- Advertisement -

Мәлім де беймәлім Бәтейұлы (Шорабек Айдаров)

256

- Advertisement -

(Эссе)

181. ШАШТАРАЗ КЕРЕК, ШАШТАРАЗ

Тәні топыраққа айналып, жаны бақидың бағынан орын алған (жамағайынына қылдай қиянат жасамаған қария туралы осылай деу дұрыс шығар) Айдар атамның Шорабектей немересіне өкпесі жоқ шығар дейім де. Өзінің өрен-жарандарынан тараған Шорабек атты бір ұрпағы Айдар атын, әнеки, күллі қазаққа әйгілі етті де жіберді. «Күллі» деп әрісі Еуропа, Түркия, Ресей, Қытай, Мұңғылия, берісі өзіміздің өзбек, қырғыздардың арасындағы айтыс десе ішкен асын жерге қойып, «апырайлап» отыратын ағайындарды айтам ғой баяғы.
Бірақ, «басқаша» ойлайтындар аспанға қарап жатып «Бәтей атамның не жазығы бар сонда?» деп сұрағысы келіп тұрады екен де. Бәкең – Шорабекті туғызған, баққан-қаққан, яғни адам еткен кісі. Бірақ, сенген Шорабегі бүгінде «Айтыста ақпа, жазбада жорға Айдаров!» атанып айғайлатып жүр. Ал сол Бәкеңнің, яғни Бәтейдің де ақын болғанын, ортаншы ұлының «Шоқ тілді Шорабек» атанып жүруіне қанымен де жанымен де тікелей қатысы барын былайғы жұрт біле ме екен осы?!. Мұны бір ауылда туып, бір ауылда оқып, шіліңгір шілдеде шөп жинайтын мәшиненің көлеңкесінде бір кәністір айран мен бір таба нанды бөліп жеген біз сияқты ізбасарлары білмесе, әрине, ешкім біле бермейді. Ал былайғы жұрт айтыскер ақын Шорабек десе оның «Е-е-е-ей, ағайын!» деген айғайын немесе «Сен де ақ маңдай, мен де ақ маңдай» деп басталатын құйтырқы шумағынан арыға біліктері жетпейді. Біздің бүгін «Мәлім де беймәлім Бәтейұлы» деп сөз бастап отырғанымыздың себебі де сондықтан деп білгін құрметті оқырман.
Сөзім дәлелді болу үшін Бәтей атамның мысқыл өлеңінің біреуін ғана оқып берейін. Атам оны кезінде Төскебай деген құрдасына арнап шығарған екен. Төскебай, сірә, біздің елге күйеу болған.
19 20Төскебай, ақылың бар, бас адамсың,
Күнделікті табысқа мастанасың.
Алдап жеп әркімдерден бес-он тиын,
Ақыретке барғанда — масқарасың!
Қарындас сіздің үйде жібек баулы,
Ер жігіт күн көреді дені саулы.
Мұсылман ақыретті ойлау керек,
Ақырет — мұсылманның үлкен аулы!
Мінекиіңіз, кеңес өкіметінің қып-қызыл саясаты «күйіп», атеизм деген мәселе күн тәртібінен түспей «ақырып» тұрған кездің өзінде Бәтей атамыз басын бәйгеге тігіп, бастық адамға осылай деген ғой. Әрине, атамның бұдан басқа да «шығармашылықтарын» жілік-жілік қып талдауға болар еді-ақ, бірақ бүгінге осы да жетіп қалар. Бәтей ата тілінің «қотыры» ұлдарының ішінен Шорабекке «жұқты». Өйткені, біздің Шөкең ақындық өнердегі алғашқы дүниесін сын, сықақтан бастаған. Мұны да мысалмен айтайын. Бір күні ауылымыз күлкіге қарық болды да қалды. Ауылдың жар дегендегі жалғыз пошташысы Махамбет көкем әкелген газеттердің ішінде «Правдадан» бастап, аудандық «Ленин жолы» газетіне дейін шашылып жатады. «Правданың» бірінші бетіндегі Л. И. Брежневтің сөздеріне тісі батпайтындар аудандық газетке қол созады. Сол қол созған кісінің қысық көзі бір күні аудандық газеттің соңғы бетіндегі «Шаштараз керек, шаштараз» деген өлеңге түсе кетеді де, желкесін жапқан «жүнін» тыр-тыр қасып отырып бір демде оқып шығады. Авторы кім екен деп қараса «Шорабек Айдаров» деп айғайлап тұр.
Шорабектің сықақ өлеңін сол күні Амангелді ауылындағы сауаты бар адам түгел оқып шықты. Сауаты жоқтар хат танитын балаларына оқытып алды. Амангелді ауылының орталығы – А. Жданов атындағы кеңшардың адамдары да оқыпты. Олардың ішінде, әлбетте, совхоз директорынан бастап, партком, рабашком, профсоюз, комсомол басшылары да оқыған. Бірақ, олар жұрт сияқты күлмеген, күлімсіремеген де, дегенмен жүздері біртүрлі боп күреңітіп кеткен. Күреңітіп кеткенде жиналыс жасап, Шөкеңді «қара тізімдеріне» жазып қойған. «Газетке жазбай-ақ, өзімізге де айтса болатын еді ғой» деп күңкілдескен. «Бұл Амангелдінің балаларынан шықпайтын бәленің бәрі шығады» деп пыш-пыштасып та алған.
Ұмытпасам сол сықақ өлеңнің кейбір тұстары мынандай еді.
Біздің ауыл жастарын,
Қарасаңыз бастарын,
Шаштары арқасына түсіп жүр.
Сақалы қолқасына түсіп жүр.
Онысы желпілдеп,
Желмен бірге ұшып жүр.
Одан қыздар үркіп,
Секіре қашып ыршып жүр.
………………………………………..
………………………………………..
………………………………………..
Айналайын шаштараз,
Сіздерге мұнда қастар аз.
Сөзімізге сене гөр,
Ауылымызға келе гөр,
Шашты жөндеп бере гөр!
Шаштараз егер келмесе,
Тоқтамаймыз қой-қойға,
Басамыз кеп ойбайға.
«Шаштараз керек, шаштараз»
Деп айқайлап жар саламыз.
Шаштараз келсе егер де,
Жалбаң шаш пен қауға сақалды
Сыйға тартып қарсы аламыз.
Содан не керек, совхоз басшылары «бақ» десе де, «шақ» десе де Шөкеңе ештеңе істей алмады. Есесіне Амангелді ауылынан 7 шақырым жердегі совхоз орталығынан «шаштараз» ашылып, жұрттар шаштарын жаңа модымен қидыра бастады. Бұл сонау өткен ғасырдағы жетпісінші жылдардың басы ма, орта шені ме, әйтеуір бір тұсы еді.

2. «СЕН БОЛЫП БӘРІКЕТКЕН БЕ?»

Шөкеңнің қай деңгейдегі ақын екенін жанкүйер жұрты жақсы біледі ғой, ал адам ретінде өзінің иі жұмсақ негізі. Аудандық газеттегі сықақ өлеңнен кейін Шөкеңе ауыл адамдарының да, совхоз басшыларының да көзқарасы түзелген, құрметі өзгерген. Бірақ, Шөкең «Шаштараздан» кейін сын, сықақ деген жанрды «сен көр, мен көр» қойды да кетті. Бірақ, жұрт ішінде «тынжысы» бар жігіттен бір жаңалық күтеді. Ол да көп күттірмеді. Бір күні кешкілік аудандық газетті қолына алып отырған бір коммунист көкемнің көзі «Сен болып бәрі кеткен бе?» деген жырға түсе кетті де, «Бұл не туралы өлең болды екен?» деп оқи бастады. Алдымен авторына бір қарап алатын әдетімен өлеңнің астына қарап еді, Шорабектің аты-жөні тұр баттыйып. Бұл көкемнің ынтызарын одан бетер үдетті. Сонымен коммунист көкем газетке «+3,5» деген шынысы қалың көзілдірігімен шұқшиып отырып:
Жас жүрек тынбай тулайды,
Көңілде мақсат бар ізгі.
Жапырақ сен боп шулайды,
Шақырған өзің тәрізді.
Ақ қайың тыныш тұрмайды,
Бейнеңді сенің салды анық.
Өзің боп қолын бұлғайды,
Құшақты жаям алданып.
Бұлқынып жүрек жұлқынды,
Келген бір сәтте құлаққа ән.
Өзіңнің әсем күлкіңді,
Естідім ерке бұлақтан.
Елеске мәз боп мен кеттім,
Ғашық боп гүлзар көктемге.
Жаным-ау, дүние жер-көктің,
Сен болып бәрі кеткен бе? –
деген жырды оқып шықты. Батырлар мен ақындар көп шыққан ауылда туған ақынжанды адамдардың бірі ғой, коммунист көкем де ән мен жырдан хабары бар адам еді, Шорабек інісінің өлеңіне кәдімгідей іші жылып, сүйсініп қалды. Күн қақтаған жүзінде «Е, міне, осы бағытың дұрыс. Әйтпесе, қайдағы бір шаш туралы жазып, бастықтардың алдында коммунист ағаңды ыңғайсыз жағдайда қалдырып ең» дегенге келетін де бір ырзашылық бар. Әсіресе, соңғы шумағы, Абай атасы айтпақшы, «жүрекке жылы, тілге жеңіл» тиеді екен де жүдә.
Көкемізден кейін аудандық газеттегі өлеңді таласа-тармаса бәрі оқыды. Бәрі риза болды. Бәрінің пікірі де «Бәтейдің баласы Шорабек шын ақын екен» деген түйінге тірелді. Біз болсақ өзімізден 3-4 жас үлкен ағамызға қызығамыз. Біздің де ақын болғымыз келеді, біздің де шатып-бұтып бірдеңе жазғымыз бар, бірақ аудандық газеттегілер (аудандық «Ленин жолы» газеті ол кезде біз үшін «Қазақ әдебиеті» газетінің рөлін атқаратын) біздікін шығармайды да, Шөкең не жазса да жарқ еткізеді.
Ал Шөкеңнің бойымен бірге өлеңінің дәреже-дәргейі де жыл өткен сайын өсе берді, өсе берді.

3. АРҚАЛЫ АҚЫН ҒАНА ЕМЕС, АЙТУЛЫ АДАМ

Шөкеңмен бір ауылда өстік дедім ғой. Бір ауылда өскен соң бірге ойнайсың, бірге жұмыс істейсің. Содан бір-екі эпизод ойымда қалыпты. Біздің ауылдың балалары жазу, сызумен бірге спортқа да өте бейім еді. Футбол, волейбол ойнау жаздың ұзақ кешіндегі ең қызықты сәттердің бірі болатын. Көрші ауылдардан да бізбен «кездесуге» командалар көп келетін. Ал «төбелес» деген сөзге мысал келтіре айтқысы келетін мырзалар болса, онысын Амангелді ауылының «сарбаздарына» жалтақтай қарап тұрып, сыбырласатын. Қысқасы, ол да өз алдына бір хикая.
Сонымен бірде Шорабек бастаған жоғары кластың балалары волейбол ойнап жатқан. Мен қалада оқитын Қаракөл деген баланың қасында гитара тартуды үйреніп отырғанмын. Шорабектің інісі Асқарбек – алқын-жұлқын тентектің бірі. Сол өзі волейбол ойнамаса да ойыншыларға кедергі жасап, үлкендердің мазасын ала берді. Бір уақытта Жетпіс деген жігіт, Асқарбектің «еркелігіне» әбден тойып кетті-ау деймін, біздің әлгі арсы-күрсі досымызды жағасынан алды да, батпандай қолымен бетінен тартты да жіберді. Ауылда Жетпістің күшіне қатарластарының ешқайсы қарсы тұра алмайтын. Тайсон сияқты мығым, өгізді де ұрып құлататын соққысы бар дәудің нағыз өзі. Асқарбек те бойшаң еді, әлгі соққыға шыдады. Жағы оттан суырып алған темірдей қып-қызыл боп жанып тұр. Бірақ тістеніп, дыбыс шығармады. «Ойбайын» сап үйіне қарай да тұра қашпады.
Менің көзім Асқарбектің қып-қызыл боп тұрған жағынан кейін Шорабекке ауды. Шорабек — Асқарбектің туған ағасы. Аралары 2-3-ақ жас. Тете. Ойым: «Қазір, Шорабек те дүлей күштің иесі ғой, Жетпіске тап беріп, тарс-тұрс төбелес басталатын шығар» деп тұр. Бірақ, ойпырмай десейші, Шорабек ішіндегі қазандағы сорпадай қайнаған ашудың бір тамшысын да сыртына шығармады. «Ұрса, өз ағасы» дегендей, яғни, түк болмағандай ойынын ары қарай беймарал жалғастыра берді. Бір жағынан кластасы, екінші жағынан ағайыны, үшінші жағынан құрдасы Жетпіске «Оның не, баламен бала боп?» демек тұрмақ, мойнын бұрған да жоқ. Қайта Шорабектің осы ұстамдылығынан Жетпістің өзі ыңғайсызданып, қызарақтап қалғандай көрінді маған.
Ақындығына таңғалып жүргенімде, Шорабек адамдығына да қатты таңғалдырып еді сол жолы. Совхоздың шөбін жинауға шығып жүргенде айырымен бір шөмеле шөпті бір-ақ көтеріп, трактордың тіркемесінің үстіне солқ еткізіп тастай салатын (Өз көзіммен көргем!) алапат күш иесі Шөкеңнің сабырлылығына бұдан кейін де талай рет куә болдым.

4. «БАУЫРЛАР-АУ, БҰЛ ҚАЛАЙ?»

Шөкең жайлы көрген, білгендерімнің бәрін тізе берсем, сөздің қадірі кетеді. Ұлы ұстаздарымның бірі «Әңгіме жазған кезде көрген-білгендеріңнің бәрін тере берсең — құлайсың» дегені тағы бар.
Сонымен, Шөкеңе еліктеп, солықтап жүріп, мен де мектепті бітірдім, мен де әскерге барып келдім. Әскерден келсем аудандық «Ленин жолы» газетіндегі қызметім бос тұр екен, бір-екі апта өткенде жұмысқа алындым. Әңгіме, өлең болмаса да мақалаларды қарша боратып жатқан кезім.
Бір күні редакцияға Шорабек келді. Жаз айы еді, жайлауда совхоздың малын бағады екен. Құр келмепті. Өлең алып кепті. Бұрын Шөкеңнің өлеңін газеттен жұрт қатарлы оқушы ем, енді маған әкеп отыр. Жаңа жазылған жырының редакциядағы тұңғыш оқырманы да менмін.
– Бұл тың тақырып, – дейді Шөкең. – Әй, бірақ жариялай алар ма екенсіңдер?
–Әкеліңізші, оқып көрейін.
Берді. Оқушылардың торкөз дәптеріне маржандай әріптермен жазылыпты. Шөкеңнің қолтаңбасы өте әдемі негізі. Оқи бастадым. Өлең өзінен-өзі оқылып жатқандай ма қалай, сөздерінде бір жеңілдік бар, бір ғажайып үйлесім бар. Нағыз ақынға ғана тән сөз саптау ма әлде. Өлеңінің тақырыбын «Бауырлар-ау, бұл қалай?» деп атапты.

Бауырлар-ау, бұл қалай?

Бұлақсыз көл суалады,
Баласыз ел суалады.
(Халық даналығы)

Балаларын бабалар көпсінбеген,
Бір-біріне серік боп өссін деген.
Қырық түрін қарғыстың білген қазақ:
«Тұяқсыз қал!» — деп бірақ тепсінбеген.
Қызық қуып, қыр кезген ата-бабам,
Қуанышқа қашан да қаталаған.
Өгей ұлды өксітпей өсіргенді:
«Қубассың!» — деп ешқашан атамаған.
Құдайынан қызығын көп тілесіп,
Тербелсе деп тоқталмай текті бесік.
Жатпай-тұрмай жас иіс аңсай берген
Басқалары «боқ сасып» кетті десіп.
Бақыт табу баласыз, сірә, жалған!
Болған бедеу-бейбақта бір-ақ арман:
Жатпай-тұрмай жалынып, жалбарынып,
Жаратқаннан жалғыз ұл сұрап алған.
Бар кезінде бармын деп тасымаған,
Жоқ кезінде жоқпын деп жасымаған.
Қазығында қарасы болмаса да,
Қазақ атам он жанды асыраған.
Балалы үйден дегендей бақ қаша ма?
Арыстай ұл туыпты ақ бас ана.
Отбасынан он бала өрбітіпті,
«Ардақты Ана» орденін тақпаса да.
…Бала, бала. Кім оны жек көреді?
Бал қызықтың белгілі көп керегі.
Бүгіндері бірақ та кейбір кербез
Бір ұл және бір қызбен шектеледі.
Еркінсудің жеттік пе ең шегіне,
Бала тәннің артық бір бөлшегі ме?
Бір ұл, бір қыз қалалық бауырлардың,
Бара жатыр айналып өлшеміне.
Бара жатыр бұл күні сезім жүдеп,
Бәзбіреулер баладан безінді кеп.
Сары қарын, салпы етек болмау үшін,
Құрсағының қояды көзін бітеп.
Ұрпақ болар ұрықты бойға қамап,
Өмір жайлы өксірміз ойлап ағат.
Кейбіреудің көңілі балада емес,
Аңдитыны алтын мен той-томалақ.
Байлық шіркін болады кімге пана?
Бақыт па екен үлде мен бүлде ғана?
«Аборт» атты ажалдың арқасында,
Азайып та қалыпты-ау шілдехана.
Болмас дей ме бетіме, сірә, салық,
Сылаң қағып сылқым жүр рас, анық.
Жарық дүние аңсаған жан иесін,
Бір көрден ап, бір көрге тыға салып.
Таба қалса тобырдан толық қоштау,
Бір сұмдыққа болады-ау, анық бастау.
Тас бауырлық емес пе, тіршілікті
Тәнге біткен түйіндей алып тастау.
Жазығы не, бәрібір жазалайды,
Қайран болам жоқтаусыз қаза жайлы.
Бар жоғын да дүниеден білмей кеткен,
Күнәсіздер көңілімді мазалайды.
Белшемізден ырысқа кенелдік те,
Болашақты жамсата жөнелдік пе?
Бауырлар-ау, бұнымыз біз көргенді,
Балаларым көрмесін дегендік пе?
Бұзып-жарып болмысты болмай халық,
Бұрыс кеткен бұзықты қолдай ма анық?
Екі сынып қашанғы бірігеді,
Бала саны мектепте толмай қалып.
«Өмір сүргің келе ме, өлі ту» — деп
Жүргендерден болады не күтуге?
Қазықбастар қоғамның мүшелерін
Дүниеге келтірмей кемітуде.
Жарық дүние аңсаған жас баласын,
Жоқ қылады, сұмдық-ай, масқара шын.
Жарларыңды, жігіттер, абайлаңдар,
Ұлы адамды алдыртып тастамасын!
Жақтырмасаң жырымды кектесе бер,
Жан емеспін, әйтеуір жоққа сенер.
Осы індетті жоятын туар біреу,
Оның өзі аборт боп кетпесе егер.
Өлеңді оқып біттім. Айтары бар ақынның айқайы. Және қандай айқай десеңші! «Жазығы не, бәрібір жазалайды, Қайран болам жоқтаусыз қаза жайлы. Бар жоғын да дүниеден білмей кеткен, Күнәсіздер көңілімді мазалайды» деген шумақ пен «Бұзып-жарып болмысты болмай халық, Бұрыс кеткен бұзықты қолдай ма анық? Екі сынып қашанғы бірігеді, Бала саны мектепте толмай қалып» деген жолдар тұла бойымды тоқ ұрғандай шымырлатып, көңілімді уылжытып жіберді. Алматыда тұратын атақты ақындардың өздері де айта қоймаған сөзді ауылда қой бағып жүріп айтқан Шөкеңнің алғырлығына да тәнті боламын. Бірақ, менен бұрын өлең жазып, менен бұрын газетке жарияланып, ауыл мен ауданға менен бұрын белгілі болған ақын ағама не деймін?!. «Әй, жариялауға болмайтын өлеңдердің тізіміне кіріп кететін тақырып-ау» деп ондай жағы бар екенін де өзі айтып отыр. Сосын қайдан шықса одан шықсын дедім де:
-Мұқағали ағаның өлеңі сияқты екен, бір рахаттанып қалдым, керемет! — дедім.
Өкінішке қарай, ол кезде мен бар болғаны ауыл шаруашылығы бөлімінің әдеби қызметкерімін. Ал әңгіме, өлең дегендерді газеттің Мәдениет бөлімі қарап береді. Қибыжықтап айта алмай отырғаным, сонау жайлауда қой бағып жүрсе де жалпы елдік ойды айтып келген Шөкеңнің өлеңін сол жолы жариялай алмадық. Тіпті, ол өлең мұндаға дейін де жарияланбады. Ал енді сол өлеңді бүгін, арада 30 жылдан астам уақыт өткенде қайта оқып отырсам, о, тоба, өзектілігі әлі күнге дейін жойылмаған екен. Қайта актуальдылығы арта түскен бе деп қалдым. Еліміз тәуелсіздік алып, халық санын қайтсек көбейтеміз деп жатқан тұста, тіпті, газет беттерінен түсірмейтін тақырыпты қозғапты ғой арда ақын осыдан отыз жыл бұрын. Кеңестік саясаттың «отбасын жоспарлау», ауыл әйелдерінің денсаулығына жаны ашығансып «көп бала туа бермеу» жөніндегі дәрігер-ғалым-саясаткерлердің ауыздарымен айтылатын үгіт-насихатқа «аборт» деген аждаһа қосылып жатқан заман еді-ау ол кез. Бірақ «кемелденген социализмнің» жаршысына айналған газеттер мен журналдар «Бауырлар-ау, бұл қалай?» деген мәселелі өлеңді жариялауға келгенде кежегелері кері тарта беретін немесе әлденеден жүрексінетін.
Міне, мен білетін Шөкең сахнадағы айтыс ақыны ғана емес, бүгінде елдік ес пен еңсені, мемлекеттік мүдде мен мақсатты дөп баса білетін келелі ақындардың санатында жүретін маңғаздардың бірі болатын еді. Бірақ, біз сияқтылар жазғандарын жарияламаған соң болу керек, айтысқа қарай ойысып кетті. Сөйтті де айтарын айтыста айтты: бетің бар, жүзің бар демей. Әйтпесе, Шөкеңнің «Лотерея билеті» деген балладасы қандай ғажап еді?!. Ақын Тұманбай ағасына арнаған жыры ше?!.
«Бәрін айт та бірін айт, коллективтің жырын айт» демекші, біздің Амангелдіден (қазіргі Тамабек ауылы) шыққан ақын азаматтардың бірі Шорабек Бәтейұлы Айдаровтың сіздер біле бермейтін бір сыры осы, ағайын.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support