- Advertisement -

Автобустар бар, аялдамалар жоқ…

111

- Advertisement -

«Естімеген елде көп» деген. Петропавлда қыста жылытылатын, жазда салқындатылатын, ғаламтор желісіне қосылып, қоғамдық көлік қозғалысын бақылайтын бейнекамерамен жарақтандырылған шағын ғимараты бар «ақылды аялдамалар» пайдалануға беріле бастапты…


Ал біздің Таразда… өкінішке қарай, жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктер үшін бөлініп, арнайы белгіленген аялдамалары жоқ бағыттар да бар екен. Шаһардағы шағын аудандар мен орталық базар аралығына қатынайтын №11, 12, 17 автобустарға мінсеңіз, бұған өзіңіз де көз жеткізесіз. Реттеп, жүйелейтін бір іс осы. Қала орталығынан қарыс қадым ұзамай жатып-ақ, бұл бағыттағы автобус жүргізушілері көрінген қарайғанға тоқтап, одан қалды «Автошкол», «Выставка», «Нұралы базары», «Магазин», «Мокри», «Колибри» деп өздерінше ат қойып, айдар тағып алған «аялдамаларынан» кез-келген жерден жолаушыларын мінгізіп, түсіріп, жол қозғалысы ережесін көрінеу бұзып жүр. Жүргіншілердің біразы автобусты жол үстінде тұрып күтуге мәжбүр. Жаңбыр, қардан, желден, ыстықтан қорғайтын ешбір далда жоқ. Арнайы белгіленіп, нобайы да жасалмаған аялдамалардың бұл бір бағыттағысы ғана. Ал жалпы қаламыздағы саны қанша екен?
Әрқайсысының құны 9 миллион теңге тұратын «ақылды аялдамалардың» биыл біреуін емес, бірнешеуін ел игілігіне ұсынғалы отырған петропавлдық компаниялар үлгісі біздің қалталы азаматтарымызға да жұғысты болса ғой. Әлбетте, бұл мәселеде қала басшылығы да қамсыз қалмас деген ойдамыз.

Тараз қаласы.

Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support