- Advertisement -

Саябақты… күтеді аялап кім?

119

- Advertisement -

Саябақтар аумағы «резіңке» емес…

Осы күні Тараздағы саябақтар аумағынан қаржылы азаматтар бәсекелесе құрылыс нысандарын тұрғызуда. Ау, саябақтар аумағы қанша құрылыс салсаң да сия беретін «резіңке» емес қой! «Бір тал кессең, он тал ек» дейтін халық даналығына жүгінетіндер аз. Әуелгі істі жалпы көпшіліктің демалуына қолайлы орта қалыптастырудан, осындағы қураған ағаштарды бұтап, кесіп, орнына көшеттер отырғызудан, күл-қоқысын тазалаудан бастау көпшілік демалатын орындарды басқаруға алушылардың міндеттемесінде қарастырылмаған ба, әлде!? Қазір қураған ағаштарын отап, күзеп «мұртын басуды» айтасыз, суарылуы реттелмей, тұтастай шөліркеумен тұрғандары да бар.
Бір ғана «Жеңіс» саябағы аумағынан мейрамхана, мергендер үйі, картинг алаңы салынды, тұрғын үй кешенінің қадасы қағылып қойылды. Аталмыш саябақты басқаруына алған азаматтың әлдебір құрылыс нысанын тұрғызу үшін көгеріштер үстіне топырақ төсеп, тегістеп нығыздау барысында «Осы жерге жауынгер интернационалшыларға ескерткіш тұрғызылады» деген белгітасты да таптап, жермен-жексен етіп жібергенін көріп, жағамызды ұстадық. Осы алаппен ұштасып жатқан «Талас» ықшам ауданының кіреберісіндегі тұрғындардың демалуына лайықталған жасыл желегі мен көгеріші мол аумақтағы май құю бекетіне қарама-қарсы беттен тағы бірі салынып, балабақша ғимаратының қазығы қағылды. Осы жағдайларға байланысты сұрау салған депутаттар өздеріне жауап беретін адамның әлі күнге табылмай тұрғанын жуырдағы сессияда да өткір сынға алды. Міне, осы аталған нысандардың тақыр жерде емес, өткен-кеткенге сая болатын қыруар тал-дарақты, көкорайлы оазистерді «құрбан ету» арқылы салынып жатқаны немесе салынатыны айдан анық. Осындайда бір арнайы комиссия құрылып, қаладағы саябақтар аумақтарындағы бұрыннан бар тал-дарақтардың қырқылғанын, жаңадан егілген көшеттерді түгел «басқа ұрып» санап, шотқа салар болса, шаһарымыздағы жасыл желекке деген көзқарас қолдың саласындай белгілі болар еді-ау!

Ойлауға емес, ойнауға баратын орын

Саябақтардың ең басты ерекшелігі – табиғатының тұмса күйінде сақталуы, көз қуантып, көңіл сергітетін жасыл желегінің мол болуы ғой! Бағзы кездері қай қалада болсын көгеріш аумағының әрбір тұрғынға шаққанда, 2,5 шаршы метрден келуі басты талап болғаны еске түседі. Қазір бұл да жоқ.
– Саябақтар ойлануға, ойлауға емес, ойнауға келетін орынға айналып барады, – деп қынжылыс білдіреді тараздық Жексен Қалдыбекұлы.
– Құрылыс алаңына айналды қазір, – деді тағы бір азамат. Тұрғындардың қай-қайсысы да ойын алаңдары, жаңа нысандар көптеп салынуына байланысты Тараздағы саябақтардың аумағы да, ауасы да бұрнағыдан тарылып, тал-дарақтары сиреңкірей түскендігін айтады.
Оған мысал да аз емес. Қаланың дәл кіндігіне орналасқан, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің есімімен аталатын саябақтың кеңестік кезеңде алуан түрлі тал-дарақтарының сауаттылықпен егіліп-өсірілуі, табиғи жағдайға сай орналастырылуы тұрғысынан КСРО-дағы алдыңғы қатарлы үш саябақтың бірі болғанын біреу білер, біреу білмес. Мұнда да тал-дарақтан гөрі түрлі мақсаттағы нысандар мен аттракцион көп. Айырмашылығы тал-дарағы ғой дейін десең, оның өзінің қатары әралуан нысандар тұрғызылуы себепті оталып, кәрі қойдың тісіндей сирексіп, көлеңкесі де бұрнағыдан әлдеқайда сұйыла түскен. Қысқасы, қаладағы қай-қай саябақтың да сирек талдары арасынан өткір сәулесі саулай құйылып, күн шақыраюмен тұр.

Тал-дарақтар күтімге ділгір

Ал бұрынғы тәжірибе стансасы негізінде дүниеге келген қазіргі Б. Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын шаһардағы баяғыдан бар Т.Рысқұлов, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтардың «кіші інісі» десе де болады. Дегенмен, көлемі жағынан олардың қай-қайсысын болсын екі орап кетеді, әзірге… Ерте ме, кеш пе, бұл саябақтың да жоғарыда аталған «ағаларының» кебін құшары айдан анық. Тал өсірудің «қиямет қайым» іс екеніне мысал да осы саябақтың өн бойында өзімен бірге қоса «өрілумен» тұр. Аталған аумақта күтімнің жоқтығынан, уақтылы суарылмауынан сенбіліктерде көпшіліктің қолымен отырғызылған сәндік және жеміс ағаштары көшеттерінің балақтап өсіп, жетілген біреуі жоқ. Сабағы семіп, қурап, сояуланумен тұр (арасында былтыр, одан арғы жылдары егілгендері де бар). Айтпақшы, былтыр қаланың әлдебір аумағынан түбірімен қопарылып алынып, осы саябаққа әкелініп «қоныстандырылған» он түптей алып арша ағашы да осындай кепті құшты.
Осындайда ел байтағы – Астана қаласының айнала-төңірегінің «жасыл белдеумен» әдіптеліп, онсыз да көгеріші мол нулы өңірде жылма-жыл жас тоғай жамырап өсетіні, тіпті мына көршілес Оңтүстік Қазақстан облысы орталығына кіреберістегі А. Асқаров атындағы дендросаябақтың Шымқала тұрғындарына түгел жетерліктей қою көлеңке — саясы бары кейде көңілге түрлі ой салады. Тараздықтардың да демалу үшін жанға дауа болар жасыл желегі мол аумақтарды іздейтіні анық.

«Аспалы көпірлерден» қатер келмесін…

«Жеңіс» саябағы, міне, осындай кешенді демалыс аймағына сұранып-ақ тұр емес пе?! Тек бұған қала басшылығы тарапынан оң көзқарас, жанашыр ниет-ықылас болса жетіп жатыр. Қол созымындай жердегі «Зербұлақ» көлімен екі аралықты байланыстырып тұрар аспалы жол салу арқылы кешенді демалыс аймағын жасауға һәм саябақ көлемін едәуір ұлғайтуға да болады.
Айтпақшы, тұрғындардың мұнда тікелей қала орталығынан сейілдеп келуі мәселесінде өзен үстіне салынған екі аспалы, бір плотиналы көпірдің алар орны айрықша елеулі. Бұл нысандар кешегі кеңестік кезең тұсында салынған. Бүгінгі таңда сәулеттік өнердің сирек кездесетін ерекшелеу туындысы саналатын, қала сәулетіне өзгеше әр беріп те тұрған осы нысандардың тұрғындар үшін қауіпсіз болуы ескеріліп, олардың жарамдылығын кәсіби тұрғыда анықтап, күрделі жөндеуден өткізу қажет-ақ. Әу басында ірге негізі берік қаланғанын малданып, аспалы көпірлерді «атша мініп» алу еш абырой әпермейді. Қазірдің өзінде аталған үш көпірдің де жақтау жиектері опырылып сынып, темір төсеніштерінің кей тұсының аражігі ажырап, табанжолының қисая бастағандығы да көзге анық байқалып тұр. «Үйреншікті» болған соң ба, аспалы көпірлерді тұрғындар қыста да, жазда да пайдаланады. «Шөлмектің мың күнде емес, бір-ақ күнде сынатынын» да естен шығармайық.

«Жасыл белдеу» бағдарламасы жандандырыла ма?

Жалпы, саябақ дегеніңіз – көріктендірілуі-көгеріштендірілуімен, тазалығымен, мәдениетімен, фаунасымен, флорасымен құнды ғой. Мұндай орындарды басқаруға алушының техникалық, сәулеттік қана емес, биологиялық, экологиялық тұрғыда сауатты болуы қажет, біздіңше. Қазір жағдай мүлде басқаша. «Жасыл ел», «Жасыл белдеу» аталатын бағдарлама, межелік міндеттердің барлығы да елімізді жасыл желекке бөлеп, ойды да қырды да көгерішпен көмкеру арқылы экологиямызды түзеп, адамдар денсаулығын жақсартуға жұмылдырылып жатқан тұста, әрекетсіз қалу елдігімізге, тіпті әрбіріміздің азаматтығымызға да сын деген ойдамыз. Бұл жалпы қаланы көгеріштендіруге де қатысты мәселе ғой. Жыл сайын дерлік көктем туа тайлы-таяғымызбен сенбіліктерге шығып, бірнеше мыңдаған сәндік және жеміс ағаштары көшетін «жерге шаншып», осымен «іс біттімен» шектелу бізді қай ұшпаққа жеткізер екен? Сол еккен көшеттерімізді одан әрі күтімдеп те жатқан жоқпыз. Қаншасы өсті, қаншасы көктей солды? Бұл мәселені қатаң бақылауда ұстаған болсақ, ендігі шаһарымыздың аумағы жасыл желекке де бөленіп үлгермес пе еді?!
Ал саябақтардағы тал-дарақтар ше… қашанғы қараусыз қала бермек?

Баймаханбет АХМЕТ, 
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support