- Advertisement -

Жамбылдың жері мың гектарға ұлғайды

42

- Advertisement -

Үкімет басшысы А.Мамин 3 қыркүйекте «Алматы және Жамбыл облыстарының шекараларын өзгерту туралы» №648 қаулыға қол қойды. Сөйтіп, Алматы облысының 1091,78 гектар жері біздің облыстың Қордай ауданына өтті. Осылайша екі облыс арасындағы жер бөлінісіндегі бұрын жіберілген қателіктер түзетілді.
Бұл өзі көптен орын алған жай болатын. Отар ауылдық округіне қарасты Гвардейский әскери қалашығының тап іргесіндегі бұрын «Военсовхоз» аталған елді мекеннің жартысы Жамбыл облысына, қалған жартысы Алматы облысына қарап келді. Ол былай тұрсын, облысаралық әкімшілік-аумақтық бөлініс сызығы осы ауылдағы Өтеген Абажанов деген азамат тұратын үйдің қақ ортасымен өткен. Яғни бұл – отағасы сегіз ұл-қызымен біздің облыс жағындағы ас бөлмесінен шайын ішіп, екі-үш аттап барып көрші облысқа қарайтын қонақ бөлмесінен теледидар тамашалайды деген сөз.
– Осында көшіп келген он жылдан бері үйді өз атыма рәсімдей алмаудамын, – деп еді үй иесі былтыр ғана. – Әлі бұрынғы қожайынның атында тұрған үйімнің жартысы онда, жартысы мұнда дегендей. Тұрғылықты жеріміз бойынша құжаттар алуда да қиналамыз…
Жалғыз ол емес, ауылдық әкімдік мамандарының айтуынша, төрт жүздей адамы бар осы елді мекендегі жүз шақты үйдің жиырмасы шекара сызығының ар жағында болғандықтан, олар заң жүзінде көрші облыстың тұрғыны болып есептелді. Сондықтан барлық құжаттық мәселелермен жүз елу шақырымдағы Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашқа баруы керек болды. Өздері Қордай ауданына қарасты жергілікті мекемелерде (балабақша, мектеп, сауда орындары) жұмыс істейтініне қарамастан, салығын сыртқа төлеп, тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік жеңілдіктерден де қағылып келді.

Бұл мәселе облыс және Қордай ауданы әкімдерінің жұрт алдындағы есеп берулерінде күн тәртібінен түспей, осы оралымсыздықты оңтайлы шешіп беру тұрғындар тарапынан бірнеше жыл қатарынан сұралып келген еді. Ауданға ат ізін салған Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелерінің де қаперіне сан мәрте салынды. Бірақ бұл – екі облыстың әкімдігі, жер қатынастары басқармалары арқылы әбден зерделеніп, келісімі алынып барып, одан әрі үкіметтік деңгейде көтерілетін күрделі мәселе. Аудандық, облыстық тиісті мекемелер 2009 жылдан бері Алматы облысына қарайтын Гвардейский әскери қалашығы орналасқан, қорғаныс санатына жататын 1081,46 гектар және «Военсовхоз» тұрғын үйлер алқабы орналасқан елді мекендер санатындағы 10,32 гектар жерді Жамбыл облысының аумағына ауыстыру бойынша жерге орналастыру жобасын дайындап, Жер Кодексінің талаптарына сәйкес әзірленген құжаттарды Алматы облысының басшылық органдарына екі мәрте жолдаған. Алматы облысы мәслихатының заңды келісімінен кейін Үкімет қарауына ұсынылған мәселе енді ғана шешімін тауып, жылдар бойы бір ауылдың тұрғындарын сарсаңға салып келген келеңсіздік жүйелі шешімін тапты. Жер аумағы ауыстырылған тұрғындар енді барлық құжаттық мәселелерімен бұрынғыдай бір қиырдағы Ұзынағашқа емес, сексен шақырымдағы Қордай ауылына қатынайтын болады. Сонымен бір мезгілде жергілікті тұрғындар жайылым жерлермен де қамтамасыз етілмек.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support