- Advertisement -

Перзенттік парыз өтелді

144

- Advertisement -

24 28Республикалық «Дөңгеленген дүние» қоғамдық-саяси газетінің былтырғы жылғы №38 – санында «Өнеге» деген тақырыппен мақала жариялаған болатынбыз. Онда Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты Майтөбе ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысында алдыңғы қатарда соғысып, ерлікпен қаза тапқан жауынгер Наурызбай Тілеулиевтің қаза тапқан жерін ұрпақтары 67 жыл бойы іздеп, сол көп жылғы ізденіс нәтижесін бергенінін тілге тиек еткенбіз. Бұл қуанышты хабарды «өлгені тіріліп, өшкені жанғандай» күйде қабылдаған ұлдары ұлан-асыр ас өткізді. Қуанышқа ортақтасқандардың санында есеп жоқ.
«Енді әкеміздің бейітіне туған жердің топырағын салып, перзенттік парызымызды өтейтін болдық» деген еді ағаларымыз сол кезде ағынан жарылып.
Наурызбай ақсақалдың соңында Қанатбек, Алтынбек атты екі ұл қалған еді. Ұлдары ер жетіп, есейген шағында «әкеміздің жерленген жерін тапсақ, туған жердің бір уыс топырағын салып, перзенттік парызымызды өтесек» деген ниетпен іздеуге кіріседі. Ең бірінші қадамдарын Түркістан әскери округіне барып, «әкемді іздестіріп, бір дерек тауып берсеңіздер» деп өтініш білдіруден бастайды. Алайда, ол жақтан ешқандай хабар бола қоймайды. 1983, 1984, 1989 жылдары Подольскийге хат жазып, хабар ала алмады. «Жди меня» бағдарламасына да қайта-қайта хабарласады, олар да «Мұндай кісі туралы ешқандай мәлімет жоқ» деп қайтарады. Биылғы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Т.Рысқұлов ауданының азаматы Бек Құлы соғыста қаза болған азаматтарды іздестіріп, тауып беруге көмектесіп жүр дегенді естідік. Сөйтіп соған хабарласып, Жамбыл қалалық архивіне бардық. Архивтен қолына түскен бір томның 143-бетінде тұрған әкесінің есімі көзіне оттай басылды. Бір әттегенайы онда «Телевлиев Наврузбай» деп аты да, тегі де қате жазылыпты. Дұрысы – Тілеулиев Наурызбай. Талай жыл бойы таппай жүргенінің себебі осы қателерден екен. Ол кісі 1944 жылы 8 наурызда қаза тауыпты. Жерленген жері Смоленск облысы Рудный ауданы деп көрсетілген. Ол жаққа да хат жөнелтілді. Бірақ ол ауыл бүгінде жоқ болып кетіпті. Смоленск облысынан «Іздеу жұмыстары жүргізіледі. Жақын күндері шақырып қаламыз» деген жауапты алып, қуанды. Көптен күткен шақырту да жетті.
Төрт адам болып «Смоленск қайдасың?» деп жолға шықтық. Алтынбек, Қанатбек, Төлеген Наурызбаевтар және осы жолдардың авторы. Біз ұшақтан түскен кезде аспанды бұлт бүркеп, салқын тартып тұрды. Негізгі мақсатымыз – атаның бейітін көзбен көріп, бір уыс топырақ салу болғандықтан, сол міндетті атқарғанша асықтық. Бізде онда іздеуші топтың командирі Вадим Голубьев пен Алтекеңнің ұлы Ардақтың досы Владимир Юмаев атты орыс азаматтары қарсы алды. Ресейдің аршалы, аққайыңды ормандарын қақ жаратын қара жолымен жүйткіп келеміз. Бір кезде жол шетіндегі «Беларусь республикасы» деген маңдайша алыстан менмұндалап көрінді. Енді екінші республиканың аумағына кіріп бара жатқанымызды сезбей де қалдық. Біршама жер жүрген соң «Бауырластар зиратына» жеттік. Мұнда ең кемі 10 мыңдаған майдангер жауынгерлердің аты-жөні жазылған. Славян халықтарынан кейінгі ең көп кездескен кісі есімдері – қазақтардыкі болды.
Вадим ГОЛУБЬЕВ, іздеуші топтың командирі:
– Смоленск облысының өзінде 62 іздеуші топ бар. Үлкен құрылымдық күш десек болады. Негізгі күш – өткенге құрмет, майдангер аталарының ерлігін үлгі тұтқан патриот жандардан құралған. Осы кезге дейін бернеше жерді шарлап, майдан даласында қалған әскерлердің сүйегін тауып, аты-жөнін анықтап, қайта дұрыстап көмеміз. Туыстарын тауып, шақыртамыз. Бұл істер алдағы уақытта да жалғасатын болады.
– Қазіргі біздің толқыған көңіл, дүрсілдеген жүректің қобалжуын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әкеміздің жерленген жерін тауып, шексіз қуаныштымыз. Әке алдындағы баланың перзенттік міндеті – қабіріне бір уыс топырақ салу болса, соны ойдағыдай атқарып отырмыз. Бауырластар зиратында төрт мыңдай азамат жатыр екен. Бұл тек біз көрген бір орын ғана. Ал мұндай зираттар Ресей, Беларусь жерлерінде тіпті көпке ұқсайды. Бізге жол көрсетіп жүрген жігіттердің адамгершіліктеріне риза болдым. «Әй, осы бір жерлерде жатқан шығар» дей салса қайтер едік?! Іздеп, тауып берді. Аяғымызды жерге тигізбей алып жүр. Осы сапарымда көмек көрсеткендердің барлығына айтар алғысым шексіз, – деді Алтынбек Наурызбаев көңіл толқынысын жасыра алмай.
Туған жерден алып барған көшеттерді отырғызып, сол жерде жатқан мұсылман бауырларға да қол жайып, Құран бағыштадық.
Зират басынан шыққан соң Наурызбай көкеміздің соғысқан, табаны тиген, қаза болған жерін көру үшін орманға бет бұрдық. Бұл кезде қатарымыздағы Василий Петровичте өте құнды дүние бар екенін байқадық. Оның қолында сонау 1941-45 жылдардағы әр санитарлық госпитальдің орналасқан аймағы, қайтыс болған солдаттардың көмілген жерлері түгелдей көрсетілген карта бар екен. Сол бойынша орман ішін біраз араладық. Сазды балшық табанымызға жабысып, жібергісі келмейді. Алтынбек көкем еріксіз: «Мынадай саз жерде, орман ішінде төрт ай тапжылмай жатып атысуды елестетіп көрші», – деп басын шайқады.
Жолсапарда марқұм әкем Садық Орманұлының туған ағасы Әбу атамды да сұрастырып, іздеу салдым. Ресей мен Беларусь мемлекетінің аясындағы белгісіз жауынгерлерге арналған бейіттерден аты-жөнін кездестірсек деген үмітпен 64 зиратты шарладық. Кейін қайтар тұста Вадим мен Владимирге өтініш – аманат айтқан тұста олар:
– Егер бұл жақтан есімі табылмаса, Ресей мен Беларусь аумағында болмаса, демек, оны Еуропадан іздеуіміз қажет. Мүмкіндігі болғанша біз әріптестерімізбен байланысып, табуға тырысамыз, – деп уәде етті.
Мұнан кейін де жол бойында кездескен мектепке тоқтап, ондағы Жеңіс күні қарсаңында жасалып жатқан іс-шаралармен таныстық, кездескен зираттарға тоқтап, аралап көріп, жауынгер есімдерін білдік. Елден шыққандағы алға қойған темірқазық мақсатымыз не еді? Ол, әрине, өткенді ұлықтау арқылы болашаққа жол сілтеу. Әкенің есімін жаңғыртып, перзенттерге өнеге көрсету. Негізгі мақсатымыз орындалды деуге болады. Топырақты салдық, көшетті ектік, көзімізбен көрдік, көп жайды көңілге түйдік. Қорыта келе айтарымыз, арада қанша жыл өтсе де, ерліктер ешқашан ұмытылмақ емес!

Сапарымыздың барысында бізді Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ербол Бөлегенұлы Бөлегенов арнайы қабылдады. Елдің жағдайын сұрасып, емен-жарқын пікірлестік.

P.S.
Сапарымыздың барысында бізді Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ербол Бөлегенұлы Бөлегенов арнайы қабылдады. Елдің жағдайын сұрасып, емен-жарқын пікірлестік.

Талғат ОРМАНОВ,
журналист.

Тараз — Шымкент — Мәскеу – Беларусь – Мәскеу — Шымкент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support