«Қазақпараттан» «өрт» шығарған едім

0
58

«Ақ жолдың» арқасында 2008 жылы Астана қаласының он бір жылдық мерейтойына қатысудың сәті түскен еді. Бас қаламыздың төл мерекесі бар сән-салтанымен тойланды. Мен соның барлығын күнделікті газетке жолдап отыруым керек.
Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен еліміздің түкпір-түкпірінен келген журналистерге хабар тарату үшін арнайы медиа орталық жұмыс істеп тұрды. Бір күні сонда барсам қаптаған кезек екен, интернетке отыру жуық арада мүмкін бомайтын сынды. Ал редакциядағылар газет шығатын күні қарбалас болғандықтан мақаламды тездетіп жіберуді сұрап жатыр. Содан Тараздан Астанаға «Қазақпарат» Ұлттық Ақпарат агенттігіне жұмысқа ауысқан әріптесім Зарина Нохрабековаға хабарласып, бұйымтайымды жеткіздім. Сөйтіп, «Қазақпаратқа» қарай жол тарттым. Бірнеше қабатты үлкен ғимаратқа кіріп, күзет бөлімінен Заринаның ішкі телефонына қоңырау шалып, төменде күтіп тұрғанымды айттым. Ол келгенше жоғарыға көтерілетін баспалдаққа сүйеніп, қабырғада ілулі тұрған түрлі ақпараттық материалдарға көз жүгіртіп, уақыт өткізе бастадым. Ұялы телефоныма сол кездегі газеттің жауапты хатшысы Аманғали Әбуов ағамыз тыныштық берер емес… Қазір түсемін деген Заринам да кешіге бастады. Дегбірсізденіп, тағат таппай тұрғанда қолымдағы барлық қағаздар салынған папкамды түсіріп алдым. Қағаздар сау етіп төгілді де қалды. Оларды еңкейіп жинай бергенімде аяғым тайып кетті. Құлап бара жатып баспалдықтың жиегінен ұстап қалдым. Бір кезде бүкіл ғимарат өрт шыққанда шығатын дабылдық дыбысқа басты. Күзетші «не істедіңіз?» деп өз бөлмесінен аптығып жүгіріп шықты. Менде үн жоқ. Әлі ештеңе түсініп тұрған жоқпын. Бір кезде бүкіл ғимаратта отырған адамдар «Өрт! Өрт!» деп шулап сала берді. Дәлізде құты қашып, ерсілі-қарсылы топырлап жүгірген жұрт. Олардың барлығын күзетші «жалған ақпарат орын алды, алаңдамаңыздар!» деп басуда. Кейін аңғарсам мен әлгінде баспалдақтың жиегіне елеусіздеу орнатылған өрт басталғанда басатын дыбыстық белгіден ұстаған екенмін. Көптен күткен Заринам да келді. Амандық-саулықтан кейін маған қарап: «Не болды Фариза мен шықпаған соң бүкіл ғимаратты «өртке» орадың ба? Бастығымызға дейін кабинетті тастап қаштық. Зәреміз қалмады» деді күліп. Бұл әңгімені естіп тұрған күзетшінің де ішегі қатты… «Ақ жолдың» абыройы, тапсырмасы үшін Астананың қақ төрінде осындай күлкіге де қалған кезіміз болды. Журналистика осындай қиындығы мен қызығы астасып жүретіндіктен құнды болса керек.

Фариза Әбдікерімова,
«Ақ жол».

Пікір:

Please enter your comment!
Please enter your name here