- Advertisement -

Жеңісті Берлинде қарсы алған

95

- Advertisement -

Адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстың өткеніне 70 жыл толды. Сол сұрапыл соғысты бастан өткерген майдангерлерге қандай құрмет жасасақ та жарасады. Олар қиын-қыстау күндері қолына қару алып, Отанын қорғап, ел мен жерді сүюдің асқан үлгісін көрсетті.  Бұл – кейінгі ұрпақ үшін ұмытылмас сабақ.

Отан қорғауға жанын шүберекке түйіп аттанған ерлердің қатарында нағашы атам Төлеуқұл Байдалиев те болды. Соғыс басталған мезетте ол кісі әскер қатарында екен. Әскери қолбасшы, генерал-полковник Чайковтың 8 гвардиялық әскерінің құрамында ұрысқа кіреді. Мәскеуге дейін ентелеп жеткен жау әскеріне қарсы тұрып, Сталинград майданында қиян-кескі ұрыстарды бастан кешеді. Варшава, Прага қалаларын басқыншылардан азат етісіп, жеңісті Берлинде қарсы алады. Төрт жыл бойы қолынан қаруын тастамай жаумен аянбай айқасқан атам майдандағы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені мен «Берлинді алғаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Ерлігі үшін» жауынгерлік медальдарымен марапатталған. Неміс-фашистерді ұясында талқандаған кеңес әскерлері үшін енді олардың одақтасы Жапонияда соғыс күтіп тұр еді. Аз ғана уақытқа созылған бұл соғысқа да қатысқан атам 1947 жылы туған ауылы Шолаққайыңдыға аман-сау оралады. Майданнан оралған атам колхоздың сан-салалы тірлігіне бел шеше араласып, құрылыс саласында еңбек етеді. Аудандағы ірі шаруашылықтың бірі Жамбыл атындағы ұжымшарда ұзақ жыл №3 комплексті өндіріс бригадасының бригадир қызметін атқарды.
Майданда да, бейбіт өмірде де абыроймен өмір сүрген атамыз әжем Панурамен ұзақ жыл отасып, бақытты ғұмыр кешті. Он ұл-қызды өмір көшіне қосты. Бүгінде осы ұрпағынан тараған немере, шөберелері бір қауым ел болды. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесінде Отан үшін от кешкен майдангер атамыздың рухына бас иіп, осынау бейбіт өмірді сыйлаған барша майдангерлерге алғысымыз шексіз.

Бану Пірназарова,
майдангердің ұрпағы, мектеп оқушысы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support