- Advertisement -

Ерлікті ұлықтады

104

- Advertisement -

Соғыс қасірет әкелмеген ауыл жоқ. Әр ауыл оның қияметін сезінді. Сондай ауылдың бірі – Жуалы ауданындағы Қызыларық ауылдық округі. Аталмыш елді мекеннен майдан даласына жүзден астам азамат аттанған екен. Соның 68-і Отанды қорғау жолында жанын пида етсе, 47-сі Жеңіспен елге оралыпты. Соғыс даласында ерекше ерлік көрсеткен «Даңқ» орденінің толық кавалері Тайыр Тастандиевтің де осы ауылдың түлегі екендігін айту ләзім. Бүгінде сол қанды соғысты көзбен көрген майдангерлердің қатары сиреп қалған. Соғыс жылдарында тылда жетпіске жуық қызыларықтық азамат бел жазбай еңбек етіпті. Соғыс тарихына шағын да болса осындай үлес қосқан ауылда Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейтойының құрметіне арналып, соғысқа қатысқандар мен тылда еңбек еткендердің рухын асқақтатып, есімін кейінгі ұрпақ жадында қалдыру мақсатында ескерткіш тақта орнатылды. Бір ерекшелігі, ескерткіш тақтаға қуғын-сүргін жылдарының құрбаны болған сегіз азаматтың да есімі жазылған. Тылда еңбек еткен аналарымыздың ерен ерлігіне алғыс айту да ұмыт қалмапты.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде аудан әкімі Батырбек Құлекеев сөз сөйлеп, жаужүрек бабаларымыздың ерлігі кейінгі ұрпақ жадында мәңгі өшпейтіндігін айтты. Ауыл түлегі, жазушы Мырзахан Ахмет Тайыр Тастандиев туралы жазылған «Шоқ жұлдыз» атты тарихи-танымдық деректі жинағы таныстырылды. Салтанатты шара соңында ауыл ақсақалдары бабалар ерлігіне тағзым етіп, осындай ескерткіш белгінің орнатылуына ұйытқы болған кәсіпкерлік, ғылым басқа да салаларда еңбек етіп жүрген ауыл азаматтарына ақ батасын беріп, алғыстарын айтты. Ескерткіш тақта ауылдағы өскелең ұрпаққа патриоттық рухты сезіндіретін ерекше орын болатындығына қуанды. Осы сынды ескерткіш Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылында да ашылды.

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА, 
«Ақ жол».

Жуалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support