- Advertisement -

Париж – сән орталығы десек, Тараз – қолөнер шеберлерінің шаңырағына айналады

47

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында облыс орталығында бой көтеріп келе жатқан «Шахристан» этномәдени орталығы құрылысының барысы пысықталды.
Бұл этномәдени орталықта орын алатын бірнеше нысандар басқармалар мен қала әкімдігіне бөлініп берілген. Бүгінгі күні олардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ендігі мақсат – орталықта орналасатын бірқатар нысандарды өздерінің қолданысына қарай безендіру жұмыстарын бастау.
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев дәл бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстардың атқарылғанын баяндап берді. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс, облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова өз жобаларымен таныстырды. Сонымен қатар болашақта халық игілігіне қызмет ететін орталықта қандай қызметкерлер қандай бағытта жұмыс істейді? Олардың ғылыми, рухани, мәдени және әдеби әлеуеті қандай болуы керек? Осыған байланысты қарастырылатын штаттық бірліктер жайын Асқар Исабекұлына облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев таныстырды. Ұсынылған жобалар және өзге де безендіру шаралары бойынша өңір басшысы өз ойымен бөлісті.
– Жалпы, бұл жұмыстар рухани жаңғыру құндылықтарын ескеруді керек етеді. Бой көтерген ғимараттың өзі, әр қабатта орын алатын тақырыптық бөлмелер безендірілуімен үндес келуі қажет. Сондай-ақ осы дизайнерлік белсенділікте жаңа технологияларды игерген компаниялармен бірлесе жұмыс жасау шарт. Таразда ондай әлеуеті жоғары компаниялар жоқ болса, өзге қалалардан да шақыру керек. Орталықта орын алатын әр тақырыптық нысанда, мысалы, Шерхан Мұртаза орталығында ол кісінің ғибратты сөздері жазылып ілініп, тәрбиелік, өнегелік ой-толғамдарына да орын берілуі керек. Сонымен қатар кешегі Баласағұнның, Күлтегін, Білге қағандардың өнегелі сөздері де айшықталатын болады. Біз осы орталық арқылы Тараздың әлеуетін әлемге танытуды мақсат етуіміз керек. Сондықтан безендіру жұмыстарының жан-жақтылығы, үндестігі, заманауилығы қатаң ескерілетін болады, – деді өңір басшысы.
Көрме залының жобасын ұсынған туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Әмірқызының облыс әкіміне баяндауынша, келешекте мұнда туризм нысандарының картасы орналастырылып, олардың онлайн қолжетімділігі де ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Шеберлер қалашығына» тараздық 23 шебердің 1118 бұйымы (кәдесый) қойылмақ. Олар сатылымға да шығарылады. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлер үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтуды да көздеп отыр. «Біз Таразға өзге де қалалардың ұста, шеберлерін шақырып, олардың бұйымдарын көрмеге қоюымыз керек. Әзірге көршілес облыстар орталықтарында мұндай орталық жоқ. Сондықтан олардың ұста-шеберлерінің әлеуетін пайдалана отырып, туризмнің бір тетігін дамытуға ықпал етуіміз керек. Жалпы, этномәдени орталықтың жұмысын жүйелі жүргізу үшін орталықтандырылған жүйе енгізу керек. Париж – сән орталығына айналған қала. Біз Таразды – ұста-шеберлердің шеберханасына, орталығына айналдыруымызға мол мүмкіндігіміз бар. Амандық болса осындағы «Көрме залында» Жамбыл облысының 80 жылдығын атап өтетін боламыз», – деді Асқар Исабекұлы.
«Шахристан» этномәдени орталығының құрылысы, безендіру шаралары бойынша жұмыс тобы алдағы аптада тағы да бас қосуға уағдаласты.

Ерман Әбдиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support