- Advertisement -

Жағдай мәз емес. есеп… 0:12

35

- Advertisement -

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының үшінші айналымы өтіп жатқаны белгілі. Шешуші айналымда қай команданың топ жаратыны, қай команданың премьер-лигамен қош айтысатыны түпкілікті шешіледі.
Қазіргі кезде «Тараз» футбол клубының жағдайы мәз емес. Турнир кестесінде оныншы орынға жайғасқан «Тараз» командасын Павлодардың «Ертісі» басып озды. Шаһардың бас командасы алдағы ойында жеңілістің ащы дәмін татса, он бірінші орынға топ ете түседі. Рас, көш соңындағы «Ақтөбенің» ғана «Таразды» қуып жетуі екіталай. Қысқасы, «Тараз» дәл осылай сүреңсіз ойнай берсе, бірінші лигаға қайтадан «қуылуы» ықтимал.
Маусым бойы сүреңсіз ойын көрсетіп келе жатқан «Тараз» футбол клубының бас бапкері Вахид Масудов ресми түрде қызметімен қош айтысты. «Мен үшін мұндай шешімге келу оңайға соққан жоқ. Біз көп жұмыс істедік. Турнир кестесінде қазіргіден жоғары тұратындай мүмкіндігіміз болған. Алайда әділдік біздің жағымызда болмады. Команданың мүмкіндігін жоғары санаймын. Ең бастысы ойын бар. Премьер-лигадағы орынды сақтап қалатын жағдайы бар. Жарақат алған футболшылар қалыпқа келіп жатыр. Біріншілік көшбасшыларымен ойын артта қалды. Бірлесіп жұмыс істеген жігіттерге алғысымды білдіремін. Жаңа жеңістерге жетулеріңізге тілектеспін», – депті «Тараздың» экс-бас бапкері.
Енді «Тараздың» уақытша бас бапкері қызметін Нұрмат Мырзабаев атқарады. Команданың премьер-лигада қалар-қалмасы Нұрматтың шеберлігіне, біліктілігіне байланысты.
Сонымен, үшінші айналымның алғашқы үш турында турнир кестесінде үздік үштікте келе жатқан командалармен кездескен «Тараз» футбол клубы қандай нәтиже көрсетті? Соған тоқталайық. Шешуші айналымның алғашқы үш ойынында «Тараз» футболшылары бірде-бір гол соққан жоқ. Нәтиже – 0:12. Қарсыластардың пайдасында. Алдымен өз алаңында Алматының «Қайратына» 0:2 есебімен ұтылса, Нұр-Сұлтанда «Астанадан» 0:5 есебімен, орталық стадионда Қостанайдың «Тобылынан» 0:5 есебімен жеңілді. Үш ойында 12 гол жіберіп, қарсыластар қақпасынан бір мәрте саңылау таппаған клубтан не күтеміз?
Бізді қуантатыны, «Тараз» көшбасшылармен кездесуін өткізіп қойды. Тек соңғы турда Шымкентте «Ордабасымен» кездеседі. Алдағы екі кездесуде қарсыластарынан кем түспеуі керек. Павлодарда «Ертісті» жеңсе, басты қарсыласын қуып жетер еді. Одан кейінгі ойында «Атыраудан» айласын асырса, тіпті тамаша болмақ. Оған «Тараз» футболшыларының шамасы жете ме? Кім білсін, бәрін уақыт көрсетер…

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support