- Advertisement -

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ШЕЖІРЕСІ

300

- Advertisement -

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қызмет хроникасы» сериясы бойынша шығарылған көптомдықты оқығанда

облысымызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасы басталды.
Жоба ірі ғылыми білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шараларды қамтиды. Өңірімізде өтіп жатқан жобаның аясында Германия, Португалия, Қырғыз, Өзбекстан қатарлы көптеген шет мемлекеттер ғалымдарының қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, семинар-тренингтер мен шолу экскурсиялары өткізіледі. Қордай және Шу аудандарында да арнайы көшпелі экскурсиялар ұйымдастырылмақ.
2017 жылғы қарашадан бастау алған Елбасы кітапханасының жобасы бұған дейін Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында болып өтті. Сөйтіп, «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасымен 900 мыңға жуық адам танысты.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Бұқар жырау болмаса Абылай хан заманының тарихы туралы білер ме едік? Тарих қойнауларына жасырынған ел мен жер тағдыры ше? Жазба әдебиетінің өкілі болмаса да, ауыздан-ауызға көшіп, ежелгі ғасырлардан бүгінгі заманға жеткен жырдың әр жолы тұнып тұрған тағылым, сыры төгіліп тұрған шежіренің өзі емес пе!
Жыраудың «Ай, Абылай, Абылайлап» басталатын бір ғана толғанысының ар жағынан Абылай ханның елді ел ететін кесімді сөздері мен шебер шешімдері менмұндалап тұрмай ма? Оқып отырып халық тарихының бағына Абылай ханның қасында Бұқардайын біртуар сөз иесінің жүргеніне тәубе дейсің. Өйткені Бұқарды оқып отырып сол замандағы беймарал өмірге төніп келе жатқан алағай да бұлағай аласапыранды да сезінесің.
Бұқардың жырына бүкіл жан дүниемізбен үңіле қарасақ, бүгінгі ұрпақ зар-заман деп жүрген кезеңнің өзінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуренді дәуір болғанын байқаймыз. Абылай билігінің тұсын ылғи жау шапты-жаугершілік болған деп түсіндірудің қате екенін мойындаймыз.

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай.
Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,
Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай! –

деп келетін шумақтан бабаларымыздың да мамыражай тірлік кешкен бақуатты бейбіт өмірінен хабардар боламыз. Ендеше, Бұқар жырауды ежелгі ел тарихының шежіресін түзген тұлғалардың қатарына қоссақ қателеспейміз. Бұл ойымызды Бұқардың:

Отыз жасқа келгенде,
Дүниедей кең едің.
Отыз бес жасқа келгенде,
Қара судың бетінде,
Сығылып аққан сең едің.
Қырық жасқа келгенде,
Алтынды тонның жеңі едің…
Елу бес жасқа келіпсің,
Елу бес жасқа келгенде,
Жақсы болсаң толарсың,
Жаман болсаң, маужырап барып соларсың, –

деген жыры да дәлелдейді.
Неге? Өйткені қазіргідей «бәленбайыншы жыл, түгенбайыншы күн» деп жазбаса да Абылай ханның отыз жасынан бастап елу бес жасқа келгенге дейінгі ғұмырын бірауыз сөзбен-ақ бейнелеп береді. Бұған Бұқар жыраудың «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты дастандары мен толғауларын оқысаңыз көзіңіз жете түседі.
Қазақ хандарының тауқыметі көп тағдырлы өмірін ауызекі тілдегі шежіре-дастандарға айналдырып кеткен жыраудың тағы бірі Нысанбай Жаманқұлұлы. Егер оның дастаны болмаса, бүгінгінің зиялылары, оның ішінде әдебиетке, тарихқа ден қойған дегдар ұрпағы Кенесары мен Наурызбайдың тәуелсіздік жолындағы жорығы жайлы да мардымды ештеңе таба алмас еді. Сол замандардағы хандарымыз мен билеріміздің, баһадүр батырларымыздың қасында Бұқар, Нысанбай сынды саңлақ жыраулардың жүруі халқымыздың бағы, тарихымыздың нәрі болды деуіміз де сондықтан. Ежелгі Еуропа елдеріндегі баспахана қызметінің үлгісіндей қорғасын қаріптермен теріліп, ақ қағазға басылып, кітап болып тарамаса да, халық ауыз әдебиеті арқылы ғасырлардан-ғасырларға жалғасып, бүгінгі өркениет заманындағы ұлағатты ұрпақтарының рухани игілігіне айналып отыр. Мұхтар Әуезовтің өзі «Өте ірі тұлға және көреген ақын» деп санаған Нысанбай XIX ғасырда өмір сүрген Кенесары ханның ең сенімді серіктерінің бірі және білікті жырауы болғанын білеміз.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Арыдағы Керей мен Жәнібек, Қасым хандарды айтпағанның өзінде, бергідегі Абылай, Кенесары билігінен қалған халқымыздың қазақ елінің өз тәуелсіздігін жариялап, еркін елдер қатарына қосылғанына тәубе дегеніне де, міне, 28 жыл болыпты. Егемен еліміз енді екі жылдан соң орда бұзар отызға толады. Ал отыз жыл аз уақыт емес. Судай сырғып аққан осы жылдар ішінде бостан болған байтағымыздың 10, 20 және 25 жылдығын көрдік. Құдай қаласа, алда еліміздің 30 жылдық қуанышы тұр.
Міне, осы отыз жылдағы ел шежіресі не дейді? Артындағы ұрпағына ауызша айтып қалдыратын ескі заман емес, жазу-сызу дамыған, тіпті, бір кездерде прогресс саналған қорғасын қаріптердің өзі де музейлерден орын алып, олардың орнына компьютерлік терілім мен принтерлік басылымға көшкен деңгейі биік дәуірде тәуелсіздік шежіресін ұсынықты елдің азаматтарындай ұқыпты қаттай алдық па? Халқымыз «Өткен күнде белгі жоқ» деп бекер айтпаған. Хатқа түсіріп, кітапқа бастырып отырмаса әр жыл, әр ай, әр күннің құнды деректері мен дәйектері ел тарихына жазылмай қалуы кәдік.
Осы тұрғыдан алғанда, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы (бұрын ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы болған), мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Махмұд Базарқұлұлы Қасымбековтің ел мен ес мәселесіндегі мәні зор үлкен еңбекке бастамашы болып, Еліміз бен Елбасымыздың сонау 1990-1991 жылдардан бүгінге дейінгі жүріп өткен жасампаздық жолының шежіресін түзіп, 23 томдық кітап шығарғанына риза болдық. Бұқар мен Нысанбай жыраулар замандарындағыдай ауызекі айтылған өлең-дастандарымен емес, нақты жылдарымен, айларымен, күндерімен және дәйекті деректерімен құнды көптомдықтың жылдарға бөлініп шығарылған әрқайсысын парақтап отырып, шынында ұмытыла бастаған, бірақ көзің түскен заматта бірден есіңе орала кететін небір қызықты шежірелерге кез боласың. Кітаптың ел тарихы, жұрт жады деген мәнді мәселе аясындағы құндылығы да осында. Кітаптарда, тіпті, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Жарлықтарымен марапатталған еңбеккерлер мен өнер қайраткерлерінің де қай жылы, қай айда, қай күні құрметке ие болғаны да көрсетіліпті. Олардан басқа елдік мәні зор, тарихи құндылығы жоғары деректер мен дәйектер қаншама!
Көптомдық «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы» сериясы бойынша шығарылған. Алғашқы томдықта, яғни сонау (сонау дейміз, күні кеше ғана еді ғой) 1990-1991 жылдары елімізде және шетелдерде Мемлекет басшысының қатысуымен өткізілген басты іс-шаралар жайында баяндалған. Сонымен қатар осы кезеңде Н. Ә. Назарбаевтың сөйлеген сөздерінің толық мәтіндері, сол екі жылда қабылданған Қазақстан Республикасының маңызы зор заңдары мен Президент жарлықтарының тізбесі ұсынылған. Түрлі анықтамалық ақпараттар келтірілген. Сондай-ақ кітаптың компакт-дискідегі мультимедиалық нұсқасы ұсынылған.
Әлбетте, 1990-1991 жылдар КСРО құлдырауы кезіндегі егемендік, демократия және еркін нарықтың пайдасына шешілген Қазақстан халқының тарихи өзін-өзі айқындау үдерісі жүргізілген сәттен бастап Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялаған кезге дейінгі соңғы қайта құру жылдарының оқиғаларынан тұрады. Мемлекет басшысы 1990 жылдардың басын «…қызу сезім мен эмоциялардың айрықша жылдары» ретінде сипаттағаны да белгілі. Бұл біздің мемлекетіміздің одан әрі ілгерілеу жолына қатысы бар аса маңызды шешімдер қабылданған әрі бір ғана теріс қабылданған шешім елдің алға басу траекториясын едәуір өзгерте алуы мүмкін жылдар болды. Бұл – қоғамдық өмірдің жаңа тұрмыс салтына ауысу дәуірі. Күдік пен үміт дәуірі. Бұқаралық сананың өзгеруі мен үйреншікті таптаурынның күйреу дәуірі. Табынушылықтың құлдырауы мен жаңа басымдықтардың қалыптасу дәуірі. Еркін, ашық, тәуелсіз және ауқатты қазақстандықтардың жаңа ұрпақтарының дәуірі. Міне, Махмұд Қасымбеков бастаған редакциялық-баспагерлік топ осы оқиғалардың барлығын деректер мен дәйектерге сүйене отырып, өте құнды дүниеге айналдырып отыр.
Кітаптың кіріспесінде «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы саяси Олимпке батыл түрде шығып, қатаң іс-қимылдарымен бірге ұстаным икемділігімен көзге түскен адам Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасымен айтарлықтай дәрежеде байланысты десек артық айтқандық болмас. Бұл адамның пікірі мен баға беруі, оның қызметі, шешімдері мен мәлімдемелері мейлінше әрқилы. Сондықтан әркім оны, оның сөздері мен іс-әрекеттерін өзінше бағалауға құқылы. Алайда ол ел дамуындағы тұтас бір дәуірді белгілейтінін барлығы да мойындайды» делінген. Әлбетте, келісесіз.
Ойлап қараңыздаршы, 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің отырысында республика Президентінің лауазымы тағайындалып, оған Н .Ә. Назарбаев сайланғаны кімнің есінде? Міне, Абылайдың тұсындағы халық ауыз әдебиеті шежіресі мен бүгінгі өркениет дәуіріндегі тәуелсіз қазақ елі жылнамасының айырмашылығы мен артықшылықтары да осында.
Көптомдықтың әр томын қолыңа алып, ондағы деректер мен дәйектерді құмарта оқи отырып, Президент институтының құрылуы тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің қалыптасуына шешуші әсер берген маңызды фактор болғанын, КСРО-ның құлдырауынан кейін мемлекеттік биліктің сабақтастығы қамтамасыз етілгенін оқиғалардың жүйелі түрде жасалған жалғасынан білесіз, түсінесіз, тағылым аласыз.
Естеріңізде болса, 1987 жылғы шілде айында КОКП ОК Қаулысымен қазақ халқы әділетсіз және беталды түрде «қазақ ұлтшылдығымен» айыпталды. Осыдан кейін жергілікті маңызды кадрларға, оның ішінде тек қазақтар ғана емес, басқаша ойлауға батылы барған басқаларға да қатысты беделін түсіру және қастандық жасау науқаны кеңінен жүзеге асырыла бастаған болатын. Міне, осы ұлттық мәселені әділ және ашық шешуде қолға алынған бағытты дәйекті түрде іске асыра отырып, Н.Ә.Назарбаев 1987 жылғы шілдеде жұртты дүрліктірген «қазақ ұлтшылдығы» туралы КОКП ОК Қаулысын жою мақсатын бірінші кезектегі істердің қатарына қойды. Қазақстанның барлық этностарының мүдделерін ескеру мен саналы үйлесімділігіне, азаматтардың тең құқылы болуына, олардың мәдени-тілдік кеңістігін сақтауға негізделген Президенттің ұлттық саясатының икемділігі ұлтаралық қатынастардың қақтығыссыз дамуына жәрдемдесті.
Ақыр аяғында халықтың сөзін сөйлеген қалаулы тұлғаларға қорлық көрсеткен қаулы жойылды. 1990 жылғы 21 мамырдағы Алматы облыстық партия конференциясында сөз сөйлеген Н. Ә. Назарбаев: «Маңызды да көптен күткен жаңалықты сіздермен бөліскім келеді. Осыдан екі-ақ күн бұрын КОКП Орталық комитетінің Саяси бюросы Қазақ республикалық партия ұйымы жөніндегі өзінің белгілі қаулысы бойынша біздің өтінішімізді қарады. Біздің барлық талаптарымыз орынды деп танылып, құжатқа тиісті өзгерістер енгізілді. Ең бастысы – қазақ халқын ұлтшыл дейтін айып алынып тасталды, парасатты ақыл-ой мен әділеттілік салтанат құрды», – деп мәлімдеді.
Бұл сөз де осы көптомдықтың алғашқы кітабында жазулы тұр.
Жұрт есінен 1990 жылдың 14 желтоқсаны да шыға қоймаған шығар. Егер ұмытса, онда естеріне түсіруге болады. Өйткені біз сөз етіп отырған егемен елдің шежіресі ол жағымды жаңалықты да қаз-қалпында жадыңызда жаңғыртып береді. Оқиық.
«Қазақ КСР Президенті, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев жазушы Б.Б.Момышұлын оның әкесі – қазақ халқының аңызға айналған батыры, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Б. Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағының берілуіне орай қабылдап, оған награданы табыс етті.
Сол күні Қазақ КСР Президенті, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев Б. Момышұлының отбасы мен туған-туыстарына құттықтау жеделхатын жолдады.
«Қазақ халқының көрнекті ұлы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры жоғарғы атағының берілуімен құттықтауға рұқсат етіңіздер.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ол өзінің есімін ержүрек панфиловшы-жауынгер, біздің көпұлтты Отанымыздың жалынды патриоты ретінде мәңгілік етті. Өзінің жауынгерлік ерлігімен, азаматтық батылдығымен, жазушының жалынды сөзімен Бауыржан аға кеңес халқының сыйластығы және зор беделіне ие болды.
Адамдар бұл тамаша адамды нағыз халық батыры деп санап, шынайы сүйіспеншілікпен ризашылықтарын білдірді.
Енді, міне, Бауыржан Момышұлына қатысты әділет салтанат құрған кезде сіздермен бірге мыңдаған қазақстандықтар, соғыс ардагерлері, аға буынның ерліктері туралы қасиетті естелікті сақтайтындардың барлығы осы зор қуанышты бірге бөлісіп отыр.
Барлығымыз үшін естелік болатын оқиғалармен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар. Сіздерге бақыт, денсаулық, амандық-саулық тілеймін».
Тәуелсіздік қарсаңындағы жылдың ең жағымды жаңалығының бірі ме? Әрине! Тағылымы мол тарих па? Әлбетте! Халыққа керек дерек пен дәйек пе? Оған сөз бар ма!
1991 жылдың басты оқиғасы, әрине, 16 желтоқсан екені белгілі. Бірақ оған дейін де адымдап айлар өтті емес пе? Мысалы, осы жылдың 26 тамызында Қазақ КСР Президенті, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев Мәскеу қаласында өткен КСРО Жоғарғы Кеңесі кезектен тыс сессиясының пленарлық отырысына қатысыпты. Кеңестер, отырыстар көп қой. Бірақ дәл осы отырысқа қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Н. Ә. Назарбаев: «Бүгінде біздің бәріміздің сана-сезіміміз басқа. Мұның өзі бізді Одақтың және Одақтық шарттың болашағына жаңаша қарауға міндеттейді. Жаңарған Одақтың ендігі жерде федерация бола алмайтыны мен үшін айқын» дей келіп: «ешкімнің де қиялға берілмеуі керек екенін атап көрсеткім келеді. Қазақстан ешқашан да бірде-бір аймақтың «айылтартпасы» болмайды, ешқашан да оның «кіші інісі» болмайды», – депті. Бұл да Ел мен Елбасы тарихының тағылымын тануда қағыс қалдырмайтын дерек деп білеміз.
Мұндай деректер көп. Мысалы, 1991 жылдың 24 қазаны күні Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Жас Алаш» тәуелсіз жастар газетінің бастамасымен республика Президентінің лауазымына өзінің кандидатурасын қолдау үшін құрылған қоғамдық комитеттің мүшелерімен кездескен. Сөйтіп, 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаев жалпыхалықтық президенттік сайлауға қатысты. Сайлау қорытындысы бойынша Н.Ә.Назарбаев үшін 8681276 сайлаушы немесе дауыс беруге қатысқандар санынан 98,78% дауыс берген.
Енді 1991 жылдың 10 желтоқсанындағы тарихқа көз жүгіртейік.
«Қазақстанның көпғасырлы тарихында алғаш рет халық Президенті сайланды. Ол қазақ халқының ардақты ұлы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Шынайы демократиялық негізде өткізілген сайлауда ол үшін өзінің дауысын урналарға келген сайлаушылардың 99% берді. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының республика халқының барлық топтарының арасындағы танымалдығы мен үлкен беделін жарқын әрі сенімді түрде дәлелдейді. Қазақстанның көпұлтты халқы Н.Ә.Назарбаевқа осынау қиын-қыстау кезеңде тағдырын сеніп тапсырды, егеменді республиканы қайта түлету үшін барлық жауапкершілікті жүктеді. Бүгін парламенттің таңғы отырысында оның атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Ендігіде ол Қазақстан Республикасы деп аталатын болады», – деп мәлімдепті С.Ә.Әбділдин өз сөзінде.
Ал жоғарыда айтқанымыздай, 1991 жылдың 16 желтоқсаны әрбір қазақстандықтар үшін қастерлі де құрметті болса керек. Кітапта бұл күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі он екінші шақырылымы VII сессиясының пленарлық отырысына қатысқаны жазылған. Онда күн тәртібіндегі ең басты мәселе – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының жобасы талқыға салынды. Осы мәселе бойынша депутат С.С.Сартаев баяндама жасаған. Сөйтіп, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының қабылдануы Қазақстанның тәуелсіз дамуының бастауы болды.
Ал келесі күні, яғни 1991 жылы 17 желтоқсанда Н. Ә. Назарбаев егемен мемлекеттер басшыларының минскілік және ашхабадтық кездесулерінен кейін орын алған жағдайдан туындаған барлық мәселелерге қатысты өз көзқарасын көрсеткен хабарламасын баспасөз бетінде жариялау үшін жолдапты. Онда Н. Ә. Назарбев:
«Жақында ғана өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан ең алдымен, экономикалық еркіндікті білдіретін тәуелсіз мемлекеттер достастығын қолдап келді және әрқашан қолдайды да. Алайда ендігіде Қазақстан ешкімнің де «кіші інісі», ешкімнің де шикізаттық қосымшасы болмақ емес. Кез келген болашақтағы жаңартылған тек қана теңдік – тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер негізінде болуы мүмкін. Оны тек ортаазиялық қана емес, басқа егеменді республикалардың басшылары да осындай түрде көреді» деп батыл мәлімдеген.
Әрине, сонау 1990-1991 жылдардан 2017 жылға дейінгі кезең қамтылған көптомдықта тәуелсіз еліміздің дамыған, өскен, өркендеген жылдарындағы деректер мен дәйектердің баршасын көзіқарақты оқырмандар үшін қызықты, ғибратты деп сеніммен айта аламыз. Мысалы, ел астанасын көшіруден бастап кешегі өткен ЭКСПО-ға дейінгі мемлекеттік мәні зор оқиғалар мен жарлықтардың, сөйленген сөздердің тағылымды деректері тарих құндылықтарына уақап болам деген ұрпақ үшін баға жетпес қазына деп ойлаймыз. Сондықтан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы» сериясымен шығарылған көптомдықты алдағы уақытта еліміздегі көпшілік кітапханалары мен жоғары оқу орындарының, мектептердің әрбірінің оқу залдарында тұрса, одан ұрпағымыз тек қана ұтар еді. Кітап дүкендеріне сатылымға шығарылса да болашақ ел тарихшылары үшін өте қажет дүниеге айналары сөсіз. Өйткені егеменді ел шежіресі әрбір қазақстандықтардың қастерлі байлығы мен байрағы болары анық.
Айтпақшы, көптомдықтың алғашқы кітабындағы «1991 жыл 8 сәуір» деген белгіден аса талантты әнші, термеші «А. Оразбековке Қазақ КСР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағын беру туралы» № 307 Жарлық туралы оқып, марқұм ағамыздың саңқылдаған үні құлағыма келгендей болды. Арқаның арқалы әндерін нәшіне келтіре орындаушы еді ғой, жарықтық. Өзі де арқалы әнші болатын. Бір үлкен ауданның мәдениет бөлімінің басшысы бола тұра сол ауданның бірінші хатшысының үйіндегі тойға ән салу үшін шақырғанда «қырсығып» бармай қойған мінезді өнер иесі болатын. Бірде теледидарда хабар жүргізіп отырып, «Шама» деген әннің атын неге олай қойған?» деп сұрағанымда «Оны тек қана шамасы жеткендер ғана айтатын болған соң, «Шама» деп қойған» деп жауап берген. Шынында ол әнді екінің бірі Алтекеңдей, Алтынбек Оразбековтей шырқатып салуға шамасы жетпейтін.
Ендеше, өнер жолы өмірбақи ел ішінде өткен осындай қарапайым сахна иелеріне дейін аты-жөндері жазылған көптомдық неге құнды болмасқа!
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Деловой Мир Астана» ЖШС әсем безендіріп басып шығарған көптомдықтың редакциялық-баспагерлік топ жетекшісі М.Б.Қасымбековтің бұл еңбегін егемен еліміздің шежіресін түзудегі игілікті істің үлкені деп білеміз.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support