- Advertisement -

Бақ-берекем, Әз Наурыз!

84

- Advertisement -

Мұхтар Әуезов атындағы қалалық кітапханада Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі аталып өтті. «Бақ-берекем, құт-берекем әз Наурыз» деп аталған бұл шараға аталмыш кітапхананың үлкенді-кішілі оқырмандары тартылды. Ғимараттың оқу залында ұйымдастырылған шараны ұлттық киімдегі кітапханашылар Қамар Алишева және Толқын Күзенова жүргізіп, кеш барысына жарасым сыйлай білді. Үлкен экран арқылы көрермендерге Наурыз нышандары таныстырылып, мерекенің шығу тарихы жайлы түсіндіріліп отырды.

Сондай-ақ, кішкентай оқырмандар Жазылбек Қанатбеков, Ернұр Қуаныш, Бейбарыс Бейбітұлы және Арайлым Өмірзақтар көктем, Наурыз жайлы жыр-шумақтарын шашу етті. Жамбыл политехникалық колледжінің білімгері Төребек Сағидың жергілікті күйші-сазгер Әбдімомын Желдібаевтың танымал туындысы «Ерке сылқым» күйін күмбірлете орындағаны көпшілікті тебірентпей қоймады. Дарынды оқырмандардың қатысуымен «Беташар» салты көрініс тауып, жастарға қарт оқырмандар ақ батасын берді. Осының бәрі көктем мерекесіне керім әсер сыйлады. Сонымен қатар, шара барысында «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты көрме әзірленіп, жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдары қонақтар назарына ұсынылды. Көрме аясында «Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі», «Қазақтың дархан дастарханы», «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты шығармаларға шолу жасалып, оқырмандардың кіші буыны-бүлдіршіндерге рухани азық берілді. Ол ғана емес, әртүрлі ұлттық ойындардың үлгісін көрсетіп, дәріптеген әсерлі кеш аяғы «Қара жорға» биімен өрбігені де қонақтардың ризашылықтарын туғызды. Мерекеден соң, қазақы дастархан жайылып, наурыз көже таратылды.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support