- Advertisement -

Табиғатпен үйлесімді өмір сүру әрбір адамның міндетіне айналуы тиіс

864

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті.

Кездесу кезінде кандидат сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды.
«Атмосфераның, топырақтың, әлем мұхиттарының ұзақ уақыттан бері әрі үздіксіз ластануына қарап, экологиялық ахуал әлемдегі нөмір бірінші проблема деуге болады», – деп ескерді Ә.Құсайынов.
36Кандидат мәлімдегендей, көлік құралдары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар оттегін көп мөлшерде пайдаланып, адамдар оны қалпына келтіруге асығар емес, тіпті қалдықтарды тазартуға күш салып отырған жоқ.
Жыл сайын атмосфераға 1250 миллион тонна көміртек қышқылы, 170 миллион тоннаға дейін күкіртті ангидрид, 20 миллион тонна азот тотығы, сонымен қатар күкіртті сутек, күкіртті көміртек және басқа да химиялық зиянды заттар тасталады.
Тұрғын үйлер мен тұрмыстық кәсіпорындар тұрмыстық және өзге де қоқыстар шығарады. Табиғи ортада қағаз кемінде 10 жылда іріп-шіриді, консервілі ыдыстар – 90 жылда, темекі тұқылы – 100 жылда, полиэтилен пакеттер – 200 жылда, пластмасса – 500 жылда, шыны – 1000 жылда.
Жылу энергетикасы атмосфераға зиянды заттар шығарып, ол соңынан топыраққа қонады. Ауыл және орман шаруашылығында пайдаланылатын улы химикаттар топырақ пен қоршаған ортаны қоса улайды.
Көлік құралдарының қозғалтқыштары жұмыс істеп тұрғанда да зиянды заттар бөлініп, топыраққа қонады да өсімдіктерге сіңеді.
Мұның бәрі топырақтың құнарын жойып, қайта қалпына келуіне кедергі жасайды.
Ал мұнай өнімдері, нитраттар, фосфаттар, гербицидтер мен тұрмыстық қоқыс әлем мұхиттарын ластап жатыр.
2000 жылдан бері Әлем мұхиттарының қышқылдық деңгейі 10 есеге артып, маржан рифтерінің 19 пайызы жер бетінен жойылып кетті.
Жыл сайын Тынық мұхитына 9 миллион тонна қалдық құйылады, Атлант мұхитына – 30 миллион.
Адамзаттың табиғатқа қарсы қатыгез тұрмыс-тіршілігі жер шарының экожүйесіне үлкен қауіп төндіруде. Мұндай қарым-қатынасты өзгертетін кез жетті.
«Адам биосфераны жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдалана бастады.
Алайда, қоршаған ортаны қаншалықты өзгертуге тырысқанымызбен, жер бетіндегі тіршілік табиғаттың қатаң заңына бағынып дамиды. Сондықтан адамзат өркениеті тұрақты даму үшін осы заңдар мен қағидалардан ауытқымауымыз керек.
Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – адамның жер бетіндегі өмір салтының негізгі қағидасы», – деп атап өтті Әбілғазы Құсайынов.
Дегенмен, Құсайыновтың пікірінше, жоғарыда айтылған фактілерге, әсіресе адам мен табиғат арасындағы байланысқа қарап, адамдар табиғат аясын, оның ішінде өзі өмір сүріп жатқан қоршаған ортаны құртып жатыр деген ой түюге болады.
Сондықтан біз бүгінде экологияны өз үйіміз жайлы ғылым ретінде түсініп, сезінуіміз қажет.
Қоғамдық тәртіптің табиғаттың даму заңдылықтарына қайшы келмейтіндей жаңа үлгісін қалыптастыру керек. Экологиялық білім мен тәрбие қоғамның жүйелік негізіне айналуы тиіс.
«Біз экология туралы білімді, қауіпсіз әрі экологиялық таза ортада өмір сүру қағидаларын, табиғат пен адамзатты қоршаған айнала туралы білімді қоғам санасына сіңіре білуіміз керек. Экология мен табиғатты қорғау жұмыстарында азаматтық белсенділікті дамыту маңызды. Әр адам сау табиғат пен қолайлы қоршаған орта ғана адамзат өмірі мен болашағының кепілі бола алатынын сезінуі қажет», – деді кандидаттың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Р.Жоламан.
Оның айтуынша, экологиялық түйткілдерді сезіне отырып, экономиканы экологиялық тиімді жағдайда дамыту маңызды.
«Қауіпті өндіріспен айналысатын барлық ұйымдар өз жұмысшыларының, нысандары мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне жауапты. Қандай әлеуметтік қайшылықтар туындамасын, табиғатпен үйлесімді өмір сүру әрбір адамның басты міндетіне айналуы тиіс», – деді Әбілғазы Құсайынов.
* * *
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті.
Кездесу барысында кандидат өз сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, оның негізгі бағыты – экология және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесі жайында баяндап берді.
«Соңғы жүзжылдықта өнеркәсіптік өндірістің өсуімен табиғи орта ластанып, шикізат қорының тапшылығы сынды мәселелер туындауда. Қазір адам өзіне таныс әрі қолжетімді барлық ресурстарды игеріп үйреніп алды. ХХ ғасырда игерілген пайдалы қазбалардың көлемі бұдан бұрынғы жалпы өркениет тарихындағы өндіріс көлемінен асып түседі», – деді Ә.Құсайынов.
Бұдан әрі ҚР Президенттігіне кандидат адамзаттың жағымсыз қызметінің салдарын мысалға келтірді. Мәселен, халық санымен салыстырғанда, энергия тұтыну – 3 есеге, минералдық ресурстарды игеру 2 есеге артып отыр. Тау-кен өнеркәсібі жыл сайын адам басына шаққанда 40 тоннадан аса өнім өндіреді. Көмір өндіру кезінде жыл сайын 1 миллиард шаршы метрге жуық қажетсіз тау жыныстары қопарылады. 50 жылда ғаламшардағы өсімдіктер мен жануарлар түрлері үш есеге кеміген. Еуропаның өзінде олардың 17 мың түрі жойылып кетті. Жалпы, жер шары жыл сайын тірі ағзаларының 30 мыңға жуық түрін жоғалтады. Жерорта теңізіндегі флора мен фауна үш есеге азайды. Соңғы 45 жылда жабайы аңдар мен өсімдіктер саны 25-30 пайызға қысқарды. Жыл сайын адам баласы жануарлардың 1 пайызының көзін жойып отыр.
Осындай қанағатсыз әрекетінің кесірі айналып келгенде адамның өзіне үлкен соққы болып тиюде. Сондай-ақ, әлем мұхиттарына, климатқа, жануарлар мен өсімдік әлеміне үлкен қауіп төндірді.
Қазірдің өзінде, кандидаттың айтуынша, қоршаған ортаның пайдалы экологиялық қасиеттері үлкен өзгеріске ұшырап, әлемдік қауымдастықтың тұтастығы мен өркениеттің дамуына қауіп төндіріп тұр.
«Адам табиғат пен өзін құтқару үшін не істеу қажеттігін қазірден ойластырғаны дұрыс. Әсіресе, жойылып кетуге жақын тұрған жануарлар мен өсімдіктерді қорғау керек деп есептеймін. Олардың азаюына себеп болып отырған азық-түліктен бас тарту қажет.
Осы орайда экологиялық білімді кеңейтіп, дамыту маңызды. Бүгінде экологияны өз үйіміз туралы ғылым ретінде қабылдап, сезінуіміз керек. Яғни, биосфера, оның даму ерекшелігі мен бұл процестегі адамның рөлін жақсы түсінгеніміз жөн.Осы жерде экология саласындағы ғылыми зерттеулерді көбейту қажеттігі туындайды», – деп жалғастырды сөзін кандидат.
Оның пікірінше, жалпы білім беру мектептерінде экология және өнеркәсіптік қауіпсіздік негіздері бойынша міндетті пән енгізу маңызды.
Табиғи ресурстарды тұтыну көлемін азайту қажет, себебі ертелі-кеш оның қоры таусылып қалуы мүмкін. Бар күшімізді жаһандық жылыну көлемін азайтуға жұмсайық. Ол үшін атмосфераға зиянды қалдықтар тастауды доғару керек.
«Сонымен қатар баршаңызды энергия мен су ресурстарын тиімді тұтынуға шақырамын», – деп ескерді кандидат.
Жер шарының 70 пайызын су алып жатыр. Алайда, ауыз судың көлемі шектеулі. Себебі, айналаны қоршаған сулардың 97 пайызы теңіздер мен мұхиттарға тиесілі. Қалған 3 пайызы мұздықтардың құрамында немесе жеті қабат жер астында жатыр.
Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесіне назар аудартқым келеді. Адамның барлық шаруашылық қызметі қоршаған ортаға зиянын тигізбейтіндей жүргізілуі керек.
Қауіпті өндіріспен айналысатын барлық ұйымдар өз жұмысшыларының, нысандары мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне жауапты.
«Барлық кәсіпорындар өз жұмыстарын қоршаған ортаға ықпалы мейлінше аз болатындай етіп жүргізулері керек», — деп қорытты өз ойын Әбілғазы Құсайынов.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support