- Advertisement -

«Шахристанға» шашу шашатын күн жақын

230

- Advertisement -

Туризмнің дамуына жол ашылады

Сіз соңғы кезде Тараздағы бұрынғы «Шахристан» базары жаққа бардыңыз ба? Бармаған боларсыз. Себебі онда баяғыдай сауда орындары жоқ. Алайда онда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынып жатқан үлкен жоба бар. Жобаның ел игілігіне айналып, тұрғындарға қызмет ететін күні де алыс емес. Қазіргі таңда ол жерде қызу құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Биыл облысымыздың құрылғанына – 80 жыл. Бұйырса, бұл құрылыстар да осынау маңызды мерекеге ерекше тарту болмақ.
Әлемнің өркендеген мемлекеттерінің бәрінде туризм саласы ерекше дамыған. Олар табыстың негізгі бөлігін туризмнен тауып отыр десе де болады. Елбасы да, мемлекетіміздің Президенті де туризм саласын дамытуға баса көңіл бөліп, осы бағыттағы жұмыстарды дамытуды барлық өңір басшыларына тапсырып отыр.
Тараз – тарихымен әлемге әйгілі қала. Оның тағылымы тереңде. Мұнда V-VІІ ғасырлардағы құндылықтардың табылуы, Шығыс пен Батыс құндылықтарының біздің өңірмен байланысатыны өте маңызды. Облыс әкімінің қолдауымен осы маңайда 12 нысан салынса, оның 7-еуі «Шахристан» этномәдени орталығында бой көтереді.

Тараздың арбат тары
көзді арбайтын болады

Мамандар осында үш арбат салынатынын айтады. «Шахристан» этномәдени орталығы бірінші арбат саналса, «Март» сауда кешенінен Сейілхан Аққозиев көшесіне дейін екінші, одан әрі қарай үшінші арбат салынып, елдің серуендейтін орындарына айналмақшы. Алдағы уақытта бұл төңіректе көліктің жүруі тоқтайды. Біз сипаттап, суреттеп отырған аумақ техника түтінінен таза, адамдарға табиғаттың әсемдігін, сурет, қолөнер әлемінің кереметтерін сыйлайтын ғажайып демалыс орнына айналады. Скверлер мен жүргіншілер жолы да жоспарланған. Туристер мен сейілдеушілер жүретін ол жолдың екі шеті қазақ халқының қолөнер бұйымдарына толып тұрады. Яғни, мұнда халқымыздың тарихын, дәстүр-салтын шетелдік туристерге кеңінен таныстыру – басты мақсат етіп қойылған. Тараздың ғажайып арбатпен ажарлана түсетін кезі де алыс емес.

Жеті нысан –
жеті муза секілді

Бізге мұндағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын облыс әкімдігі құрылыс басқармасы басшысының кеңесшісі, штаб бастығы Рахманқұл Бәйтелиев түсіндірді. Оның айтуынша, көлемі төрт гектар жерді алып жатқан аумаққа бүгінгі заман талабына сай, әлемдік өркениет деңгейінде, шығыстық үлгідегі сәулеті мен салтанаты жарасқан ғимараттар түседі. Тізбелеп көрейік.
Алғашқысы – жерлесіміз, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият» орталығы. Өңірге қатысты рухани құндылықтар, салт-дәстүр, жоралғыларымыздың бәрі осы жерден көрініс табатын болады. Жергілікті айтыскерлер мен жазба ақындарды қолдау іс-шаралары да көзделген. Сондай-ақ өңірімізде Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият» орталығы жұмыс істейтіні де жергілікті қаламгерлер қауымын қуантып отыр.
Екіншісі – қолөнершілер үйі. Мұнда облыс аумағындағы қолөнер шеберлері бас қосып, тың идеяларымен бөлісетін болады. Өздерінің зергерлік шеберліктерін жетілдіреді. Осында Шығыс, Батыс, Сыр, Арқа, Жетісу және басқа да аймақ үлгісіндегі бұйымдар жасалады. Олардың қолынан шыққан ғажайып бұйымдарды сатуға да мүмкіндік туады.
Үшіншісі – көркемсурет галереясы. Өңірімізде көптеген суретші бар. Олардың басы осы ғимаратта қосылып, өз стильдерін айшықтап, шеберліктерін дамытуға кіріседі. Суретшілердің ұшқыр қиялы мен қаламынан туған дүниелер шетелдік және отандық туристердің қызығушылығын тудырады деп сенеміз.
Төртіншісі – облыстық өлкетану музейінің жаңа ғимараты. Мұнда да өңірімізге қатысты талай құндылықтардың сақталатыны анық.
Бесінші – көрме залы. Оның көлемі бір мың текше метрді құрайды деп күтілуде. Осында барлық сала бойынша көрмелер өткізуге қолайлы жағдай ескеріледі. Тек шығармашылық адамдарының ғана емес, бұл зал мал шаруашылығы, құрылыс, егін шаруашылығы салаларының да үздік жұмыстарынан көрме өтіп тұратын үлкен нысанға айналмақ.
Алтыншы – «Руханият» орталығы мен көркемсурет галереясының ортасына салынатын амфитеатр. Бұл да біздің өңірге өте қажет. Шәмшінің, Нұрғисаның атындағы халықаралық байқаулар, басқа да халықаралық өнер бәйгелері осы жерде өтетін болады.
Жетіншісі – Төле би көшесінің бойындағы «Март» сауда кешенінен Байзақ батыр көшесіне дейінгі аумақты алып жататын жаяу жүргіншілер сквері.
Осы ретте «Достық» үйінің алдынан биіктігі 35 метрлік сағат бой көтеретінін айта кеткен жөн. Ол сағат үнемі Нұр-Сұлтан қаласымен сәйкес уақытты көрсетіп тұрады деп жоспарлануда. Тұрғындардың назарын аударып, қызығушылығын тудырып отырған жеті нысанның тұрғындар мен қонақтар үшін мәні мен маңызы осындай.
қуаныш қазан
айының соңында

Ал енді мұндағы құрылыстың ерекшелігіне келетін болсақ, кірпіштер Самарханд қаласынан арнайы алдырылуда. Ол кірпішті әсемдеп қалау жағы да біздің өңірде кенжелеп қалғандықтан, негізгі шеберлерді Самархандтан алдыру көзделуде. Ал одан басқа құрылыс заттарының бәрі өз өңірімізден шығып жатыр. Бұл – жергілікті кәсіпорындардың да өнімдері өтіп жатыр деген сөз.
Осында құрылыс жұмыстарына 40 техника жұмылдырылып, 300-ден астам құрылысшылар екі ауысыммен еңбек етуде. Жеті нысанды аяқтау межесі – қазан айының соңы. Меже мерзімі жақындаған сайын жұмысшылар санының артуы мүмкін. Мұндағы құрылысшылардың, техника жүргізушілерінің жалақылары өздерінің көңілдерінен шығады.
– Биыл – облыстың 80 жылдығы. Бұл құрылыс жұмыстары сол мерекенің құрметіне басталған. Жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Қазанның соңғы күндеріне дейін үлгеруді межелеп отырмыз. Барлық мүмкіндікті соған жұмылдырамыз. Қазір мұнда 7-8 мердігерлік компаниялар жұмыс істеуде. Олардың ішінде ірілері – «Кең арна», «Өмірзақ», «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Солар негізгі жұмыстарды атқарады. Қосымша мердігерлер де бар. Мұнда басқарушы біздер де, шеберлер мен жұмысшылар да құрылыстың уақтылы және сапалы аяқталуы қажеттігін түсінетініміз анық, – дейді штаб басшысы Рахманқұл Бәйтелиев.

Ардагерлер «Шахристандағы» құрылыс жұмысымен танысты

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған алдыңғы толқын ағалар «Шахристан» орталығына барып, құрылыс барысымен танысты. Бұл да аға буынның өңірдің дамуына, қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамайтынының айғағы. Ардагерлер арасында жазушы Елен Әлімжан мен ақын Қайырбек Асанов та бар.
– Бүгін осында жоспарланған құрылыс жұмыстарымен танысып шықтық. Бізге барлық жобалар ұнады. Әсіресе Халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият» орталығы ашылатынына бек қуанып отырмыз. Бұл жерден біз облыс әкімі Асқар Исабекұлының жобаларын, жақсы ой, бастамаларын көріп тұрмыз. Жүзеге асып жатқан бұл ауқымды құрылыс сәтімен аяқталса деген тілегіміз бар, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов.

Есет Досалы

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support