- Advertisement -

Бірлік – ақылға бірлік

57

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын теледидар арқылы көріп, тыңдадық. Атап өтерлігі, онда елімізде жаппай кәсіпкерліктің дамытылуына айрықша қолдау, көмек көрсетілетіні айтылған. Өңіріміздегі 18 мыңдай фермер бар, олар да Президенттің айтқан, көтерген мәселелеріне айрықша қолдау көрсетуде. «Басшы біреу, қалғаны оған тіреу» болуы керектігі де осы ретте ауызға оралады. «Бірлік – ақылға бірлік» екендігі де анық. Алға қойылған асқаралы міндеттерді ынтымақ пен бірлігіміздің, ауызбіршілігіміздің арқасында еңсеретінімізге әбден сенімдімін.
Жолдаудың «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» аталатын үшінші басымдығы аясында атқарылатын жұмыстар да ауқымды-ақ. Президент бұл тұрғыда елімізде қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болатындығын атап өтті.
Бізді, өңір кәсіпкерлерін Жолдаудың «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі» атты үшінші міндетінде айтылған мәселелер айрықша серпіліске бастап отыр. Атап айтқанда, бұл салаға мемлекет тарапынан алдағы уақытта да қолдау көрсетіле беретін болады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр екен.
Мемлекет басшысы осыған байланысты қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отырғанын, шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керектігін, мұның «қарапайым заттардың экономикасына» да тікелей байланысы барын атап көрсетті. Ендігі жерде жаппай кәсіпкерліктің дамытылуына бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуы қатаң бақылауға алынбақ.
2020 жылдың қаңтар айынан бастап Президенттің шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге үш жылға дейін тыйым салу жөніндегі шешімі күшіне енетіндігі де кәсіпкерліктің өрісі кеңейіп, тынысы ашылуына септеседі деп санаймыз.
Жалпы, республикалық фермерлер одағы президентінің уақытша міндетін атқарушы ретінде ел өңірлеріндегі, әсіресе өзіміздің облыстағы ағын су тапшылығы мәселесімен жиі бетпе-бет келіп те қаламын. Мұның егіншілерге зардабы аз тимейін деп тұр. Сондықтан бұрынырақта көтерілген, 15 миллиард 900 миллион теңгеге үш (Қордай ауданында – екеу, Байзақ ауданында – біреу) жасанды су қоймасы салынуы керектігі жөніндегі мәселе сөз күйінде қалмауға тиіс. Өңір фермерлерінің осы және басқа да шешімін күткен мәселелерін Мемлекет басшысы назарына ұсынатын боламыз.
Мемлекет басшысы өзінің алғашқы Жолдауында ел-жұрттың осындай мұқтаждықтары орнымен шешілуі қажеттігіне назар аударып, басымдық беруі қуантады. Бәрі де орынды. Жолдау біздің де көңіліміздегіні тап басты, жаңа жетістіктерге жігерлендіріп отыр. Бұл еліміздің реформалаудың жаңа кезеңіне аяқ басқанының да нақты айғағы деп санаймыз.

Жигули ДАЙРАБАЕВ,
облыстық фермерлер одағының төрағасы.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support