасып жатқан қайнарына өз басым талай рет куә болғанмын. Өзінен бұрын өзгені ойлайтын, өзінен бұрын басқаны мақтап жүруші еді. Бір жылт еткен талант иесін көрсе соны қолпаштап, шығармасын жарыққа шығарып беруге асығатын. Ол отыз бір-ақ жыл өмір сүрсе де, екі отыз жасаған алпыстағы ақындардың, азаматтардың ісін жасап кетті. Өзінің аз жасында-ақ әдеби ортаны мойындата білді. Жыр қағаны – Жұматайдың айналасына топтасқан талантты ақындардың бірі де бірегейі осы Баукең болды. Бірде Бауыржанмен бірге келе жатып, айтулы ақын Мейірхан Ақдаулетке жолыққанымыз есімде. Сондағы, ағалы-інілі ақындардың бір-біріне деген шексіз ықыластарын көріп, қайран қалдым. Мен онда ақын Бауыржанды емес, бар асыл қасиетті бойына жиған ізгі адамды көрдім», – дей келе, жазушы ақынның шығармашылығы хақында да бірер сөз қозғап өтті. Ол ақынның шағын ғана «Табиғат терезесі» кітабын нағыз табиғат жыршысының маржан-жинағы, шалқар дүниесі екендігін тіліне тиек етті. Сондай-ақ, К.Cәттібайұлы Бауыржан ақынды халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның өзі мойындағанының да куәсі екенін әңгімелеп берді. Сонымен қатар, ақынның көзін көрген «Тоғанай» баспасының директоры Талғат Айтбайұлы, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұстазы Сейсекүл Исматова өз естеліктерін ортаға салды. Сонымен қатар, аудан әкімінің кеңесшісі Бесбай Қансейітұлы өтіп отырған тағылымы мол кеш туралы тоқталып өтсе, ауданның Құрметті азаматы Естемес Аманбеков ақынды тірісінде аудандық газетке жұмысқа орналастыруға ықпал еткенін жеткізді. Сондай-ақ ол Бауыржан өмірден өткен соң марқұмның қайын атасының бір ауыз өтінішін жерге қалдырмай ақынның жары мен қос ұлының пәтерлі болуына қол ұшын бергенін тілге тиек етті.
Осындай орамды ой-естеліктерге тұнған жиында ақынның лирикалық жырлары оқылып, оның өлеңдеріне жазылған әдемі әндері де шырқалып, көпшілікті сағынышты сезімге жетеліп отырды. Соның бірі облыстық филармонияның басшысы, еліміздің жезтаңдай әншісі Сәуле Жанпейісованың орындауындағы Бауыржанның «Шағала арман», «Домбыра туралы» жырларына жазылған әндері еді. Бұдан басқа да әндері жергілікті өнерпаздардың орындауында көпшілікті тебірентсе, «Жапырақ жайлы жыр», «Бүйрек туралы бір өлең» секілді шығармалары да оқушылардың мәнерлеп оқуында көрерменнің жүрек қылын шертті. Әсіресе, Бауыржанның өз оқуындағы таспада сақталған «Қара машина» өлеңі жырсүйер жұрттың ақынға деген сағынышын одан әрі еселей түскендей болды. Ақынның туған інісі Біржан Үсенов қолына гитара алып, бауырының шығармашылығынан әндер орындады.
Соңыра сахнаға ақынның жары Гауһар мен ақынның әпкесі Ботагөз көтеріліп, алыстан ат терлетіп келген қонақтарға, ұйымдастырушы топқа Үсеновтер әулетінің алғысын жеткізді. Сондай-ақ, Гауһар дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан кезекті Бауыржан Үсенов атындағы аудандық жас ақындар мүшәйрасының қорытындысы шыққанын хабарлап, жеңімпаздарды ортаға шақырды. Оларды ақын Маралтай Райымбекұлы марапаттады. Жұртты ұйытқан жыр-жиыннан соң «Құлан тау» мейрамханасында дастархан жайылып, ақын әруағына құран бағышталды.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support