- Advertisement -

«Наурыз тал» дәстүрін жаңғыртып…

1 245

- Advertisement -

Тараз мемлекеттік университетінде қайта жаңғыртылған ата-бабамыздан қалған «Наурыз тал» дәстүрінің арқауы үзілмей, жылма-жыл жалғасумен келеді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында дәстүрге сай аталмыш оқу орнының ректоры Махметғали Сарыбековтің тікелей өзі келіп «Жастар сарайы» алдына су шаруашылығы, экология және құрылыс факультеті оқытушылары және студенттерімен бірлесе алғашқы «Наурыз тал» отырғызып, университет ауқымында биылғы ағаш егу, гүл егу жұмыстарын бастап берді. Жалпы, университеттің гидрокешені аумағын абаттандыру, экологиясын жақсарту жобасы аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқан жұмыстар биыл да жалғаспақ. Бұл күні ондаған түп шырша көшеті отырғызылып, аумақтың көркі ашыла түсті.

Наурыз тағылымдарын жаңғыртқан ТарМУ-дың су шаруашылығы, экология және құрылыс факультетінің студенттері осымен орайластыра қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырып және бір шараның басын еңсерді.
Жастар өздері үйлерінде пісіріп, дайындап әкелген бәліш, тәтті тоқаш, орама нан, торттарын арзан бағаға өткеріп, одан түскен қаржыға қаладағы көп балалы және тұрмысы нашар бір отбасына қайырымдылық көмек беруге ұйғарыпты.
– Өзіміз көмек көрсеткелі отырған алты баласы бар, тұрмысы нашар отбасы мекен-жайын орталық мешіттен алдық. Наурыз мерекесі қарсаңында бұл отбасына бір қап ұн, картоп, қант, май түріндегі азық-түлік өнімдерін жеткізіп беріп, қуантпақпыз, – дейді факультеттің студенттері деканы Жансая Смайылова.
Наурызда жаңа күн жақсылықтан тамырын тартып жатса деген тілек-баталарда шек болмайды. Рухани жаңаруды серт ұстанған жастар үлгісі өзгелерге де жұғысты болғай!

Баймаханбет АХМЕТ, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support