- Advertisement -

«Қазақ театрларының деңгейі төмен емес…»

903

- Advertisement -

Театр – эстетикалық сезім сыйлайтын, өмірді, адамдардың арақатынасын көз алдыңа тірідей әкелетін, әртүрлі характерлер мен образдардың жиынтығын айна қатесіз бейнелейтін қасиетті қара шаңырақ. Әлбетте, синтездік өнердің ордасы – руханияттың күзетшісі болуы керек. «Ондай болмақ қайда деп, айтпа өнер сүйсеңіз». Иә, өңірімізде екі ғана театр бар. Соның бірі – өнердің туын биікке көтеріп жүрген облыстық қазақ драма театры. Облыс құрылмай тұрып-ақ, Станилавскийдің жүйесі негізінде жұмысын бастап кеткен бұл театр ағымдағы жылы 79 маусымын сәтімен өткеріп, жұртшылықтың сұранысын қанағаттандыруды көксейді. Сонымен, бүгінгі театр қандай болуы керек, мақсаты не? Осы сауал­дар төңірегінде театрдың жаңа басшысы Болат Бекжановпен әңгіме-дүкен құрған едік. 

Сын шын өтімді болады

11– Әсілінде театрды өмірлік сұрақтарға жауап беретін жоғары интенция деп жатамыз. Бүгін театрымыз сол адам көкейіндегі сауалдарға қаншалықты жауап беріп жатыр деп пайымдайсыз?
– Театрды әлдекімдер тәрбие орны деуі мүмкін. Ол пікірді жоққа шығара алмаспыз. Алайда, театр дегеніміз – рухани суреткерліктің әлемі. Сол театр тікелей тәрбиемен айналыспағанымен, адамдардың тұла бойындағы сезімдерге әсерін тигізбей қоймайды.Сондықтан да театр алдымен адам атаулының бойына асыл қасиеттер егетін өнер. Осы тұрғыдан келгенде театр өнері өз көрермендерін, аудиториясын ізгілікке, жақсылыққа тәрбиелейтіні анық. Кез-келген театрға келуші өзіне керекті эстетикалық қажеттілікті алады. Оны өзі де байқамауы ықтимал. Эстетика, этика атаулыны біз айтып бере алмаймыз, қолмен ұстайтын зат та емес. Дегенмен, сондай танымды, сезімді сыйлаушы орын осы театр. Жас та, жасамыс та осы театрға келсе, қажетті қойылымын көзімен көрсе деген ой біздікі. Оның сыртында бекзат өнер ордасы алдымен әдебиетпен сабақтас әлем. Театрға келген адам әдебиеттен де хабардар болады. Нақты формуласын айтар болсам, «бір оқпен екі қоянды атады». Мәселен, қазіргі кезде кітаптар көп оқылмайды деп жатамыз. Соның да бір шешімі – осы театр болмақ. Олай дейтінім, адам кітап оқымаған жағдайда театрға келсе, бір кітапты бір-бір жарым сағаттың бедерінде оқып шыққандай болады. Олай дегенім, көрген адам сол шығармамен танысып, оқиғасын біледі. Осы жағынан келгенде театр біраз сауалдарға жауап беріп, өзінің функциясын атқарып отыр. Сол себепті де театрға келген жөн.
– Шыны керек, театр директоры қызметін тізгіндемей тұрып, осы сахнада қойылған бірқатар спектакльдерді сынап жататынсыз. Ол қойылымдардың бірқатары әлі де репертуарда бар. Қазіргі көзқарасыңыз қалай жалпы?
– Әрине, өнер болған соң сын керек. Бірақ, бет алды сын болса ол қабылданбайды. Біреуді жек көріп, қасақана айтылатын сын ешқашан өзін ақтамайды. Таза сын ғана көкейге қонымды болады. Белгілі мақсаты бар қыжыртпа сөздер көзге көрініп тұрады. Сондықтан сынды бұрын да айтатынмын, қазір де айтып жүрмін. Әйткенмен, кез-келген сын айтатын адам қаперде ұстайтын бір дүние бар. Ол оқиға бір болғанымен, әртүрлі адам сол дүниеге әр қилы көзқараспен қарайтыны. Осы жағынан келгенде олардың бәрінің ойы бір арнаға тоғыса бермейді. Сын да сан қилы келеді. Оның да зияны жоқ, әрине. Әлгі айтылған сыннан режиссерлер мен актерлер өзіне қажетін алады да, көңілге қонбағанын алайын десе де ала алмайды. Өйткені, қабылдау ол үшін мүмкін емес. Әлбетте, «сын түзелмей, мін түзелмейді». Сын біз ойлап тапқан дүние емес екені де мәлім. Бұрыннан театрда да, әдебиетте де сын болған. Алайда, бір нәрсені ұмытпау керек, сынның өзін абайлап айтамыз. Абайлап айтпасаң сының ертең сахнаға шыққалы тұрған адамды сындырып тастауы ықтимал, сол себепті де түсінетіндей, жүрегіне жететіндей етіп айтылған сын өте орынды болады.
– Театр актерлеріне қаратып «сенің жаттап алғаныңды білмейтіндей етіп ойна» деп жатады ғой. Осы пікірге көзқарасыңыз қандай?
– Бұл ойға театр мамандары жауап беріп қойған. Қазір бәрі «мынандай рөлді ойнады» деп жатады. Осының өзіне театртанушылар қарсы. «Ойнады деп айтпаңдар, жазбаңдар» дейді олар. Сол кісілер: «актер ойнамайды, актер сахнада өмір сүреді» дегенді алға тартады. Егер актер өзіне берілген кейіпкердің образында өмір сүрмей, ойнап шығатын болса, ол нәрсе қалайда қабылданбайды. Қазақ театрларының ұстазы Асқар Тоқпанов Қызылордаға барғанында актерлер: «Біздің әкім театрға келмейді. Спортқа барады» деп ренішін білдіріпті. Содан Асекең әкімнен неге театрға келмейтінін сұрамай ма? Сөйтсе әкім: «Мен Алматыға барсам, театрға барамын, Москваға барсам театрға барамын. Ал өзіміздікілер ойнап жүреді. Бірақ, солардың ойнағаны көңіліме қонбайды» деп жауап беріпті. Сол себепті де рөлді ойнап шығудан іргені алшақ ұстаған ләзім.

Станиславскийдің жүйесі ешқашан ескірмейді

– Театр десе, Станиславскийдің жүйесі еске түседі. Сол жүйе қазіргі театрларға қарап отырсақ, ескіріп бара жатқан сияқты. Сізге олай көрінбей ме?
– Жалпы Қазақстанда театр бір ғасыр өмір сүрді десек, сол аралықта театр атаулының бәрі де Станиславскийдің жүйесімен жұмыс істеп келе жатыр. Ал Еуропа мен Ресей театрлары бағзы заманнан сол жүйеден арылған емес. Ол жүйені кері ысырып тастау миға қонбайды, тіпті мүмкін де емес дер едім. Дегенмен, заман ағымына сай басқаша ойлаудың нәтижесінде өзгеше форматтар пайда болды. Оны жұрт эксперимент деп те атап жүр. Осылайша эксперименттік спектакльдер қою үрдіске айнала бастады. Ол да керек. Бірақ, мұның бәрі Станиславскийдің жүйесін өзгерте де, алып тастай да алмайды. Мәселен, біздің классикалық шығармаларды эксперимент жасаймын деп пұшпақтап тастағандарды көрдік. Мұхтар Әуезов ұлы суреткер. Сол Әуезов шығармасын оймен, ақылмен екшеп жазды. Енді оның шығармасындағы ең соңғы картинасын басына әкеліп, ортасындағы оқиғаны соңына апарып, эксперимент жасап тастаса, онысы адамдарға бәлкім режиссердің шешімімен түсінікті болуы мүмкін, бірақ түпнұсқа жойылады. Түпнұсқа жойылған соң алдымен авторға, сосын көрерменге қиянат жасалады. Өйткені, ол – классика. Әрине, бүгінгі заманауи технологиялар мен үрдістердің келгені заңдылық шығар. Сондықтан, технологиядағы жаңашылдық пен күрделілік сахнаға өз әсерін тигізеді. Ол әлгі ЛЕД экранымыз, тағысын тағы. Оны режиссерлер үндестіріп, пайдаланар. Дегенмен, классикаға келгенде өте сақ болған ләзім. Келешек ұрпақ шығарманың түпнұсқасынан ажырап қалмауы үшін…
– Құдайы көршіміз Шымкентте 8-9 театр бар. Әрқайсысының атқаратын функциясы да белгілі. Біздің өңірде бар болғаны екі театр. Бір сөзбен айтқанда драма, комедиямен шектелсек, басқасы назардан тыс қалады. Осы тұрғыдан келгенде қазақ драма театрының мүмкіндігі мен потенциалы қаншалықты?
– Ойыңды түсіндім. Бәлкім, бір қалада бірнеше театр болуы керек дейтін шығарсың. Әрине, театр көп болса нұр үстіне нұр. Өйткені, қуыршақ театры болуы тиіс. Ол дегеніміз балаларды театрға дайындайды. Жастар мен жасөспірімдер театрының да орны бөлек. Мұның бәрі үлкен театрға жастарды дайындап отырады. Москва секілді мегаполисте жүздің үстінде театр бар. Мүмкін олар театрға жақын халық шығар, білуімізше спектакльге билет табылмайды екен. Оларда көлеңкелі театр, қимыл мен іс-әрекетке құрылған пластикалық театр баршылық. Осы бағыттағы театрлар аталған қалада жеткілікті. Ал біздің театр әлгі міндеттердің бәрін мойнына арқалап, жүгін көтеріп отыр. Сондықтан сөзсіз балаларға арналған спектакльді қоямыз, жастарға арналған қойылымды да сахнаға алып шығамыз, классика сөзсіз болуы керек, тарихи шығармалар міндетті түрде сахналануы тиіс. Қазақ драматургтері мен орыстың Чехов, Островскийлердің шығармалары да қойылса дейміз. Жалпы, әлемдік классиканы қамтығымыз келеді. Ол әрине қиын. Бірақ, қиын екен деп қарап отырмаймыз. Жұмыс жасап жатырмыз, жасай да береміз. Жуырда сахнаға жол тартатын «Отеллоның» өзі сол әлем әдебиетінің орнын толтыру мақсатында жасалған дүние.

Драматургқа қырын қарайтын режиссер
өзі жазсын, өзі қойсын

– Кейбір режиссерлер «тірі драма­тургтердің пьесасын қойғаннан гөрі, өмірден қайтып кеткендердікін қойған дұрыс» деп жатады. Мұны қалай түсінесіз?
– Режиссерлердің бәрі олай демейді. Біреулер бәлкім әзілдеп айтатын болар. Дегенмен, бір ойды жұмбақтап тұр ғой. Бұл жерде сол режиссерлер тірі драматургтер шығармасының соңын басына, басын соңына әкелгеніне қарсы болады дегенді меніңше меңзеп тұр. Расында да авторлар ренжиді. Ол заңдылық. Егер сол сөзді айтқан режиссер өзі автордан мықты болса, өзі неге жазып алмайды? Неге біреудің пьесасымен әуре болып, онымен ұрысып, тайталасып жүруі керек? Әрине, өзі жаза алмайды. Кім не десе де, қайда барса да, ең бірінші драматургия мықты болмай, спектакль мықты болмайды. Менің әлгі режиссерлерге айтарым, мықты болса, өзі жазсын да, өзі қойсын. Пьесаны өзі жазып, өзі қойып жүргендер де бар. Бірақ, ол нәтиже берген жоқ. Керісінше театрлардың алға бастаған көшін кейінге шегеріп тастады.
– Өзіміз жаңа сөз еткен көрші Ресейде жас драматургтердің байқауы өтеді екен. Оған жүзден аса шығарма келіп түседі. Әрине, бәрі жауһар емес. Дегенмен, жүздің оны әр театрдың репертуарына енеді. Ал біз болсақ, драматургия қартайып бара жатыр деп қол қусырып отырған сияқтымыз…
– Өзің білесің ғой, драма жазу деген өте қиын. Шыңғыс Айтматовтың өзі: «Мен драма жаза алмадым. Өздерің шығарма желісінде құрып алыңдар» депті. Драма жазу үшін адам сахнаның қыр-сырын ептеп болса да білуі керек. Ал біздің жастарымыз әлгі бір қиын кездерде театрдан мүлдем қол үзіп қалды. Қазір олар 30-35 жасқа келді. Кезінде театрға етене араласпаған соң олар көп нәрсені біле бермейді. Драма өлең, проза емес. Көңіл-күйіңді, көргеніңді оңашада қағаз бетінде шиырлайтын. Сонысымен де мехнаты мол. Қол үзген соң жазу да қиын. Қазақстанда қазір драматургтер там-тұмдап кездеседі. Сұлтанәлі Балғабаев қолынан келгенше жастарды тартып жүрді. Үйірме де ашты. Соның нәтижесінде екі-үш жігіттің жазғанын білеміз. Драмаға қаламақы да дұрыс қаралмай жатыр. Егер қаламақы реттелсе, талантты жастар жоқ емес қой. Біз қазір «ой театрды білмейді» деп отырған жастарымыздың өзі керемет дүниелер тудыруы мүмкін. Өйткені, таланттың аты талант. Олар бар. Сондықтан ешнәрсеге таңқалуға болмайды. Ол үшін қызығу керек. Сол қызығу аз шығар, бәлкім театрлар қызықтыра алмай жатқан болар. Қазір тұрмыс жақсарды. Тұрмыс түзелген соң жастар да, басқалар да театрға келе бастады. Соның нәтижесінде театрлар да жақсы спектакльдер қоя бастады. Меніңше жастар енді драматургияға көңіл бөлетін сияқты.

«Қазақтар» спектаклі –
қазақ хандығының мерейтойына тартуымыз

– Тарихи қойылымдар туралы айтып қалдық қой. Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толып отыр. Осыған орай Елбасының өзі «Тарихи шығармаларды қойыңдар» деген болатын. Бұл бағытта облыстық қазақ драма театрының не ойлағаны бар?
– Қалихан Ысқақ пен Шахимардан Құсайыновтың «Қазақтар» деген драмасы бар екен. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы сөз бола бастаған кезде осы шығарма ойымызға сақ ете қалды. Себебі қазақ хандығына негізделіп жазылған драма жоқ. Тек қана аты аталған азаматтар осы шығарманы осыдан оншақты жыл бұрын Тұңғышбай Жаманқұловтың тапсырысымен жазыпты. Осы драманы таңдадық. Ерсайын Төлеубай есімді режиссер қояды. Ерсайын алдымен тарихты оқыған адам. Сосын барып, режиссураны бітірген. Тарихты жақсы білетіндігіне де акцент жасап отырмыз. Бұл шығармада Жәнібек пен Керейдің, Қасымның, шайбанилердің, Бұхар, Хиуа билеушілерімен арадағы тартысы мен күресі, алғашқы хандық мемлекет болу кезеңіндегі дәуірлер қамтылған. Қазіргі таңда режиссер пьесамен жұмыс жасап жатыр. Біз тас-түйін дайын отырмыз. Алла қаласа Ерсайын тоғызыншы наурыз күні бізге келіп, жұмысты бастап кетеді.
– Комедияға келгенде тақырыбымыз тапшы болып қалады. Әйелдер тақырыбы, отбасылық мәселелерден әрі аса алмай қаламыз. Басқа қалаларға барғанда да байқайтынымыз сол. «Әпендінің бес қатыны» секілді комедиялар бұл сөзімізге дәлел. Неге тақырып аясы соншалықты тар?
– Шынында көңілсіз комедиялар да болады. Ол әрине, қоғамдағы келеңсіздіктерді сынайтын шығармалар. Ондайлар да баршылық. Сол шығармаларды кезінде Қалтай Мұхамеджановтар жазды да. Қазір де бар. Бірақ, қолға түспей жатыр. Одан бөлек біздің көрермендер салмақты комедияға әлі дайын емес сияқты. Неге десек, жұртшылықтың ойындағы комедияңыз, «Тамаша» сияқты әзіл-оспақ театрлары қойып жүрген дүниелер. Сондай болса екен деп ойлайды. Ол дегеніміз, қарияны шал кейпінде келемеждеу, әжені кемпір күйінде мазақтау, сосын орысша білмейтін қазақты келеке қылу секілді үрдіс әлі күнге соңымыздан қалмай тұр. Ел соған төселіп алды. Ал енді, тұрмыстық комедия деген шынында да отбасынан бастау алады. Әйтпесе, оны ешкім аспаннан алмайды ғой. Қуандық Шаңғытбаев пен Қаныбек Байсейітовтың «Беу, қыздар-ай» деген шығармасы жастардың, дұрысы бойдақтардың хикаясы. Бұл енді әдемі әзіл. Осындай дүниелер халыққа керек. Осындай комедиялардан күле отырып, ой түйесің. Театр – тірі организм. Кино ол экрандағы сурет. Ал театрда бәрі тірі. Актерлердің рөлде өмір сүргенін, тіпті дем алғанына дейін көзіңмен көріп отырасың, сезінесің. Сондықтан да қандай қойылым қойса да театрға елдің келіп тұрғанын қалаймын.
Театрдың сексенінші маусымына жанталаса дайындалып жатырмыз

– Еуропа елдерінде декорацияның өзіне қыруар қаржы кетеді. Басқаны айтпағанда біздің әкемтеатрдың өзі «Большой театр» немесе батыс театрларынан он есе кем қаржымен декорация мәселесін шешіп жүр. Содан барып жұтаңдық байқалады. Аймақтық театрлардың жайы тіпті белгілі. Бұл мәселе қайтсе шешімін табады?
– Жалпы театр болсын, өнер болсын мемлекет қолдауынсыз өрістемейді. Өйткені, театр табыс табатын мекеме емес. Өнер мекемелері халыққа рухани байлық, ләззат сыйлайды. Сондықтан өнер ұжымдары, театрлар қай уақытта да мемлекеттің қолдауында болуы керек. Шындығында солай. Дәл қазіргі кезде біздің театрға облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы қолдау көрсетіп отыр. Ол кісі мен театрға тағайындалар кезде «Театрды көтер, қанша қаржы керек болса, оны берейік. Бастысы нағыз рухани ордаға айналатын болсын» деді. Қолдау бар екені осыдан аңғарылса керек. Тапсырма біздің жүрегімізде. Сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Бәрі де ойдағыдай болатынына сеніміміз кәміл. Декорация мәселесі де назарда болары анық. Қаржы бар, бөлінді. Жағдайымыз жақсы. Бізге жағдай жасалып жатқан кезде қарап қалуымызға болмайды. Келесі жылы театрымыздың сексен жылдығы. Сексенінші маусымға қазірден дайын болып, репертуарға әдемі пластикалық шығармаларды кіріктіруіміз керек. Бұрынғы тоқыраған кездерді ұмытқанымыз ләзім. Театрлар мерейлі жылда есеп береді. Ол үрдіс. Жағдайға қарай мүмкін Алматы мен Астанаға гастрольдік сапармен он-он бес күнге барармыз. Репертуарымызды ұсынармыз. Бұл жерде классикаға баса назар аударған дұрыс. Сол үшін де біз «Отеллоны», «Еңлік-Кебекті» таңдадық. «Отеллоның» қойылуы әлемдік театрларда оқиға болып есептеледі. Сондықтан біреулер Жамбылдың театры қалай «Отеллоға» барып жүр деуі мүмкін. Мен айтар едім, неге бармауы керек? Сексен жылдық тарихы бар театр неге «Отеллоны» қоймайды? Бұл театрдың мектебі, жүріп өткен жолы, өзіндік үні бар. Осыдан қырық жыл бұрын сол «Отелло» бізде қойылған. Енді міне, қырық жылдан соң тағы қойылып отыр. Екінші таңдауымыз түскен «Еңлік-Кебек» – қазақ классикасы. Одан бөлек қазақ театры бастауын сол «Еңлік-Кебектен» алған. Оны былай қойғанда бұл екі спектакль да повесть немесе роман болып жазылмаған. Шәкәрім шығармашылығына арқау етті демесеңіз. Екеуін де кейінгі ұрпақ көруі, білуі керек. Тарих үшін. Сол мақсатпен таңдауымыз осы қойылымдарға түсті. Бұлардан бөлек Жеңістің жетпіс жылдығына орай Дулат Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» атты шығармасын да сахналаймыз. «Қазақтар» да қалтарыс қалмайды. Сонымен қатар, қазақ драматургтері, оның ішінде бүгінгі қаламгерлер, туысқан халықтардың қаламгерлерінің де шығармаларын назарға ұсынамыз. Соған жанталасып жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Құдайға шүкір, актерлеріміз бар. Бір кезде орта буын үзіліп қалды, ол рас. Қазір енді бәрі реттелді. Еңбегі ерен актерлеріміздің атақ алуына да күш салуымыз қажет. Бағалауымыз керек. Түбі академиялық мәртебесін алуға күш саламыз. Оған мүмкіндігіміз де бар.
– Өткен күзде «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты актерлердің шеберлігін шыңдайтын байқау халықаралық болып өтті. Сол экономикасы бізден төмен деп жүрген өзбек пен қырғыз театрлары жүлденің алдын бермеді. Байқауға ұйымдастырушы ретінде біздің театр қатысқан жоқ. Дегенмен, сол өнер аламаны арқылы біз қазақ театрларынан көрші елдің театрлары озып кеткенін көрдік. Бұл жағдай олар бізден мықты дегенді меңзейтіндей ме?
– Жоқ, ол қазақ театрларының деңгейі төмен дегенді білдірмейді. Мұның бір ғана себебі бар. Өзімізде өтіп жатқан фестивальге өзіміздің театрлардың салғырттау қарағаны ғана. Біз қазірдің өзінде Македонияға, сосын Қазан қаласында өтетін түркі тілдес елдердің фестиваліне шақырту алып отырмыз. Ол жаққа біз Қуандық Қасымов қойған «Қыз Жібек» қойылымын алып барамыз. Егер біз де салғырт қарасақ, ұятты болатынымыз анық. Бұл спектакльдің өн бойында салт-дәстүр, бәрі бар. Басқа елге барғанда өзіміздің мәдениетіміз арқылы таңқалдырсақ дейміз. Қырғыздар да, тәжіктер де, өзбектер де бізге келгенде сондай мақсатпен келеді. Біздікілер жай келе салайық деген оймен келгені анық. Әйтпесе, біздің театрлар олардан биік қой. Талай елдерде өткен фестивальдерде оны дәлелдеп те қойғанбыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support