- Advertisement -

Елі барда – ерінің аты өшпейді

58

- Advertisement -

Бүгінде ардагерлеріміз біз үшін жауынгерлік ерлігімен ғана емес, өмірлік өнегесімен де қымбат жандарға айналды. Олардың өшпес ерліктері ұрпақтар жадында мәңгі сақтала беретін болады. Сонымен қатар «Елі барда – ерінің аты өшпейді» демекші, аға ұрпақтың жауынгерлік рухы өскелең ұрпақ үшін елжандылықтың ерен үлгісі. Уақыт өткен сайын ол асқақтай береді. Сондықтан қашанда қарт майдангерлеріміз ұмытылған емес.98 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Кемелбек Шəменов атамызға үлкен құрмет көрсетілді. Аудан басшылығы тек мереке күндері ғана емес, ардагерлермен үнемі тығыз байланыста. Олардың хал-жағдайларын сұрап, ақыл-кеңестерін тыңдауда жалыққан емес. Таяуда аудан басшысы оларды Жаңатас қаласының 50 жылдығымен құттықтап, мерекелік төсбелгісін тапсырды. 

Жаңатастың 50 жылдығы еліміздегі ауқымды шаралармен тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі таңда өңіріміз кеншілер мекеніне айналды. Бұл мереке – қаламыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз ететін халықтың еңбегіне деген құрметтің белгісі. Сондай-ақ бұл күн жарты ғасырлық ғұмырын бастан өткізген қаланың құлдыраудан қайта түлеудегі жетістіктерін дәріптеуге арналған. Еліміздің әрбір азаматы адал, риясыз, өнімді еңбектің маңыздылығын санасына сіңіруі керек. Сонда ғана әлемдегі озық елдердің қатарына қосылады. Келешекте ұлттың табыстылығы адами капиталдың сапасымен өлшенеді.
Елбасы өзінің «Жалпыға ортақ: Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында әлемдік өркениеттің барлық құндылығы, барлық экономикалық және мәдени байлығы виртуалды қаржы институттарының емес, адамның еңбегімен жасалады деген болатын. Расында да, қаламыздың жарты ғасыр ғұмырына көз жүгіртетін болсақ, тау-кен саласының еңбектерін атап өтпеу мүмкін емес.
Бүгінде екі бірдей алып «Қаратау» және «ЕуроХим» өндіріс орындары қаланың ғана емес, мемлекетіміздің дамуына да зор үлесін қосуда. Қаланың негізгі жетістігі мен байлығы – еңбекшіл тұрғындары. «Жасына қарай – ізет» дейді дана қазақ.
Осы орайда аудан әкімі Қанатбек Мәдібек Жаңатастың 50 жылдық мерекесі қарсаңында қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан жастары 80-нен асқан бүгінде қария болып, ақылшымызға айналған азаматтардың үйлеріне барып арнайы марапаттады. Марапатталғандар арасында 84 жастағы қария, 30 жылдан астам ғұмырын тау-кен саласының тау қопару, жару жұмысына арнаған Елтай Сәдібеков ақсақал да бар. Аудан басшысы көнекөзді құттықтап, омырауына Жаңатас қаласының 50 жылдығына арналып жасалған мерекелік төсбелгісін тағып, әңгіме-дүкен құрды.
13 перзент өмірге әкеліп, немере, шөбере сүйіп бақытты қарияға айналған ағамыздың отбасы мүшелері де тау-кен саласында қызмет етеді. Сексеннің сеңгірінен асса да қарияның әлі де айтары, болашақ ұрпаққа берері көп. Мерекелік салтанатқа шақырып, сый-сияпатымызды көрсеткен басшыларға батасын беріп, алғысын жеткізді.
Содан соң 1961 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін «БелАЗ» жүргізген Марат Исаевтың шаңырағында болды. 30 немере, 9 перзент сүйіп отырған сексендегі қарияның жары Рымжан апамыз екеуі әлі де болса тың, алдына шығып аудан әкімін қуана қарсы алды. «БелАЗ»-ды ұршықша иірген Марат ағамыз зейнет жасына шықса да, елдің ертеңіне алаңдап, жастарға, балаларына дұрыс тәрбие беріп келе жатқандығын сөзінен аңғардық.
Марапат пен сый-сияпатқа толы күннің жалғасы қадірлі құрылысшылар Ожырай Тұрсынбек, Мария Степанова сынды қарияларымыздың отбасына баруға ұласты. Ұзақ жылдар сылақшы, сырлаушы болған Мария Степанова аудан басшысының ыстық ілтипатына қатты қуанды. Қариялар жас баладай шаттанып, қалада орын алып жатқан жақсы жаңалықтар үшін алғыстарын білдіріп жатты.

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Жаңатас қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support