Жауырыны жерге тимеген Брайсон

60

Қазақ күресін күллі әлем таныды. Иә, Павлодарда өткен «Әлем барысы» мегажобасына төрткүл дүниенің 35 елінен кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін спортшылар келді.
Сонымен кіл мықтылар боз кілемде кімнің десі басым екенін анықтады. Айтулы аламанда ел намысын қазақтың қос бірдей барысы Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғымаров, ағымдағы жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің күміс және қола жүлдегерлері Асыл Бәрменов пен Руслан Әбдіразақов қорғады. Өкінішке қарай, Алаштың ту ұстар жігіттері бұл күні олжа сала алмады.
Бостандық аралынан келген Оскар Рене Брайсон Видал алғаш рет жалауы желбіреген турнирдің бас жүлдесін қанжығаға байлады. Оның бұл күні қазақ балуандарының бәрінен бәсі де, десі де жоғары болды. Тек, бүгілмейтін Брайсонға «Тараз арланы» деген лақап аты бар жерлесіміз Бейбіт Ыстыбаев қана тегеурінді қарсылық таныта білді. Дегенмен, төрешілердің шешімімен Брайсон ақтық сынға жолдама алды. Салмағы жүз алпыс келіге жуық кубалық қара нар финалда Айбек Нұғымаровты әп-сәтте алып ұрды. Таза жеңіске жетті.
Жартылай финалда самбодан Еуропаның екі дүркін чемпионы Максим Ширяевті әупірімдеп жүріп жеңген Айбек бұл жолы шыдас бермеді.
Ал «Әлем барысы» турнирінің үшінші орын үшін белдесуінде Ресей балуаны Максим Ширяев Бейбіт Ыстыбаевтан басым түсті. Бас жүлдені еншілеген Брайсон Видальға 100 мың АҚШ доллары, алтын белбеу берілсе, Айбек Нұғымаров 20 мың, ал үшінші орын иеленген Максим Ширяевке 10 мың АҚШ доллары берілді. Басқа спортшылар да құр алақан қалған жоқ.
Байрақты додаға дзюдодан, самбодан әлем чемпиондары келді. Олардың әрқайсысының қазақ күресіне бауыр баса бастағаны айқын аңғарылды. Әйтпесе, чехиялық Лукас Крпалек сынды дзюдо күресінен еуропаның екі дүркін чемпионы және ағымдағы жылғы әлем чемпионы Бейбіт Ыстыбаевқа қарсы табанды күреспес еді. «Тараз арланы» бұл кездесуде де, тәжікстандық балуан Дадахон Құрбанәлиевке қарсы белдесуде де өзінің мүмкіндігін толық көрсете алған жоқ. Бабында болмағаны көзге анық байқалып тұрды. Бәлкім, жарақаты да болған шығар. Дегенмен, Брайсонмен өткен шайқаста Бейбіт барын салды. Жеңіске де лайық болды. Өкінішке қарай, сәттілік жетіспеді. Бір сөзбен айқанда қазақ күресінен сынға түскен балуандарымыздың ешқайсысы жеңісті жұлып ала алмағаны өзекте өкініш отын тұтатты.
Әйткенмен, бұл мықтылардың додасы. Кіл жүйріктен озып шыққан шын жүйрік Брайсонның жеңісі арқылы да елімізді әлем тани түсті. Өйткені, Брайсон қайда барса да «Әлем барысының» жеңімпазы екені айтылары даусыз. Бұл да болса қазақ күресінің жаңа бір белесі, жеңісі, жарнамасы.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту