- Advertisement -

ӘСЕМ ҚАНДАЙ ҚҰРМЕТКЕ ДЕ ЛАЙЫҚ!

138

- Advertisement -

Естеріңізде болса, 20 қаңтар күні «Шатыркөл» кенішінің аумағында қайғылы оқиға болды. «Олимп Эйр» ЖШС-ның ұшағы Балхаш — «Шатыркөл» кеніші бағытымен ұшып келе жатқан. Ұшақ бортында жеті адам болды, оның үшеуі экипаж мүшелері. Қарлы далаға құлап, үйінді темірге айналған ұшақтан Әсем Шаяхметова ғана аман қалды.

«Аман қалды» деу – айтуға ғана оңай. Ал Әсем сол сәтте бірнеше жерден сынған аяғының ауырғанына қарамастан, бір метрге жуық қасаты қардың астынан шығып, қаза тапқан ұшқыштың ұялы телефонымен құтқару қызметіне хабарласып, орын алған әуе апаты жөнінде жедел ақпарат берген. Бұл да айтуға оңай. Өйткені, қатты соққыдан зардап шегіп, сансыз жарақаттардың салдарынан қансыраған қыздың әуелі Қызылорда облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментіне, одан кейін Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке хабарласуы – ердің ерінің ғана қолынан келетін төзімділік. Бұл да айтуға оңай. Жаны сірі Әсем қыздың ел боп елеуге тұратын ерлігі — құтқарушылар апатқа ұшыраған ұшақты қашан тауып алғанша ұялы телефон арқылы байланысты үзбей, бағыт-бағдар беріп отыруында болып тұр. Өйткені Әсем байланысты үзсе қоюланып келе жатқан кешкі қараңғылық ызғарлы далада болған апатты құтқарушылар назарынан бүркеп қалар еді. Жетеудің ішінен жалғыз өзі аман қалған Әсем үшін ары қарай айтудың өзі қорқынышты.

Бүгінде Әсемнің жағдайы жақсарып келеді. Ол ә дегенде, яғни оқиға болған жерден Шу ауруханасына жеткізілген кезде дәрігер-хирургтермен тілдесіп: «аяғымды кеспеңіздерші» деп өтініпті. Бойжеткен тілегі, әрине, түсінікті. Бүгінде білікті дәрігер-хирургтер әуе апатынан аман қалған қыз, Құдай қаласа, бір жылдан кейін аяғынан тік тұрып кетеді деп отыр.
Әсем — адам баласының басына қандай қиындық туса да үміт үзбеу керектігін бүгінгі жастарға өз ісімен үлгі ретінде көрсете білді. Ол өзінің қайсарлығы арқылы кешегі Әлия, Мәншүк әпкелерінің ерлігін қайталай алатын сіңілілері қазақ елінде бүгінгі бейбіт заманда да бар екенін паш етті. Әрине, қайсар қыз бұл үшін ешқандай құрмет іздеп, ешқандай атақ сұрамайды. Бірақ оның өжеттігін болашақ ұрпаққа тағылымды тәрбие ете білу үшін ел азаматтары есті тірлікке барып, Әсем үлгісін қалай құрметтеп, қандай марапатқа ұсынса да лайық деп ойлаймыз.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Шатыркөл кеніші, Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support