«Сметов кішкентайынан еңбекқор болды»

57

Азия ойындарында дзюдодан қазақ спортшылары сапынан тұңғыш рет алтын медаль алып, есімін тарих беттеріне алтын әріптермен жазған Елдос Сметов туралы жұртшылық көп біле бермеуі мүмкін. Тіпті, БАҚ өкілдерінің өзі Елдосты біресе Жамбыл облысының дзюдошысы, біресе Алматы қаласында туған деп жазып жүрген соң біз мәселенің анық-қанығын нақтыладық. Елдосты шаһарымызда жаттықтырушы Ахмет Жұмағұл баптапты. Бірінші бапкерімен, одан кейін әкесі Бақтыбай Сметовпен Елдостың дзюдо күресіндегі бастапқы қадамдары, жетістіктері туралы аз-кем сөйлескен едік.

– Ахмет аға, Елдостың алғашқы бапкерісіз. Бүгінде Азия ойындарының биігін бағындырған шәкіртіңізді қанша жасынан бастап баптадыңыз?..
– Елдос маған бар болғаны алты жасында, яғни, 1998 жылы келді. Ширақтығы, жаттығуға баса назар аударатыны көзге бірден көрінді. «Осы баладан түбі бірдеңе шығады» деген ойда болғаным да рас. Сол кішкентай Елдосым менің қол астымда он бір жыл бойы жаттықты. Сметов кішкентай кезінен еңбекқор болды. Жаттығуларды максималды түрде орындайтын. Еріну дегенді мүлде білмейді. Тынымсыз еңбегінің арқасында талай жетістіктерге де жете білді.
– Алғашқы жетістігіне қашан қол жеткізді?
– Маған келген соң арада бір-екі жыл өткен соң Алматыда өткен халықаралық турнирде жасындай жарқырай білді. Қарсыластарының бәрінен басым болған балам (Елдосты балам деймін) сол додада топ жарып, өзінің болашағынан үлкен үміт күтуге болатынын байқатты. Елдос әрмен қарай да тынымсыз тер төгіп, талай турнирлерде жеңіске жетті. Тіпті, межелі өз дәрежесіне салмағы толыспай қалған кезде беліне қорғасын байлап, салмағын «қолдан» арттырып, татамиге шығарған кезіміз де болған-ды. Кейін қалыптасты ғой. Сегізінші сыныпқа дейін менің қоластымда жаттықты. Менен кеткеннен кейін де талай байрақты бәсекелерде топ жарды. Елдосты қазіргі бапкеріне өзім табыстаған болатынмын. Әлемдік додада намысты қолдан бермегінін білесіздер. Азия бірінші­лі­гінде де көңіл көншітетін нәтиже көрсетті.
– Шәкіртіңіз қазақ дзюдошыларынан шыққан тұңғыш Азия ойындарының жеңімпазы екенін білетін шығарсыз…
– Әрине, Елдос мені әке дейді. Өкіл балам ғой. Балам уәдесінде тұрып, еліміздің туын көкте желбіреткен кезде қатты толқыдым. Тіпті, жанарыма жас үйірілді. Елдостың мұндай жетістікке жетуінің бір сыры жаттығу залында жас талғамайтындығы шығар. Кішкентай кезінің өзінде өзінен үлкендермен де жанталаса жаттығып жүрді. Бұл жетістік сол тынымсыз еңбектің, төккен тердің жемісі деп білемін. Елдос балам алдағы үлкен жарыстарда да топ жарады деп сенім артамын. Ылғи да үлкен жарыстарға аттанар алдында батамызды алып жүреді. Ол оның кішіпейілдігін байқатса керек. Ең бастысы Елдосымның тарихқа атын алтын әріптермен жазғанына қуанып тұрмын. Азиадада дзюдодан алтын алған бірінші қазақ балуаны болудың өзі бір тарих қой.
Бұдан кейін Елдостың әкесі Бақтыбай Сметовке хабарласып, құттықтаған едік.
Бақтыбай Сметов, Елдостың әкесі:
– Алғаш болып хабарласқандарыңызға үлкен рахмет! Бұл біздің отбасының ғана емес, қазақ елінің қуанышы деп білемін. Жалпы, менің үш ұлым дзюдоға әуес болды. Елдостан бөлек Жандос пен Бақберген де дзюдо залына барды. Бақберген кейін өнерге кетсе, Жандос жарақат алып қалды. Дегенмен, Жандосымның спорт шебері деген атағы бар. Елдос дзюдо күресі бойынша қазақтан шыққан тұңғыш Азия ойындарының жеңімпазы екенін білгенімде ерекше қуандым. Бұл біз үшін мақтаныш. Баламның үлкен жетістікке жетуі үшін тер төккен бапкерлерінің бәріне ризамын. Әсіресе, алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлға алғысым шексіз.
– Аға, Елдосты БАҚ беттерінде Алматы облысының спортшысы деп қателесіп жатады. Елдос өзі қай жақтың тумасы екенін өзіңіз айтып өтіңізші нақты?
– Жалпы біз Тұрар Рысқұлов ауданы, Жалпақсаз ауылынанбыз. Елдос ешқандай да Алматының спортшысы емес. Кіндік қаны тамған жері сол Жалпақсаз ауылы. Алматыда оқып жатыр. Сондықтан оны Алматының тумасы деп шатастыруға болмас.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту