Жасындай жарқыраған жұлдыз

83

Жасұлан Қыдырбаевқа облыс әкімі автокөлік сыйлады

Сенбі күні облыс әкімі ауыр атлетикадан Алматыда өткен әлем біріншілігінде жасындай жарқырап, 94 келі салмақ дәрежесінде топ жарған тұңғыш қазақ спортшысы Жасұлан Қыдырбаевты да марапаттады.
Ауыр атлетика әлемінің жаңа есімі, жарық жұлдызы Жасұланға Кәрім Нәсбекұлы ризашылығын жеткізді. «Облысымызда спорттың қарқынды дамып келе жатқаны мәлім. Құрлықтық, әлемдік додаларда ұландарымыздың толағай табыстарға қол жеткізіп жатқаны соның айқын айғағы. Қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, ауыр атлетіміз Жасұлан бауырымыз қандай да құрметке лайық. Жеңісті жорықтарың молынан болсын» деді облыс басшысы чемпионды құттықтап. Жиырма екі жасар жампозға жол талғамайтын жорға көлік «Тойота лэнд крузердің» кілтін табыстады. Сонымен қатар алғашқы бапкері Дәулет Әділғажинге бір миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Жасұлан Қыдырбаев әлем чемпионатының алдында салмағы ауырлау болғаны мәлім. Ол: «Менің салмағым біршама ауырлауына орай келесі салмақтың әлсіздері топтасқан «В» тобында өнер көрсетуім де мүмкін еді. Егер солай болған жағдайда бұл алтын медальдің ауылы алыстай түсері анық қой. «В» тобындағы спортшылар ертерек сайысқа түсіп, «А» тобындағылардың нәтижесін күтеді. Менің Ильиннің бұрынғы салмағында өнер көрсетуім және «А» тобына ілінуім бапкерлерімнің еңбегінің, дұрыс стратегиясының арқасы. Сол үшін қуаныштымын. Жамбыл жұртшылығын, Алаш халқын алдағы уақытта да жарқын жеңістеріммен қуантсам деймін» дейді. Мақсатын биік қойған оғланымыз осылайша үлкен құрметке бөленді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту