Мұхамеджан Тазабек – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»

47

Тоқсаныншы жылдары қазақтың төл өнері – айтыстың аспанында жасындай жарқ ете қалған жерлесіміз Мұхамеджан Тазабек сол мирас өнердің туын биікке көтерді. Айтысты эстрадалық, шоулық сарыннан тереңдікке, мазмұндыққа қарай сүйрей білген Мұхамеджан «Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы» құрметіне өткізілген, Ордабасыдағы «Қазақтың үш биіне» арналған, Қарасай батырдың – 400, Бөгенбай батырдың – 300, Сыпатай батырдың – 210, Абайдың – 150, Т.Рысқұлов пен М.Жұмабаевтың 100 жылдықтарына, Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына, Жамбыл облысының 60 жылдығына орай өткен халықаралық, республикалық айтыстарда қарсыластарынан оқ бойы озық болып, қара өлеңге қазығын байлады. Жеңімпаз атанды!

Сөз өнерінде көркемдікті, тың теңеулерді, салмақтылықты басты ұстаным санаған оның шумақтары ел аузында әдемі терме, мазмұнды жыр ретінде жиі айтылады. Жамбыл өңірінің айтыс өнерін жаңа биікке бастаған от ауызды ақын айтыскерлік қырынан бөлек 1996 жылы «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде ақынның образын шебер сомдап шықты. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы «Нұр Отан» партиясы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен түсірген, ұлттық ойын көкпар спортын насихаттауды көздейтін «Дода» толықметражды фильмінің бас продюсері де болды.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасында жарық көрген «Жұмадағы жүздесу» (2001-2002 ж.ж.), «Ораза қабыл болсын» (2008), «Иман нұры» рухани-мәдени хабарларының, «Қазақ радиосынан» эфирге шыққан «Құбыла» (2003-2008) жобасының авторы және жүргізушісі ретінде де елдің жадында қалды. Әр жылдардағы айтыстары топтастырылған «Айтыстар» (2006), балаларға арналған «Иман бақшасы» (2009), «Қазақ радиосының рухани бұлағынан» (2010) атты публицистикалық жинақтардың авторы екенін де ел жақсы біледі. Мұхамеджан Тазабек айтыскер ретінде ғана емес, ұлттық айтыс өнерін насихаттаушы және айтыскерлердің жаңа буынын тәрбиелеуші тұлға ретінде де төл өнерге қомақты үлес қосып келеді. 2005 жылдан бері республикалық деңгейдегі ондаған айтыстардың («Төртеу түгел болса», «Отанды сүю – иманнан», «Елбасы Жолдауы – елдіктің арқауы», т.б) ұйымдастырушысы. 2013 жылдан бастап, «Нұр Отан» партиясы қамқорлыққа алған республикалық («Кіл жүйрікте кім жүйрік?», «Бір халық, бір ел, бір тағдыр», «Береке басы бірлікте», «Отбасым – тірегім, Отаным – жүрегім») айтыстарының ұйымдастыру-үйлестіру тобының, қазылар алқасының мүшесі.
Бір сөзбен айтқанда қазақтың сөз өнеріне сүбелі үлес қосып, еңбегінің өнбегін көрген ол Қазақстан жастар одағы сыйлығының, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері атанғанда жерлестері бір қуанып еді. Танымы кең, ойы ұшқыр Шаханның ұлы тағы бір марапатқа ие болды. Ол Тәуелсіздік мерекесіне орай «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды. Ылғи да тынымсыз еңбегімен көзге түсіп, ұлт өнері үшін тер төгіп жүрген жерлесімізді құттықтап, алда да үлкен жемістер тілейміз.

Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».

Сарыкемер ауылы,
Байзақ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту