- Advertisement -

Таразда «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі ашылды

72

- Advertisement -

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірдегі тәуелсіз іргетасын өз қолымен қалап, туын желбіреткен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көкірек көзі көкжиектен асып, келешекті көріп, болашақты бағдарлай білетін адамзат пен қазіргі әлем тарихындағы саяси сайыпқыран, абырой асуы мен мәртебе тұғырындағы кемеңгер һәм қайсар тұлға. Тәуелсіздік пен тыныштықтың, дархан даладағы байтақ ел бақ-дәулетінің күзетшісі, ұлт руханиятының қамқоры, ұрпағының жанашыры, ырысының қорғаны. Талай нәубетті төзіммен өткеріп, қасірет құрсағына қамалса да көрер жарығынан үмітін үзбеген һәм  арманы аманатқа айналған  алаш ұрпағын азаттық асуына арқалап алып келген көреген елдің Көшбасшысы. Осалдықтан арылып, Отан ананы озық отыз елдің қатарына жетелеген  оғлан ұл, бүгінгі бейбіт күннің баһадүрі. Ынтымағы мен бірлігі жарасып, достық пен татулықты ту еткен қазіргі қоғам картинасының авторы. Оның ерлікпен пара-пар әрбір шешімі, жарлығы мен тапсырмасы әр қазақстандық азамат үшін үлкен маңызға ие. Ұрпаққа үлгі, өнеге.

Қазақы ақыл-ойдың апогейі Абай хакім өзінің 39-қара сөзінде ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезін ерекше атап өтіп,  «Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі — ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» дейтін дәйекті даналығы бар. Ақыл абызының көрегендігін Мәңгілік елдің тұңғыш Президенті, кешегі Күтегін мен Керейлердің, Махамбет пен Әлихандардың парасатты көшін жалғап, ізгі іскерлігімен, ұлтқа жанашырлығыменен, тындырымды тірлігімен, тегеурінді талпынысымен маңдай тері мөрге айналып тайға таңба басқандай дәлелдеп берді . Қазақтың аяулы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова «Елбасы монологын» маржан жырымен әспеттеп:
Тәуекел дедім!
Ант еттім
Тәуелді болып көнбеске.
Құбылаға басты берсем де,
Құлдыққа елді бермеске!
Қандастарымның марқасқа
Сарсаңға басын салмасқа,
Түбегейлі де тұтас боп,
Тұтқанда, қапы қалмасқа!
Кіруге қалың кеңеске —
Кеңессем, тұрар ел есте.
Қарғамау үшін бізді ертең
Бүгінгі туған нәресте!-деген толғауында Ұлт Көшбасшысының ұлы ойларын;
Омырауы уыз ананың
Алмасам деп ем қарғысын,
Бөрілі байрақ бабаның
Жалғасам деп ем арлы ісін.
Қолымды созсам,
Бірлікпен
Қолдайтын халқым бармысың?!-деп шебер бейнелейді. Рас, Мемлекет билігін қолға алғаннан бастап ҚР Президенті атқарған игі істер жетерлік. Сол бір қиын-қыстау кезеңде, яғни 1991 жылдың 29 тамызында 60 жылға жуық уақыт бойы Абай мен Шәкәрімдей дара даналардың кіндік қаны тамған қасиетті Семей топырағындағы ядролық сынақтарды тоқтату туралы Жарлыққа қол қоюы ерлікпен пара-пар еді. Елбасымыз Түркияға жасаған сапарларының біріндегі сөйлеген сөзінде: Қазірге дейін түркінің ішінде: «Жігіттің сұлтаны, ең жақсы жігіт қандай?», — дегенде, «Ол — қазақ!  Сол қазақ – бізбіз!», — дегені бар еді. Расында да рухты сөз. «Елім менің» әніне «Бабамның қаны, анамның жасы, Сіңген бұл далам, қымбатсың маған» деп өзі жүрекпен жазған әр сөзі қазақ деп айқайлап тұрғандай. Елбасы қашанда ел қамын, тағдыры мен келешегін естен шығарған емес. Әрбір сөзінде бұқараның бақ-дәулетін еселеп, жоғын түгендеп, барын бағалауға шақырумен келеді.

Хандығымыздың бес жарым ғасырлық белесін атап өтуі, дипломатиялық миссияларды ел игілігіне шешуі, Ұлы Дала төрінде «ЭКСПО» халықаралық көрмесін ұйымдастыруы, тәуелсіздіктің төл перзенті – ару Астананы салуы, осы секілді сөзбен айтып тауыса алмайтын талай істің бастамашысы болғанына көзіміз куә, қас пен көздің арасында қамшы салдырмай қарыштап дамып келе жатқан қоғамның өзі дәлел. Елбасы қаламынан қалың қазаққа жол тартқан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр» деп жазды. Шынтуайтында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі де  еліміздің тұңғыш Президенті ретінде Қазақстанның жаһандық аренадағы жетістіктеріне жетекшілік етіп отырған һәм Ұлы Даланы мекен еткен ұлттың атынан сөз сөйлейтін, басты брендіне айналған тұлға. Ал аталған мақаладағы маңызды ойлар мен ортақ мүдделі міндеттемелер, бай тарихымызды бойтұмарға айналдырып, ұрпаққа аманат артқан Елбасының асыл толғауы іспетті.

Осы ретте, Ұлт Көшбасшысын қай қырынан айтсақ та ауыз толтырарлық ілкімді істер молынан. Бүгін «Тарихтың темірқазығы» деп Елбасы өзі айтқан киелі Жамбыл жері, Тараз төрінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Әлем сахнасындағы болашақтың премьерасын бірге тамашалауға һәм оны бірге жасауға, бірге орындауға бар мүмкіндікті жасаған Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің көрмесіне таң сәріден  облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған зиялы қауым өкілдері, атқа мінер азаматтар, шаһар тұрғындары мен  жастар  жаппай жиналып, зор құрметпен тамашалады.

– Тәуелсіз тарихымыз көз алдымызда десек те ел дамуына, ел болашағына қатысты, тәуелсіздік жылдары халқымыздың жүріп өткен жолына қатысты қабылданған тарихи шешімдердің кейбірі көпшілікке белгілі болса, кейбірі белгісіз. Сондықтан да бүгінгі ашылғалы отырған көрме осы тұрғыдан сөз жоқ маңызды әрі қызықты. Көрме аты айтып тұрғандай Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасыны жолы, ең бастысы өзі кезінде айтқандағыдай «Мен үшін киелі халқыма қызмет етуден артық бақыт жоқ» деген ұстанымын айқындайтын жәдігерлер мен маңызды мәліметтерге толы. Осының бәрі тек көрмені тамашалап қою үшін ғана емес, сонымен бірге тәуелсіздік жылдары өмірге келген жаңа ұрпақ жастарға тәлім тәрбие беруге де өз үлесін қосады. Бұл  тұрғыда да көрменің маңыздылығы зор. Сондықтан  біз Қазақстан Республикасы  Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорының басшылары мен қызметкерлеріне осындай көрмені Әулиеата жеріне алып келіп, Жамбыл облысы жұртшылығымен таныстырып отырғанына үлкен алғысымызды айтамыз. Көрме жұмысына сәттілік тілейміз, — деді шараны құттықтау сөзімен ашып берген өңір басшысы Асқар Исабекұлы.

Қалай айтсақ та тәуелсіз қазақ тарихы Елбасымен тығыз байланысты. Жоба аясында алғаш рет жамбылдық жұртшылықтың назарына Елбасы кітапханасының архивтік, кітаптік және музейлік қорларының баға жетпес құндылықтары, әсіресе Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы мен мәдени ағартушылық қызметтерінің ерекше түрлері ұсынылды. Бұл игі шараға Сарыарқа төсіндегі Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, профессор Әмірхан Рахымжанов:

– Сіздермен жүз жасаған Жамбыл атамыздың атын иеленген, ежелгі Әулиеата жерінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесінің ашылу салтанатында жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Үлкен рахмет сіздерге. Назарларыңызға көрменің осында келуі Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғанын атап өткім келеді. Әрине бұл кездейсоқтық емес. Себебі еліміз тәуелсіздік алған тұстан бастап тарихы терең Жамбыл өңірі әрқашан Қазақстанның Тұңғыш Президентінің назарында болды. Елбасының қамқорлығын өңір халқы да жақсы сезінді. Және тек осы өңір ғана емес тұтас ұлтымыздың тарихында жіберілген әділетсіздіктерді қалпына келтіру мақсатында бабаларымыздың алдында парызын орындаған Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен жүзеге асырылған ірі тарихи оқиғаларға тоқталмай кетуге болмайды,-деп 1997 жылы Елбасының Әулиеатаға арнайы ат басын бұрып, көне Тараз атауын қайтарып бергенінен бастап, Ұлт Көшбасшысының Жамбыл жерінде болған әрбір сапары мен іргелі істерін кеңінен айтып өтті.

Орталық «Достық» алаңындағы негізгі ашылу салтанатынан кейін жиналғандар  облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің құнды жәдігерлерімен танысты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ел өмірі мен Елбасы жолынан шынайы сыр шертетін экспонаттарға арнайы шолу экскурсиясы ұйымдастырылды. Шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кетсек, «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі әулиеата жерінде  қазан айының соңына дейін жалғасады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support