- Advertisement -

«Какая разница?»

103

- Advertisement -

2009 жылы үлкен жүректі кәсіпкер азамат Жеңіс Тоғызақбаев Сарысу ауданындағы өзінің туып-өскен ауылы Жайылмадан құны 40 миллион теңге тұратын зәулім спорт кешенін салып, жерлестеріне тарту етеді. «Ақ жолдың» осы өңірдегі меншікті тілшісі болғандықтан кешеннің ашылу салтанатына орай маған арнайы бет дайындау туралы тапсырма берілді. Оның үстіне мен жаңа нысанның қазығы қағылғаннан бастап құрылыс жұмыстарының барысы туралы тұрақты мақалалар беріп тұрдым. Кәсіпкердің Шымкенттегі шаңырағында да болып, әкесі Бөрібек балуан туралы жан-жақты мәліметтерге қаныққаным тағы бар. Содан дереу іске кірістім. Балуанның жары Зоя апайдың, бауырларының, жерлестерінің ой-пікірлерін, жаңа кешеннің ерекшелігі мен суреттерін қамтып «Атымтай Жомарт» деген жалпы тақырыппен мақалалар топтамасын редакцияға жолдадым…

Спорт кешені ашылатын күн. Қуаныштан бір орында байыз тауып отыра алмай жүрмін. Енді ше, «Ақ жолға» кіргенім кеше, ал бүгін менің ұйымдастыруыммен арнайы беттің мақалалары басылып шығуда. Көңілім алып ұшады. Мұндайда газет те тезірек келе қоймайды ғой. Бір кезде ұялы телефоным шырылдап қоя берді. Қарасам бас редактор Мақұлбек аға Рысдәулет. «Не айтқалы жатыр екен» деген оймен жүрексіне тұтқаны көтердім. Амандық-саулықтан соң:
– Өй, сен өзің не бүлдіріп жүрсің-ей, – деп Мақұлбек аға гүр ете қалды.
– Не болып қалды, аға?
– Біз Жеңіс Тоғызақбаевтың азаматтығын ардақтап, абыройын асқақтатып «Атымтай Жомарт» деп бүгін арнайы бет бердік. Дұрыс па?
– Дұрыс.
– Ал сен басты тақырыптың астындағы тақырыпшаны дұрыс жазбағаның қалай? Жеңістің әкесі мен оның тегін ауыстырып жіберіпсің ғой.
– Қалай сонда, аға? – дедім күмілжіп.
– Қалайы несі, сен тақырыпшада: «Ертең Жайылма ауылында Тоғызақбай Бөрібекұлы атындағы спорт кешені ашылады» депсің. Турасына келгенде Бөрібек Тоғызақбайұлы атындағы спорт кешені екен ғой, – деді Мақұлбек аға зілді дауыспен.
Түкке түсінсем бұйырмасын. Оның үстіне қолымда газет тұрмағандықтан мәселенің мәнісіне бойлай алмай да тұрмын. Сасқанымнан:
– Ой, аға, какая разница?-деппін ғой. Мақұлбек аға рахаттана күлді де, тұтқаны тастай салды. Кейін «Ақ жол» келгенде көрдім, шын мәнінде менен кемшілік кеткен екен. Бірақ, бас редактор ол үшін жазалаған жоқ. Дегенмен, мен де мұндай қателікті қайталамауға тырысып келемін.

7

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support