Жақсы жұмыс жоғары табысқа жеткізеді

Облыста масақты дәнді дақылдарды жинау аяқталды. Барлығы 763,2 мың тоннадан астам астық жиналды, өнімділік әр гектарға шаққанда 23 центнерді құрады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бидайдың жалпы өнімі 331, 7 мың тоннадан, арпа – 430 мың тоннадан асты, орташа өнімділік гектарға шаққанда тиісінше 24,1 және 22,2 центнерден айналды. Облыстық межеден төмен көрсеткіш Талас ауданында – 17, Сарысуда – 19, Мойынқұмда – 20, Жамбыл және Қордай аудандарында – 21,5, Тараз қаласында 20 центнер көлемінде болды.
Биыл өнімділік пен жалпы астық бастыру бойынша Т. Рысқұлов ауданы көш бастады. Аталған ауданда 250,5 мың тонна астық жиналды. Одан кейінгі орындарда Қордай (130 мың тонна) және Меркі (125 мың тонна) аудандары.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, егін жинау кезінде агроқұрылымдарда жанар-жағармай мәселесі туындамаған: бұл мақсатқа кепілдендірілген баға бойынша 16 200 тонна дизель отыны бөлініпті. Сонымен қатар «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жалпы сомасы 312 миллион теңгені құрайтын қаржыға ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің 43 өтінімін қаржыландырған.
– Егін жинау науқанының оңтайлы мерзімде аяқталуы – бұл жоғары деңгейдегі ұйымдастыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерінің уақтылы жүзеге асырылуы мен өнімділігі жоғары егін жинау техникаларын қолданудың жемісі, – дейді Е.Құлкеев.
Ол жыл сайын фермерлер 100 мың гектардан астам егістік алқапты минералды тыңайтқыштармен қоректендіретінін атап өтті. Мысалы, өткен жылы минералды тыңайтқыштар сатып алуға 800 миллион теңге бөлінсе, биыл оның көлемі бір миллиард теңгеге жеткен. Сонымен қатар барлық міндетті ауыл шаруашылық шаралары белгіленген мерзімінде орындалыпты. Шаруа қожалықтары сұрыптарды жаңартумен де айналысуда. «Дәнді дақылдардың жалпы алаңының 30 пайызына жоғары өнім беретін сұрыптар себілді, бұл өнімділікті 15-20 пайызға арттыруға мүмкіндік берді», – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.
Егістік жерлердің жоғары өнімділігіне ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту есебінен де қол жеткізілгенін айта кетуге тиіспіз. Мысалы, ескі комбайндарды қолданған кезде егіннің 15 пайызы, ал өнімділігі жоғары жаңа қондырғыларды қолдану кезінде әрі кеткенде 3 пайызы ғана жоғалтылады. Жыл басынан бері облыстағы ауыл шаруашылығы паркі бес пайызға жаңартылса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш жеті пайызға дейін жеткізіледі деп күтілуде. Айтпақшы, ауыл шаруашылығы техникалары келер жылдың өнімін жинау ісіне де қазірдің өзінде толығымен дайын: 5063 трактор және 695 комбайн жөнделіп, әзірлік сапына қойылып отыр.
Сондай-ақ Ерлан Құлкеев астықты сақтау мен сатуда да ешқандай мәселе жоқ екенін атап өтті. Фермалардың қоймалары егінді толықтай жинап, сақтауға қауқарлы. Еске сала кетейік, біраз жылдан бері фермерлер астықты Қырғыз, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне өткеруде.
Бүгінде аудандарда картоп, көкөніс, бақша дақылдарын, жүгері және майлы дақылдарды жинау жалғасуда. Майлы дақылдар алқабының облыста 11 пайызынан өнім жиналды. Орташа гектар түсімі әзірге 6,5 центнерді құрап отыр.
Биыл 13,9 мың гектар жерді алып жатқан бақша дақылдарын жинау аяқталуға жақын. Орташа өнімділігі 278,6 центнерге жетті. Ал 10,1 мың гектар картоп алқабының 4,9 мың гектарынан өнім жиналды. Орташа өнімділік әр гектардан 279,7 центнерді құрайды.
Биыл көкөніс 36,6 мың гектар жерге орналастырылған екен, оның 12,8 мың гектарынан өнім жиналып отыр.
Өңірімізде жемшөп дайындау ісі жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін 1,6 миллион тоннадан астам шөп пен 46 мың тонна пішендеме, 9,3 мың тонна сүрлем, 113,1 мың тонна сабан дайындалды.
Айта кету керек, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 687,1 мың гектар алқапқа орналастырылған екен. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 18,6 мың гектарға артық. Біршама үлкен алаң – 352,4 мың гектар дәнді және бұршақ дақылдары, 60,9 мың гектар майлы дақылдар, 5,6 мың гектар қант қызылшасы, 10,1 мың гектар картоп, 66,3 мың гектар көкөністер мен бақша, 207,3 мың гектар мал азығындық дақылдар үшін бөлінген.

Баймаханбет Ахмет

Comments are closed.