- Advertisement -

Үлкен дүкендердің тауарларына сұраныс та үлкен

96

- Advertisement -

ондағы азық-түліктің дені – отандық өнімдер

Тараз қаласындағы Әйтеке би көшесінің №2 үйінде тәулік бойы жұмыс істейтін «Дәмдес» аталатын супермаркет бар. Күнделікті тұтынатын азық-түліктің барлық түрін осы іргелі сауда орнынан табуға болады. Күндіз-түні тұтынушылар қарасы басылмайтын сауда орнын аралай жүріп, отандық өнімнің де аз емес екеніне көз жеткіздік.
Ет, нан және сүт өнімдері жергілікті өндірушілердің тауары болса, шұжықтың 80 пайызы да облыста өндірілген. Кондитерлік өнімдер Алматы және Қарағанды қаласынан шығыпты. Оңтүстік астананың «Ассам», «Пиала» және Шымкент қаласынан шыққан шайлар да самсап тұр. Түрлі жеміс шырындары да отандық тауарлар. Супермаркет әкімшісі Люция Байқоразованың айтуына қарағанда, сауда орталығындағы азық-түлік тауарының 50-60 пайызы қазақстандық өнім көрінеді.
Жыл басы – Наурыз мерекесі қарсаңы болғандықтан тұтынушылар тым көп. Әркім өзіне қажетті азық-түлігін алып жатыр.
Гүлнұр, кеңсе қызметкері:
– Менің үйім көшенің арғы бетінде. Сауданы тек қана осы дүкеннен жасаймын. Мұнда не керек, бәрі бар. Тіпті, түннің бір уағында болжаусыз қонақ келіп қалса да балаларды осында жүгіртіп жібереміз. Қазір отандық өнімге деген елдің көзқарасы өзгерді. Шетелдікінен гөрі өз азық-түлігімізді алғанды жөн санаймын. Әрине, өзім келсем не алсам да қайдан шыққанына қараймын.
Берік, зейнеткер:
– Шырағым, мен де ас-ауқатты осы жерден аламын. Алыстан арбалаған тауардың сапасы төмен болады. Осыны ойлап, елімізден шыққан өнімді іздеп жүремін.
Дүкенде басқа да сауда жасаушылар мұнда өздері үшін барлық жағдайдың жасалғанын жарыса айтып, қызметкер келіншек пен қарияның пікірін қолдап жатты.
Қазыбек би көшесі бойындағы «Орталық гастроном» «Дәмдеске» жақын болса да ертеңгілік cағат 9.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін сауда қызып жатады. Гастрономның атқарушы директоры Тамара Моор азық-түлік тауарының 70 пайызға жуығы Қазақстанда жасалған дейді. Мұнда да сол ет, сүт және нан өнімдерін жергілікті шаруалардан алады, кондитерлік өнімдер Алматы мен Қарағанды қаласынан келеді. Шұжықтың 70 пайызы – облыс аумағынан.
Әйтиев көшесіндегі жеке кәсіпкер Асқар Келесовтің «Санал» азық-түлік дүкеніне де бас сұқтық. Мұнда да дені – отандық өнімдер. Тіпті, жеміс сусындарының 99 пайызы Қазақстанда жасалған.
Сауда орындарының басшылары да, тұтынушылар да отандық өнімге біржола бет бұрғаны көңіл қуантты. Қазақстанда жасалған тауарлардың импорттық өнімді нарықтан біржола ығыстырып шығаратын күн алыс емес сияқты.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support