- Advertisement -

Көзін тапқанға табыс көп

141

- Advertisement -

«Қалдыбайтегі» шаруа қожалығының қыстаулары Соғанды ауылынан бес шақырымдай терістікте қырқа беткейлерді ықтап бір-бір сайға сұғына орналасқан екен. Бұл Бетқайнар ауылдық аймағындағы шалғай елді мекен. Ең жақын деген орталық усадьбаның өзі бұл жерден отыз шақырымдай. Осы қожалықтың оңды істері жайлы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Молдабеков жол бойы әңгімелеп келген. «Шаруасына мығым, жаңашыл, ізденімпаз азамат». Бұл оның шаруашылық басшысы Гауһарбек Мәмбеталиевке берген бағасы. Бізді ауылының шетінен қарсы алған сол Гауһарбек енді өзі бастап шаруа жайымен таныстыруда. Бірден байқағаным, мұнда қаңтардың үскірігі күшінде тұр. Күн ашық, бірақ адуын жел бет қаратар емес. Жүріп өткен ізіңді артынша қармен қымтап жатыр, жол көмескі, кей жерде жел үйіп тастаған қалың қардан ештеңе көрінбейді. Гауһарбек өзіне ғана белгілі жол сорабын адаспай тауып, көлігін бірде ойға, бірде қырға салып зымыратады. Өзіне сенімді, күртік қарды қақ жарып өте шығатын көлігі де мықты. Мана оның «Джипіне» ауысып мінгенбіз, әйтпегенде мынадай жолсызда «Нивамыз» далада қалғандай. Міне, негізгі базға маңдай тіредік. Алғаш көргенім қатар қойылған алуан түрлі техника мен мая-мая шөп болды. Сосын тістеуік шөмішімен үлкен шөп орамын бір жерден екінші жерге тасып жүрген трактор. Ондағы тынымсыз гуілдеп тұрған шөп турағыш агрегат жақтан баяу тозаң көтеріліп, тау шөбінің жұпар иісі танауыңды қытықтайды. – Сабақты пішен малға тек осылай турап беріледі, сонда қалдық қалмайды, – деген қожалық басшысы бізді бастап алға түсті. Өңірімізді қымтанып, бас киімімізді баса киіп оған әзер ілесіп келеміз. Мынау жем қоймасы. Ал бірнеше үлкен бөліктерден тұратын қораларда қазағымыз қасиет тұтқан төрт түліктен түйеден басқаның бәрі бар. Бұл жерде негізінен бордақыға қойылған 350 қой, жүз шақты ірі қара, он шақты жылқы семіртілуде. Өзге мың жарымдай қой мен үш жүзге тарта ірі қара басқа базда ұсталады. Ал жұнттай боп семірген мына мал шетінен етке өткізіле бастапты. Ақпанның жиырмасына дейін түгел өткізіп, орнын қайтадан толтырмақшы. Табысының негізгі көзіне айналған ет өндірісі былтыр шаруашылыққа қыруар табыс әкелген. Мемлекеттен өткен жылы етке тапсырылған мың бас ісек қой үшін 4 миллион 800 мың теңге, 576 бас ірі қараға 14 миллион теңге субсидия төленіпті. Бұл әлгі тапсырылған еттің сатылым бағасынан бөлек. Содан да мұнда мал бордақылауға ден қойылып, әлгіндей мол табысы мен пайдасын шашау шығармай өндірісті кеңейтуге жұмсап жатқан жайы бар. Ауылға жақын маңнан бой көтере бастаған жаңа баздың құрылысы соның дәлелі. Ұзындығы 125, ені 26 метрлік, бір мезгілде 500 ірі қара тұратын жабық қораның бірі былтыр-ақ салынып біткен. – Мұнда барлығы 1500 сиырға арналған мал семірту кешені болады. Биыл мынадай тағы екі қора саламыз да жыл аяғына дейін бүкіл бордақыланатын ірі қараны осында көшіреміз. Ал қой бұрынғы базда болады, – деп Гауһарбек болашақтағы жоспарымен де бөлісіп жатыр. Бұл үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 70 миллион теңге несие алыныпты. Құрылыс ұйымдарымен келісім-шарт жасалған, алдын ала төлемі аударылған. Жаңа базға электр желісін, су құбырын тарту шығындарының 80 пайызын Үкімет қайтарып береді. Қазір соның құжаттарын реттеумен шапқылап жүр екен. Оны тыңдап отырып, айдаладағы ауылы мен ауылдастарының да қамын ойлаған бастамаларына елеңдей түстік. – «Жаңа базды неге тап ауылдың үстінен салып жатырсың?» деп, сұрамайсыз ба? – деп алып, оған өзі жауап бере бастады. – Өйткені, биогаз өндірісін де қоса қолға алудамыз. Әлгі мың жарым ірі қараның қиын таудай қып үйіп тастағанша арнайы қондырғылармен өңдеп, одан өндірілген газды құбырмен жақын жерден ауылымызға тартып көгілдір отынмен өзімізді өзіміз жарылқасақ не айыбы бар, – дегені шынында қызықты. Қазір ауданның жинақы, жақын орналасқан ауылдарына табиғи газ тарту ісі қызу қолға алынып жатқанымен, оның бір ұшығы қиыр шеттегі жалғыз Соғандыға жете қоюы екіталай. Содан да, ауылдың бетке ұстар азаматының бұл ойын қалай құптамасқа. Әрісі мұнысы құрғақ қиял емес, жобасы сызылып, ақшасы есептеліп қойылған нақты іс болып шықса. Бішкектегі биогаз қондырғыларын орнатумен айналысатын «Фермер» аталатын фермерлер және шаруа қожалықтары ассоциациясымен келісім-шартқа отырып қойыпты. Оны қаржыландыруға 20 миллион теңге жұмсалатын болса, «Еуропалық қайта құру және даму банкі» жұмсалған шығынның отыз пайызын жоба аяқталған бетте өзіне қайтарып беретін көрінеді. Гауһарбек мұнымен де шектеліп қалмай, ауыл іргесінен жылыжай салуды да ойластырып отыр екен. Биогаз өндіргеннен шыққан органикалық қалдық егістік үшін таптырмас дайын тыңайтқыш болса, ауылдағы бос отырған қаншама әйел жылыжайда жұмыспен қамтылып нәпақасын айырмақшы. Әрі бүкіл ауыл көкөніске қарық болып, артығын сатып пайдаға кенелмек. Алғаш атбасын тіреген ферма маңынан бес гектардай алма бағын көрген едік. Оның да пайда болғанына үш-төрт жылдай болған, мемлекеттен бөлінген субсидиясын да алған. Қазір бақ кәдімгідей өнім бере бастапты. Жылыжайдың да болашағын осыдан көруге болады. Шаруа қожалығы өткен жылы 70 миллион теңгеге жеті жылдық қайтарым шартымен лизингке жаңа үлгідегі доңғалақты тракторлар, шөп маялағыш, азық таратқыш түрінде жаңа техника алған. Ал одан бұрын бір «К-700», төрт доңғалақты, бір шынжыр табанды тракторлары, екі «КамАЗ», шөп шапқыш, шөп тайлағыштары болғанына қарап-ақ егіншіліктегі шаруа ауқымын да бағамдауға болады. Қожалықтың жалпы жер көлемі алты мың гектар болса, оның 700 гектары тәлімі астық, 500 гектары табиғи шабындық та, 34 гектары ғана суармалы жоңышқа. Қалғаны жайылым. Демек, егіншілік пен мал шаруашылығын қатар алып жүрудің кең мүмкіндіктері бар. Жаңағы қыруар малды бағып-қағып, бордақылап отырған он бестей адамның саны жазда екі есе көбейеді екен. ШҚ басшысының оң қолы дерлік көмекшілерінен өзінің інілері Қайратбек пен Аятбек, Бауыржан Әміреев, Үсен Қанатов, Игорь Дягелов сынды өз ісінің майталмандарын атауға болады. Жұмысшыларының жалақысы 80 мың теңгеден болса, жеке малдарына жемшөбі тегін. Одан бөлек малшыларға қыста соғымға екі бұқа, ай сайын бір қойдан сойып береді. Небәрі 68 түтіннен тұратын Соғандыда бұдан бөлек тағы алты шаруа қожалығы бар екен. Бірақ, олардың ауқымы шағын. Сондықтан, жұрттың үміті көбінше «Қалдыбайтегінде». Өзіне жер үлестерін қосқан жарнашыларына тиесілі шөбі мен жемі, үй жанындағы бақшасын тегін жыртқызып беру де соның мойнында. Мүмкіндігіне қарай бүкіл ауылдастарына көмектесуден бас тартпайды. Көптің алғысын алған іс қашанда алға басады емес пе? 2001 жылы құрылған шаруа қожалығының тірлігі жыл өткен сайын жанданып, құлашын кеңге сермеп келе жатқаны сондықтан. Сөзі де, өзі де жылдам Гауһарбектің істің көзін тауып үйренгені, көкірек көзінің ояулығы бар ісінен аңғарылады. Үкіметтен беріліп жатқан жеңілдік, көмек атаулыны түр-түрімен орнымен пайдаланып та отыр. «Сыбаға» бағдарламасымен сонау Қостанай өңірінен әкелген 132 құнажын мен 15 асыл тұқымды бұқасы екі есеге көбейген. Асыл тұқымды мал өсіргені үшін алатын, тапсырыспен ет өткізгені үшін алатын субсидия қаражатымен-ақ шаруасының ауқымын кеңейтіп, іргелі жаңа жобаларды қолға алып отыр. – Мемлекетіміздің ауыл кәсіпкерлеріне деген жан-жақты қамқорлығынсыз ештеңе тындыра алмаған болар едім, сол үшін облыс, аудан басшыларына, ондағы мамандарға рахмет, – дейді өзі. … Күн кештете үскірік аяз күшейе түскендей. Біз кері жиналдық. Сол мезет жараулы аттарға мініп, шошайтып мылтық асынған екі-үш жігіт ауылдан сыртқа беттеп бара жатты. Соңдарына нән төбеттерін ертіпті. Қыс қаһарына мінгенде, түз тағылары да құтыратын шақта қасқыр соғуға шыққан аңшылар екені айтпаса да белгілі. Біздің жол ауылдан біраз ұзап шыққанда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының Қордайға соқпай айналып өтетін жаңа тармағын кесіп өтті. – Осы жолдың салынуы соғандылықтарға тиімді болды, енді Алматыға немесе Таразға ауылдан шыққан бетте тіке тарта береді, – деді қасымдағы Нұржан Молдабеков. – Әсіресе, Гауһарбек тәрізді шаруасын күйттеген азаматтардың қолы ұзара түсті.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, «Ақ жол». 

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support