- Advertisement -

Абдрахман АСЫЛБЕК

125

- Advertisement -

БАС ЖАЗУ

Былай деді бір мас:
«Не істеу керек? Бұл бас
Иықта байланып тұруы керек.
Жер шары секілді домалақ,
Үнемі домалап,
Айналып тұруы керек.
Әйтпесе, тоғандағы су секілді,
Ми дегенің сасып кетеді.
Құтыдағы у секілді
Құтырып ашып кетеді.
Сол үшін басты тауға да ұрып,
Тасқа да ұрып,
Миды шайқап тұру керек,
Күйді байқап тұру керек.
Ауырмаған бас бас па?
Айналмасын десең тасқа,
Ішу де керек,
Құсу да керек,
Полицияға түсу де керек,
Не қызық бар басқа?».

* * *
Сөйтіп, қасқа
Басын күнде жазып жүр.
Өмірден азып жүр,
Өзіне көр қазып жүр.

ТӨРТ КЕЗЕҢ

Бірінші жыл тәуір ішті,
Екінші жыл бауыры істі.
Үшінші жыл жатып қалды,
Төртінші жыл қатып қалды.

ІШІП КЕТТІ

Бірінші рет бірер күн ішіп кетті,
Ішіп кетті –
Лақылдата құсып кетті.

Екінші рет бір апта ішіп кетті,
Ішіп кетті –
Гүп болып ісіп кетті.

Үшінші рет айлап ішті,
Айлап ішті –
Айықпайтын жайға түсті.
Төртінші рет жыл бойы ішіп кетті,
Ішіп кетті –
Қабірге түсіп кетті.

АРАҚТЫҢ АҚЫРЫ

Саулық үшін көп ішіп,
Ауырамыз алты ай қыс.
Достық үшін деп ішіп,
Төбелесіп тарқаймыз.

ІЗ ҚАЛДЫРУ

Бір басшы былай деді:
«Дәл бүгіннен қам қыламын,
Артымда із қалдырамын:
Ең алдымен асфальт алдырамын,
Сара жол салдырамын.
Содан соң кірпіш алдырамын,
Мәдениет сарайын салдырамын,
Ауылды думан-ән қыламын.
Содан соң ағаш алдырамын,
Балабақша салдырамын.
Содан соң аспаз алдырамын,
Шайхана салдырамын,
Елді шайға қандырамын.
Содан соң наубайхана салдырамын,
Дүкен толы нан қыламын.
Жастарға тілімді алдырамын,
Ауылда қалдырамын,
Алдарын толы мал қыламын.
Не сұрап келсе де алдыма кім,
Тілегін бар қыламын.
Бәрін де жаңадан салдырамын,
Елімді таң қыламын,
Сөйтіп, артымда із қалдырамын».

* * *
Бастық бәрін де алдырды,
Бірақ, өзіне ғана үй салдырды.
Көп ұзамай істі боп, мәңгірді,
Осылайша артында «із қалдырды».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support