Тұңғыш президент туралы құнды мәлімет тер көрмесі өңірімізде

Қазақстан Респуб-ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұжымының облысымызға іссапары аясында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» тақырыбындағы көшпелі көрменің кезекті кезеңі бастау алды.
Көрмені ұйымдас-тырушылар Әлжан ана ауылын назардан тыс қалдырған жоқ. Мұндағы іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов және оның орынбасары Күләйша Ақтаева қатысты. Жалпы, іс-шара барысында бұл ауылдың таңдалуының да мәні зор. Өйткені осы елді мекенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы туып-өскен. Ауылдың Мәдениет үйіне жиналған тұрғындар Елбасы жайында сирек кездесетін бейнематериалдар, фотосуреттер және архивтік құжаттармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Көпшіліктің назарына «Тұңғыш» экскурсиялық концепциясының негізінде «Тарихи таңдау. Бастамасы», «Тарихи таңдау. Ұмтылыс», «Қазақстанның спорттық даңқы» тақырыптық экскурсиялары ұсынылды.
Кейіннен Әмірхан Рахымжанов аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзовке аталмыш іс-шараны ұйымдастыруға белсенді атсалысқаны үшін Алғыс хат ұсынып, Елбасы жайында бірнеше құнды кітаптарды тарту етті. Енді бұл тарихи кітаптар аудан кітапханаларында көпшіліктің назарына ұсынылатын болады.

* * *

Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шараға кітапхана директоры Әмірхан Рахымжанов, облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, аудан әкімі Жарылқасын Айтақов және бірқатар мемлекеттік қызметкерлер мен аудан ұстаздары қатысты.
Көрмені облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова кіріспе сөзбен ашып, мән-маңызына тоқталса, Әмірхан Мұратбекұлы жиналған жұртшылықты «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көрме жобасымен кеңінен таныстырды. «Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Тұңғыш» экскурсиялық концепциясының аясында сіздерге арнап «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасына тақырыптық экскурсиялар дайындады. Сіздерге арнайы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен тәуелсіз Қазақстанның даму тарихынан сыр шертетін деректі фильмдердің көрсетілімі өтеді. Аудан тұрғындарының назарына Елбасы кітапханасының музей қоры мен Елбасының жеке архивінен жасақталған «Елбасы және жаңарған Жамбыл өлкесі» атты фотосуреттер көрмесі де ұсынылып отыр», – деді Ә.Мұратбекұлы.
Кейіннен өткен ғасырдың екінші жартысында Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мектепті тәмамдап, бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Махмұд Қасымбековтің Елбасы туралы жазылған кітаптарын Елбасы кітапханасының директоры аудан әкіміне сыйға тартты. Көшпелі көрме барысында тұрғындарға Елбасы туралы сирек кездесетін бейнероликтер көрсетілді. Бұдан бөлек, Шу ауданының ұстаздары мен мемлекеттік қызметкерлері «Тарихи таңдау. Бастамасы», «Тарихи таңдау. Ұмтылыс», «Қазақстанның спорттық даңқы» сынды тақырыптық экскурсияларды тамашалады. Төрт бірдей аудиторияда ұйымдастырылған көрмеде Елбасы туралы сирек фотосуреттер мен архивтік құжаттар және жәдігерлердің бірегей нұсқалары да көрсетілді. Мұнда Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет еткен кезеңдері толық қамтылған.

* * *

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі Тараз қаласындағы «Достық» үйінде жалғасты. Өңірдегі музей, архив, кітапхана саласы өкілдерінен құралған 300 адам қатысқан жиында аталған кітапхана директоры, профессор Әмірхан Рахымжанов Елбасы кітапханасы қызметінің түрлі бағыттары туралы кеңінен әңгімеледі. Ол облыстық тарихи-өлкетану музейінде бүгін Елбасы көрмесі ашылатынын, екі айға жуық тараздықтарға және қала қонақтарына көрмені тегін тамашалауға мүмкіндік бар екенін айтып өтті.
Ә.Рахымжанов Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековтің атынан облыс әкімі Асқар Мырзахметовке ризашылығын білдіріп, облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбековаға Алғыс хат тапсырды. Сонымен қатар М.Қасымбековтің «Н.Ә.Назарбаев – өмірбаян», «Назарбаевтың қазақстандық моделі» кітаптарын тарту етті. Мұндай құрметке облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева, «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Рано Убайдуллаева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Абдинова, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның директоры Сейітқасым Түктібаев та ие болды. Мұнан соң сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көшпелі көрмемен біздің облысқа келуі өңір тұрғындары үшін ерекше оқиға екенін айтып өтті.
Кейіннен «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» аймақтық кәсіби сессиясына жиналғандар үш топқа бөлініп, пленарлық отырыс өткізді. Жиын барысында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева кітапхананың ғылыми ізденіс барысына, қор сақтауда қолданылатын әдістерге тоқталды. Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі бүгін жалғасын тауып, арнайы семинар-тренингке қатысушыларға сертификаттар тапсырылатын болады.

Есет ДОСАЛЫ,
Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Aq jol».
Еркін ҚАТБЕКОВ,
журналист.

Қордай-Шу-Тараз.

Comments are closed.