- Advertisement -

Абысын тату болса ас көп

114

- Advertisement -

«Ақ жол» газетінің үстіміздегі жылғы 29 қараша күнгі санында жарық көрген Қызғалдақ Сембекованың «Абысын тату болса…» деген мақаласы қазақ қауымы үшін қашанда өзекті тақырып. Халқымыздың «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген аталы сөзі өмірден алынған, бекер айтылмаған.
Ілгеріде жас кезімізде 1960-80 жылдары абысын-ажын, ағайындарды айтпағанда, ауыл тұрғындарының ынтымақ-татулығы, сыйластығы жақсы еді. Ауылдағы жасы үлкен бәйбіше кісілер өздерінен кейінгі абысындары мен келіндеріне өзімсініп еркін сөйлейтін, білместік жасағандарының теріс тірлігін батыл айтып тастайтын. Бұл күнде осындай өнегелі-тәрбиелі сәттерді көп көре бермейміз. Бәйбішелер абысын-келіндерінің болымсыз әрекеттерін көрсе де «айтсам ба екен, айтпасам ба екен» – деп күмілжіп, «бетімнен алып тастар ма екен» – деп тайсақтайды. Бұл күнде келіндер арасында білімді, тәрбиелі және парасатты кісілер аз емес, десек те: «мен неге кішірейуім керек, мен неге оны басындырып қоямын, менің мінезім осы, ешкім мені түзете алмайды» – деген өзімшіл келіндердің де көп екенін ел аузынан естіп жүрміз. Күйеулерімен сөзге келіп қалғанда қолды бір сілтеп, ешкімді тыңдамай, өз білгенімен жүріп кететіндер де өмірде сирек болса да кездесіп қалар. Халқымызда қыз ұзатылғанда ағайын-туыс: «барған жерінде тастай батып, судай сіңсін» – деп тілек айтады, келіндер осы қағиданың үдесінен шығып, ұғынып жүр ме?
«Төркіні жақынның төсегі жиналмайды» деген де аталы сөз бар қазақта. Мұнысы – төркініне келіндердің жиі шапқылағанын мақұл көрмегені. Кей келіндердің келген жерімен салқын болып, төркін-төсінен ажырамай жүретіндіктері де рас. Ондайда қазақ: «кеткен қыз шиден тысқары» деген. Келіндердің келген ел-жұртымен «тастай батып, судай сіңіп» кетуінде ұшқан ұяда көрген тәрбиесі, төркіндерінің ақыл-кеңесі (шешесінің сырттай бақылауы), келген жерінің ағайын-туыстарының ықылас-пейілдері көп көмектеседі. Кей келіндердің абысындарымен тату болудың орнына орынсыз тақасу, есептесу, аңдысу жәйттері де болып тұратыны жасырын емес. Өзімшілдік ешкімге абырой әпермейді, жас келіндер өз істеріне сын көзімен қарағандары, сыпайы, ізетті, инабатты болғаны қандай жақсы. Біле білсе, өз абыройы, өз қадірі үшін.

Айтмахан Тышқанбаев,
ҚР Білім беру ісінің үздігі.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support