- Advertisement -

Жүз жастағы жауынгер

102

- Advertisement -

22Рахмет, қарақтарым!

Даладағы көк әжептеуір көтеріліп қалыпты. Тал-дарақ біткен жасылға малынып, жасанып алған. Жол жиегіндегі көк шалғын самал желмен баяу тербеледі. Біз мінген көлік те желмен жарысқандай жүйткіп келеді. Тымық ауа тынысыңды аша түскендей. Жазғытұры шақтағы әсем көрініс көңіліңді көтеріп, жан сергітеді екен. Табиғаттың көркем туындысын тамашалап отырып, қала іргесіндегі елді мекенге қалай жеткенімізді байқамай да қалыппыз. Ауылдың кіреберісіндегі дүкенге кіріп жөн сұрап, жүзге келген майдангердің мекен-жайын біліп алдық…

– Мереке қарсаңында аталарыңды іздеп келдіңдер ме? Рахмет, қарақтарым. Жүзге келген менің жұмысым біткен емес, сендердің де қолдарың босай бермейтін шығар. Рұқсат берсеңдер, мен қазір киім ауыстырып шығайын. Мына жұмыс киіммен отырғаным жараспас, – деді қария қолындағы шаппа-шотты шарбаққа іліп жатып.
Жарайды дестік біздер жарыса. Ақсақал көп күттірмеді. Он бір жыл әскер сапында болған кездегі қалыптасқан дағды шығар. Мереке күндерінде ғана иығына ілетін, өңіріне орден-медальдар тағылған көк костьюмін киіп, ортамызға тез оралды. Ақ қырау шалған сақал-мұртын мұқият бастырған. Жүзге келсе де, Несіпбек Таңатарұлы кәріліктің ыңғайына көніп, өңін бермепті.

Хундер – 001

– Ата, биыл жүзінші көктемді қарсы алып отырсыз ба, қалай? Сіздер Ұлы Отан соғысында жауды түре қуып, жеңіске жеткелі де 70 жыл өтіпті. 1915 жылы туылғансыз ғой сонда? – дедік қарияны сөзге тартып. Ондағы ойымыз әңгімені бірден сұм соғыс туралы естеліктен бастамайық дегеніміз еді. Ардагер де сөзді әріден бастауды қолайлы көрген секілді.
– Теріс оқысаң – 001, немісше – хундер, қазақша жүзге келдім, балаларым, – деді сөзін әзілге сүйеп. – Менің жасым Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облысынан үлкен. Мұны қайдан білдіңіз дерсің. Орта Азия тарихын зерттеп жүрген азаматтар солай деп айтты. «Жүзге келген атамыз аулада қандай жұмыс істеп жатыр» дейтін шығарсыңдар? Құдайға шүкір, тірліктен қол үзгем жоқ. Көктемде шаруа баққан ауыл тұрғындары үйде қарап жатушы ма еді. Қызанақтың көшетін егіп ем. Соның күтімі ғой күйттеп жүргенім. Балам: «Бау-бақ өсіріп қайтесіз, керегін сатып аламыз» дейді. Ал менің қарап жатқым келмейді. Желіден үзіп жегендей болмайды ғой, — дейді ақсақал.
Майдангер Несіпбек негізі Талас ауданы Үшарал ауылында туып-өскен екен. Әкесі Таңатар кәмпеске кезінде бай-құлақ атанып, айдалып кетіпті. «Содан кейін әкемді көрмедім», — дейді ол.

Жат елде өткен 11 жыл

Әңгіме соғыс тақырыбына ойысқанда қарияның үні жарықшақтанып кетті. Әскер қатарына 1937 жылы шақыртылып, елге он бір жылдан кейін оралған майдангерге өткен күнді еске түсіру оңайға соқпады. 1940 жылы Фин соғысы аяқталып, енді елге қайтамыз-ау деп жүргенде батыстан суыт хабар жетеді. «Бізді Финляндияда бір жыл ұстады. Сонда әскери оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Талап солай екен деп жүрміз ғой. Сөйтсек, немістер соғыс ашады деген сыбыс бар екен. 1941 жылдың жазында немістер шекараны бұзып кірді деген суық сөзді естідік. Көп ұзамай бізді батысқа жөнелтті», — дейді ақсақал.
Несіпбек Таңатарұлы Беларуссия, Украина майдандарында соғысқан. Аяғынан жарақат алып, госпитальге де түседі. Соғыстан кейін Украинаның Кузбас қаласында әскери қызметте қалдырылады. «Бұл бір өндірістік қала екен. Сода шығаратын зауыт сол жерде орналасқан. Бірақ, соғыстың кесірінен зауыт-фабрикаларының сау тамтығы қалмапты. Біз қалпына келтіру жұмыстарына тартылдық. Содан елге 47 жылы бір-ақ оралдым», — деп еске алады сол шақты.

Аман ердің аты шығады

Туған жердің дәм-тұзы бұйырған шығар, елге аман оралған Несіпбек Таңатарұлы колхозда мал шаруашылығы саласында жұмыс істепті. 1993 жылы Тараз қаласындағы қант зауыты маңына көшіп келген. Байзақ ауданындағы Көктал ауылына көшіп келгеніне көп бола қоймапты.
«Қилы-қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды» деген осы. Соғысқа бір үйдің бес баласы, екінші шаңырақтың алты азаматы кетіп, біреуі де оралмағанын көзіміз көрді. Туған ағам Тұрысбекке де туған жердің топырағы бұйырмады. От пен оқтың өтінде жүргенде тірі қалып, өсіп-өнеміз деп ойлаған жоқ едік. Құдайдың мұнысына шүкір. «Аман ердің аты шығады» дейтін бе еді. Елге келіп, отбасын құрып, ұл-қыз өсірдік. Кемпірім 96 жасқа келгенде қайтыс болды. Менен төрт жас кіші еді», – дейді майдангер күрсініп.
Иә, Жаратқан жалғыздың тілеуін берген екен. Таңатардың ошағының оты сөнбеді. Екі соғысқа қатысып, елге аман оралды. Шаңырақ көтеріп, бес ұл, бір қыз тәрбиелеп-өсірді. 26 немере, 36 шөбере сүйді.
«Болат қайнауда шынығады» деген сөздің жаны бар. Ақсақал жүзге келсе де, әлі тың. Жастайынан еңбекке араласып, әскер сапында шыныққанның арқасы шығар, қимыл-қозғалысы ширақ. Таяқ та таянбайды екен. Ауылдастары ардагердің қыстың күнінде далада суық сумен жуынып жүретінін айтады.
«Кешегі біз көрген бейнетті жастарға Алла көрсетпесін. Соғыс дегеннің өзі – суық сөз. Еске алсам, жаным түршігеді. Жаман нәрсе айтсаң, жаман түс көресің. Ұйқың бұзылады. Сол үшін тек жақсылық тілейік.
Әуелі, Құдай оңдасын,
Әулиелер қолдасын.
Ұлықпандай мың жасап,
Денеңде дерт болмасын.
Жан жүрегің толғансын,
Бүгінгідей көбейсін,
Дос-жараның, жолдасың.
Бақытың тассын!
Әлемге бергенін
Тәңірім қайтіп алмасын.
Әлемге болсын тыныштық
Ал еліміз Қазақстанда
Бар жақсылық орнасын. Аумин!», – деп батасын берді қария қоштасарда.

Тобықтай түйін:

Майдангер аяңдай басып, үйіне қарай беттеп барады. Кәріліктің дегеніне көнбей, кеудесін тік ұстап, қадамын нық басқысы келеді. Несіпбек Таңатарұлының 1937 жылы әскер қатарына шақырылғанын айттық. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанына да жетпіс жыл толды. Ал ақсақал әлі де әскери дағдыны ұмыта алмаған секілді. Қашанда жинақы. Жетпіс жеті жыл бойы саптан шықпағандай.

Көктал ауылы,
Байзақ ауданы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support