- Advertisement -

Ат қоятын асыл жеңге қайда?..

3 519

- Advertisement -

«Ақылдас, үйге қашан келесің? Өзіңмен сырласатын әңгімем бар…». Анамның жасы сексенге жақындап қалған жеңгесі өзін өкшелеп келе жатқан қайын сіңлісіне үнемі осылай сөйлейді. Сыртынан құлақ түрсең, қандай жарасымды әңгіме? Сүйсініп қаласың. Жалпы келін болып түскен шаңырақтың үлкені мен кішісіне балама ат қойып, ізеттілік таныту – қазақ келіндеріне ғана тән әдемі үрдіс. Ертеректе ат қоюда жеңгелеріміз үлкен тапқырлық, әсерлі бейнелеуді де көрсете білген. Мәселен, өзімен тұрғылас, тетелес қайындарын кескін келбеті мен мінез-құлығына қарай «Дәу қайным», «Мырза жігіт», «Кішкенем» деп әзілдей шақырса, қайын сіңлілерін «Еркем», «Серігім», «Үкілім», «Ақылдас» деп еркелете атайтын болған. Осылардың қай-қайсысы да жүрекке жылы, құлаққа жағымды естіледі иә? Тіпті, кейбір нағыз көргенді, инабатты келіндер өзінің жан-жарының да есімін тура атамай «Түгенше жанның көкесі», «Отағасы», «Осы үйдегі кісі» деп әспеттеп, сыпайылап отырады. Бұл ерлі-зайыпты екі адамның сыйластығының үлкен бір үлгісі болса керек. Қазақ келіндері ат қойғыштығымен қатар ат тергеуге де шебер болған. Алда-жалда ата-енесінің, тағы басқа үлкен адамдардың аты аталатын сөз кезіксе оны айтпай орағытып, өзге мағыналас сөздермен алмастырып (мысалы: қозыны–қошақан, аманды – есен, жолды – соқпақ, Сүлейменді – су иесі, көрпені – жамылғы деген сияқты) атаған. Халық аузында қайны, қайын ағаларының аты Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай болып келетін келіншектің «Сарқыраманың арғы жағында, сылдыраманың бергі жағында, маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Білемені жанымаға жанып-жанып әкелсін» дейтін ат тергегіштік аңызын бәріміз жақсы білеміз.

Өкінішке қарай, өткен шақта сөйлеп отырмыз. Өйткені, бүгінде қазақтың келіндері ат қойып, ат тергейтін жақсы дәстүр, игі үрдісінен жаңылып қалды. Үлкеннің алдынан кесе өтпей, иіліп сәлемін салып тұратын инабатты, ізетті келіндер де саусақпен санарлықтай.
Қазіргі келіндердің келген шаңырағында өздерін салқын ұстап, балама ат қоюды тіпті ойға да алмайтынына кім кінәлі? Ата-енелердің өзі де бүгінде көңілшек болып алды шамасы. Көп нәрсе талап етпейді. Талап еткен күнде жастар ол сөздерді дұрыс емес бұрыс түсініп, оның соңын отбасылық жан-жалға ұластырып жатады. Сондықтан, бүгінгінің енелері келіндерінің «қақпас», «мыстан» атамағанына шүкірлік етіп, «апаша», «енешка» дегенін қанағат тұтатын болды. «Пәленшенің мамасы», «Ана үйдегі кемпошка», «Каляни» (үндінің «Келін» телехикаясының кейіпкері) деген сияқты құлаққа түрпідей естілетін, адамгершілік құндылықтардан алыс, салқын атауға да үйренді. Бұған бір жағы көпшілік енелердің келінді қызындай көрмей, өздеріне жат санайтыны да себеп болса керек. Бұл тұрғыда олардың да бір сәт ойланып қойғаны артықтық етпес еді.
«Атаңа не көрсетсең, алдыңа сол келеді» деген халқымыздың тәмсілі тұрғысынан алсақ, бүгінгі келін ертеңгі ана емес пе? «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген тағы бар. Сондықтан, ата-ананы сыйлаудың, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің бір кішкене ғана үлгісі болып есептелетін ат қою, ат тергеу үрдісін қайта жаңғыртып, қалпына келтіруді әркім өзінен бастаса, шексіз алғысқа кенеліп, ата-анамызға да абырой әпереріміз анық. Ендеше, асыл жеңге, ару келіндеріміздің құлағына алтын сырға.

Фариза Әбдікерімова, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support