- Advertisement -

Тараз — қазақ мемлекетінің алтын ордасы

140

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл өңіріне жұмыс сапары кезінде осылай деді

АУЫРМАЙДЫ ЖҮРЕК, АУЫРМАЙДЫ

Елбасы кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызда жұмыс сапарымен болды. Әлеуеті артып келе жатқан өңірдегі жұмысын Елбасы Тараз қаласында орналасқан кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының тыныс-тіршілігімен танысудан бастады.
2008 жылы есімі елімізге танымал академик Сейітхан Жошыбаев аталған орталықты өз қаржысына салып, аяғына тік тұрғызған болатын. Бүгінде ғылыми-клиникалық орталықта кеңес беру және диагностика, кардиология, кардиологиялық интервенция, туабітті жүрек ақауы, жүрек ақауының алдын алу, ота залы, анестезиология және жансақтау секілді жеті бөлім жұмыс істейді. Мұнда 74 қызметкер адам саулығы жолында аянбай еңбек етуде.
Бүгінде орталық ақылы және тегін қызмет түрлерін көрсетеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсету аясында ота жасаудың барлық заманауи түрлерін есепке ала отырып, жасанды қан айналдыру аппаратын қолдану арқылы «жабық» және «ашық» жүрекке ота жасайды. Орталық еліміздің кардиохирургия, кардиоанестезиология және жансақтау салалары бойынша жас мамандарды дайындау үшін көптеген медициналық мекемелердің клиникалық базасы болып табылады.
Тараз қаласының орталығында бес жыл бойы салынған ғимарат барлық заманауи құрал-жабдықтармен жарақталып, ем алушылар мен оларға келіп-кетушілерге толық жағдай жасалған.
Клиниканы аралап көрген Елбасы мұндағы жұмысқа оң бағасын беріп, медицина саласына мемлекет тарапынан да ауқымды көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Сол қолдауды тиімді пайдаланып, оны тиісті бағытта жұмсай білген аталған кардиохирургиялық орталық еліміздегі алдыңғы қатарлы медициналық мекеме екені даусыз. Өйткені, мұнда тек облыс тұрғындары ғана емес, ауруханаға орналастыру бюросының порталы арқылы өзге өңірлердің тұрғындары да тегін көмек алуда. Сонымен қатар, Өзбекстан мен Қырғыз Республикаларынан да білікті мамандардың кеңесіне жүгініп келушілер баршылық.

ҚАЗАҚСТАН – БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІКТІҢ ОТАНЫ!

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының  20 жылдығына орай                           ұйымдастырылған форумға қатысты

Елбасы Н.Назарбаев облысқа келген жұмыс сапары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» республикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстан – береке мен бірліктің Отаны!» форумына қатысты.
«Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен жиынға 3000-ға жуық жамбылдық жиналды. Форумда Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, мемлекеттік саясатты жүргізуде қосып жүрген зор үлестері үшін форум қатысушыларына алғысын жеткізді.
– Құрметті Ассамблея мүшелері, барлығыңызды Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейлі мерейтойымен құттықтаймын. 1995 жылы Одақ ыдырап, тәуелсіздігімізді алған кезде біз көптеген ұлттарды біріктірген ел болып қалдық. Сол ұлттар мен ұлыстардың өкілдері өздерінің орнын тауып, тілін, дінін сақтап қалды. Ассамблеяның ел бірлігін сақтаудағы маңызы зор. Достық мерекесін 1 мамырда өткізетін боламыз. Қазақстанның барлық өңірлері секілді Тараз топырағы да халқымыздың тал бесігі, мұнда сексеннен астам ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр деп ойлаймын. Мен осындағы «Достық» үйінің ашылу салтанатына қатысқанмын.
Жамбыл облысы – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бүкіләлемдік мәдениеттің қантамыры. Тараз – Қазақ мемлекетінің алтын ордасы болып саналады. Оның әрбір тасы тарихтан сыр шертеді. Қарахан баба мен Айша бибі, Бабаджа Хатун мен Тектұрмас әулие кесенелері баға жетпес мұралар. Сондай-ақ, Шу бойы да еліміздің қара шаңырағы. Екі мың жылдан астам уақыттан бері жасап келе жатқан Тараз қаласы еліміздің тарихи орталығының бірі. Облыс пен қаланың тарихи орындары ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Осынау қасиетті жерде біз күзде Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтетін боламыз. Бұл – бірлігіміз бен берекемізді көрсететін маңызды шара, – деген Елбасы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне де тоқталып өтті.
– Мен ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Жаңа индустрияландыру аясында 116 миллиард теңгенің 33 жобасы іске қосылды. Құны шамамен 600 миллиард теңге болатын тағы 23 жобаны іске қосу кезек күтіп тұр. Соның ішінде «Тараз Химпарк» арнайы экономикалық аймағының базасында химия кластерін, каустикалық сода мен хлор өндірісін жолға қою, «Ақбақай» алтын өндіру комбинатын жаңғырту шаралары бар. Жалпы, осы нысандардың барлығында 11 мыңнан астам адам жұмыс істейтін болады. Үш ірі туристік нысанның – «Көксай» тау шаңғысы базасының, «Тау самалы» және «Киіз үй отелі» кешенінің құрылыстары жүріп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы барша Қазақстан халқының күш-жігері арқасында татулық пен тыныштық ХХІ ғасырдағы ел дамуының іргетасына айналғанын атап өтті.
– Биыл мен Қазақстанды одан әрі дамытуға бағытталған бес халықтық реформаны жүзеге асыру бастамасын көтердім. Біз заманауи мемлекеттік қызметті, әділетті сотты, жаңа индустрияны, болашағы біртұтас ұлтты және есеп беруші мемлекетті қалыптастырып жатырмыз. Осының бәрін біз азаматтарымыз үшін, еңбек адамдары үшін жасап келеміз, – деген Елбасы мұның бәрі мемлекетті дамыту мақсатында, халық қамы үшін жасалып жатқандығын айтты.
Бүгінде өңірде 87 ұлттың өкілі достық пен бірлікті ту етіп, «Нұрлы жолды» бағдар етіп өмір сүруде. 1995 жылдан бері облысымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының шаңырағы астына 25 этномәдени бірлестікті топтастырып отыр. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайымен қатар, саяси тұрақтылық пен татулықтың негізін қалай білгендігі үшін Елбасына жамбылдықтар алғысын айтпай қала алмады.

Елдегі татулық пен берекелі тірліктің бастауы болып отырған Ассамблеяға деген мемлекет қамқорлығы жайлы «Дніпро» украин этномәдени орталығының жетекшісі Ф. Клименко Президентке жүрекжарды лебізін жеткізді. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті, жас ақын Айбек Қадырәлиев жастарға жасалған жағдайды, олардың жарқын болашақ пен кемел келешекке деген сенімін тілге тиек етті.
Форум барысында Ассамблеяның құрылу тарихынан сыр шертетін «Бәрі осылай басталған» атты қысқаметражды фильм көрсетілді. Шара аясында ұйымдастырылған патриоттық концерттік бағдарлама жиылған жұртты серпілтіп тастады. Соңында эстрада жұлдыздарымен бірге «Бір үйдің баласындай» әнін бірге әуелете шырқаған үш мыңға жуық жұрт алдағы сайлауға белсенді түрде қатысатындықтарын да айтты.
«Қазақстан – береке мен бірліктің Отаны!», «Біз – бір шаңырақтың астындағы біртұтас елміз!» деп ұрандатқан жастар Елбасының алғысын алып, жиыннан жігерленіп тарқасты.

ЖАМБЫЛДА ҚУАТТЫ ХИМИЯЛЫҚ КЛАСТЕР ДАМИТЫН БОЛДЫ 

Елбасы Тараз химия-техникалық колледжінің тыныс-тіршілігімен танысты

Мемлекет басшысы «Бәйтерек» мөлтек ауданының аумағында орналасқан Тараз химия-техникалық колледжінде болды. Аталған білім ордасы өңірдегі химиялық өндірістерге мамандарды қайта даярлау мен біліктілігін арттыру мақсатында бой көтерген. Өткен жылы пайдалануға берілген нысанның жалпы аумағы 4 гектарды құрайды. Колледж 600 адамға арналып салынған және 200 адамға арналған жатақханасы бар.
Мұнда білімгерлер 12 мамандық бойынша біліктілігін арттырып, білімін жетілдіруде. Бүгінде 438 оқушысы бар колледж барлық заманауи техникамен толықтай жабдықталған. Атап айтқанда, 38 оқу, 11 шеберхана, 9 сараптама кабинеті, 9 арнайы, интернетке қосылған 3 компьютер класы мен 12 интерактивті тақта, 3 жаңа модификация, 1 мультимедиалық және 2 лингафон кабинеті, спорт және акт залы, асхана мен кітапхана бар. Мұның барлығы болашақ мамандар толыққанды білім алып, еліміздегі, әсіресе, өңірдегі химия кластерін дамытуға даңғыл жол салуы үшін жасалып отырған жағдай болып табылады.
Президентті аталған білім ордасы мен облыс бойынша білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстарының нәтижесімен облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова таныстырды. Ол ең алдымен облыс оқушылары пәндік олимпиадаларда республика бойынша осымен төртінші жыл қатарынан ең алдыңғы қатарда екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, «Балапан» бағдарламасы аясында облыста соңғы бес жылда 235 жаңа білім мекемесі ашылған.
Колледж оқытушылары да Елбасының тікелей тапсырмасына сай еліміздің барлық білім ордаларына көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін өз алғыстарын айтып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
«Біздің колледжге атбасын бұрғаныңыз үшін көп рахмет. Мен осы білім ордасында техникалық білім алып жатырмын. Менің білім алу жолыма және өмірлік ұстанымыма Сіз жайлы түсірілген деректі фильм қатты әсер етті. Ондағы қатардағы қарапайым зауыт жұмысшысының үлкен бір мемлекеттің басшысына дейін көтерілгендігі кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық» деген Данияр Дүйсеновке Елбасы: «Сен де терең білім алып, мамандығыңа машықтансаң, осы оқу ордасынан президенттікке дейін көтерілесің әлі-ақ», – деп жас жеткіншекті қанаттандырып тастады.
– Жалпы, дұрыс жағдайда өмір сүргісі келетін кез-келген азамат белгілі бір мамандықты терең меңгеру керек. Сонда ғана алға басу болады. Қарап отырсақ, әлемді дағдарыс жайлаған кезеңде де біздің елдегі тұрақтылық өз жұмысына адал азаматтардың еңбегінің арқасында сақталып отыр деуге болады. Әсіресе, жаңа технологияларды дамытудың, осы саладағы мамандардың білімін арттырудың маңызы зор. Мысалы, Сингапурдің технологияларды дамыту арқылы үлкен жетістіктерге жетіп отырғанын көріп отырсыздар.
Индустрияландыру бағдарламасын орындаудың алғашқы бес жылында 770-тей кәсіпорын салынды, тек осы жылдың өзінде 75 нысан іске қосылды. Инновациялық технологияларды дамытуға арнайы көңіл бөлінетін болады. Жамбыл өңіріндегі фосфорит кеніштері есебінен жұмыс істейтін Қазақстандағы бірден-бір қуатты химиялық кластер дамитын болды. Ресейлік «Еурохим» компаниясын шақырдық. Шу ауданында химиялық парк қолға алынады. Экономиканың осы сегменті үшін бізге инженер-химиктер, білікті жұмысшылар қажет.
Елімізге кен өндіру және өңдеу кәсіпорындарында да жұмыс істей алатын химик-инженерлер, білікті мамандар керек. Қажетті мамандыққа ие болған түлектер Қазақстанның барлық жерінде жұмыс істей алады, – деген Президент облыстағы химия өнеркәсібі саласының жетістіктерін де атап өтті.
Сонымен қатар, оқу орнымен тығыз әріптестік қарым-қатынаста жұмыс жасап отырған «Казфосфат» ЖШС, «Мыңарал» цемент зауыты сынды алпауыт компания басшыларымен және облыстың кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтармен пікір алмасты.
Облыс экономикасына айтарлықтай үлес қосып, ел дамуына зор ықпал етіп жүрген химия өнеркәсібі саласының алдағы жылдарда әлеуетін арттыра түсу үшін қолға алынған барлық жұмыстар Елбасы тарапынан оң бағасын алды. Өңірдегі оң өзгерістер үшін облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевқа ризашылығын білдірді. Президент кездесу соңында білім ордасы мен өнеркәсіп саласын дамытудағы барлық жұмыстарға сәттілік тіледі.

Маржан Рақай,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support