- Advertisement -

Бірлік пен берекені ойлаған Бәкең

212

- Advertisement -

Қаламымды қолға алып, біраз ойландым. Бәрі таныс. Барлығы көкейімде сайрап тұр. Аға буынның соңынан ерген кейінгі толқынның аяқ алысына жиі көз тастап, көңіл демейтіні шындық қой. Ой теңізіне малтып, оқшауланғанда менің де сөйтетін әдетім бар. Сонда өзімнің ізімді басып, елге болсын деп еңбек етіп, жұртпен бірге жасап, халықпен бірге өсіп-өрлеген інілерімнің ісіне бір марқайып қаламын.

Біз де сөйттік. Алдыңғы толқынға ерген буын да солай. Міне, содан кешегі сайын даладағы жалғыз жол осылайша соқпаққа, келе-келе даңғылға айналды. Жүйрік уақыт зымырап өтіп жатыр. Өткенге үңілгенде сол жолдың қырқа-адыры, жазығы, сай-жырасына дейін көңілде менмұндалап жатқанын байқайсың. Тегінде халыққа еңбегіңді сіңіріп, ел азаматы атану үшін міндетті түрде орталықта оралымды қызмет істеп, төмендегіге шарапатыңды төбеден шашып отыру шарт емес екен. Ғұмыр бойы еңбек ете жүріп, туған халқының рухани өсіп толысуына сүбелі үлес қосып келе жатқан осы мақаланың кейіпкері Бағлан Жиенәліұлының өрелі істері ойымды сан қырынан шолып нықтай түсті. Қанаттас қатар жүрген азамат туралы жазарда бір сәтке оның иық тірестіре жүріп келе жатқан жолына көз салдым, сонда бәрі маған таныс, барлығы етене жақын көрінгені. Балалық шағымыз әрқайсымыздың өз естелігіміз ғой. Ал оның азамат болып, атқа қонғаннан бергі еңбек жолы, өмірі елдің көз алдында. Сол себепті де Бағлан туралы игі лебізді неден бастасам екен деп, көп кідірдім. Сосын сөзді әуелгіде бұл азаматтың еңбек жолымен танысуға түрткі болған оқиғалардан бастауды жөн көрдім.
Аты аңызға айналған батыр Бауыржан – барша қазақтың мақтанышы. Сол Баукеңнің 2010 жылы 100 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде өткізу жауапкершілігі жамбылдықтарға түсті. Ол өңір басшысының ауысқанына көп уақыт бола қоймаған кез еді. Ал сол уақыттың 90-жылдардағы тоқыраудан кейін ес жиып, 2000 жылдардағы дүркін-дүркін толқыны соққан бүкіл әлемдік қаржылық дағдарыстың құрсауынан құтылып, шағын және орта кәсіп енді қанат жая бастағаны есімізде. Егінін егіп, төрт түлігін көбейтуге мүмкіндік туған ауылдағы ағайынның тірлігі де ілгері баса бастаған кезеңде осы істің тізгінін қолға алуға кез келген адамның батылы жете бермес еді.
Ал облыстың сол кездегі әкімі Қанат Бозымбаев бұл міндетті Бағлан Қарашолақовқа тапсырды. Сөйтіп аймақтағы ең үлкен ауданның бірі Шуды басқарып отырған азаматты бір күнде Жуалыға әкім етіп тағайындады. Тойды өткізуге дайындық жасаудың жауапкершілігі өз алдына, мұндайда алдымен, елдің де еңсесін көтеріп, қысқа мерзімде ауыл-аймақты абаттандыру керек емес пе?! Сонда ғой біраз азаматтың қолы істе, «қалай болар екен?» деген алаң оймен көңілі сол жаққа ауғаны рас. Бірақ Бағлан еш саспады, қызметті ауыстыра сала, қанға сіңген әдетінше іске білек сыбана кірісті. Той да өтті дүркіреп. Ел іші де бір жаңарып, жаңғырып қалды. Сындарлы сәт келгенде азаматтың осы ауыр жүкті абыроймен арқалап шыққанына шын сүйсіндік.
Осыдан кейін білікті басшы, іскер кадрдың бұған дейінгі еңбек жолымен етене танысуға қызығушылығымның туғаны. Атқарған жұмыстарын, азаматтығын көрген соң Бағлан Жиенәліұлымен сыйластығымыз беки түсті. Қазір кей-кейде қалжыңға басып: «Аз уақытта соншама істі жүзеге асыруға қалай үлгердің, мамандығыңның құрылысшы болғаны көп көмектесті-ау саған» деймін. Ондайда Бағлан: «Бара сала ауданды толық аралап, іспен таныстым. Дайындықты неден, қалай бастау керек екенін жоспарлап алдым. Тойдан кейін де ауыл, аудан тұрғындарының игілігіне жарайтын іс жасауды ойладым. Сөйтіп оған кететін қаржыны түгел есептеп, Қанат Алдабергенұлына келіп, мән-жайды айттым. Қиын-қыстау кезеңнен енді еңсе тіктеген кез емес пе, қажетті қаражаттың тең жартысын ғана бөлді. Қалғанын демеушілерді тарта, ел-жұрт болып іске асырдық. Күні-түні жұмыс істедік. Шүкір, халықтың тілеуі мен қолдауының арқасында ойлағанымызды түгел орындадық», – дейді үзеңгілес жүрген бауырым Бағлан ағынан жарылып.
Нағыз құрылысшы бастаған ісінен шашау шығармай, уақытын да, күшін де тиімді пайдалана алады. Жұмыстың да жүйесін біліп тұрады. Құрылысшы болып еңбек жолын бастаған Бағланға бұл саланың қыр-сыры түгел таныс. Сол кезде-ақ ол елге болсын деген пейілін айқын көрсеткен азамат болды. 1983-1984 жылдары Мойынқұмда №45 ПМК басшысы болған кезде оның аудан орталығында құрылысшылар көшесін салып, жас мамандарға арнап 20 үй тарту еткенін жұрт ұмыта қойған жоқ. Сөйтіп қаншама жас отбасыға қолдау көрсетіп, жұрттың алғысын алды. Ал аз уақытта инженер, одан кейін құрылыс мекемесін басқарып, республикадағы «Арасан» секілді халықтың игілігіне қазірге дейін қызмет етіп жатқан іргелі әлеуметтік нысанды салуға қатысып, республика басшыларының ризашылығын алғанын Бағлан бұл күнде мақтанышпен еске алады. Нағыз ер азамат туған жердің туы биік болсын деп, перзенттік парызын азаматтық жауапкершілікпен ұштастырып елге осылайша жақсылық жасаса керек-ті.
Туған жер демекші, Бағлан Қарашолақов 1949 жылы 7 қыркүйекте Мойынқұм ауданы Жамбыл совхозының екінші бөлімшесінде дүниеге келген. Бастауыш сыныпты сол ауылда бітіріп, кейін әкесінің Қаратауда тұратын туған әпкесінің баласы Тұрғынбек Бекежановтың үйінде жатып, мектепті бітіреді.
– Ол кезде бұл қаланы Шолақтау деп атайтын. Қазіргі Д.Қонаев атындағы гимназия Сталин атындағы мектеп болатын. Сонда оқып, кейін Жамбылдағы техникумға оқуға түсіп, 1968 жылы экономист-бухгалтер мамандығын алып шықтым. Содан ауылға бардым. Құрылысшы болуыма себепші болған Тұрғынбек ағам, – дейді Бағлан бозбала шағы туралы әңгіме қозғала қалса.
Ол совхоздың құрылыс саласында бригадир-мастер құрылысшы болып жұмысын бастады. Құрылыс саласында мол табысқа қол жеткізген жас кадр басшылардың назарына ілінбей қалмаған еді. Шу ауданын басқарған тұста 1800 гектар жерді суландыратын үлкен алқаптар салып, сол кездегі озық еңбек ұжымына берілетін Ауыспалы Қызыл Туды қатарынан екі рет жеңіп алып, көзге түскен 36 жастағы өренді тынымсыз еңбек абыройдың ақбоз атына мінгізіп еді. Бірақ Бағлан бұл табысқа тоқмейілсіп, тоқтап қалған жоқ.
Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ә.Жақыпов Бағланды ендігі жерде өңірдегі ең ірі шаруашылықтың бірі 10 мың ірі қарасы, 30 мың қойы, 1500 жылқысы, 500 түйесі, 2 мың гектар жері бар Мойынқұм ауданындағы совхозды басқаруға жіберді. Мыңға жуық жұмысшы бар, 3 мың ірі қараны үнемі бордақыда ұстайды. Совхоз жыл сайын мемлекетке мың тоннадан аса ет өткізіп отырды.
Бұл қызмет жоғарыдағы басшылықтың осындай үлкен шаруашылықтың тізгінін сеніп тапсыруының өзі Бағланның іскер азамат екенін көпке әйгілі етіп еді. Бағлан Қарашолақов басқарушылық қабілетінің, іскерлігінің арқасында 7 жыл совхоз директоры болып, оны облыс көлемінде алдыңғы қатарлы шаруашылық деңгейіне көтерді. Оның кейін кезең алмасып, кеңестік дәуір келмеске кеткенде бұған дейін атқарған лауазымдық қызметтері, ел басқарудағы жиған тәжірибесі уақыт өзгеріп, замана жаңарған тұста кәдеге асты.
Бағланның облыстағы алғашқы 10 әкімнің бірі атануының өзі кездейсоқтық емес еді. Өңірде кадрлық резервте тұрған азаматты 1992 жылы Мойынқұмға әкім қып жіберді. 1997 жылдың қараша айына дейін сол ауданды басқарды. Бұдан кейінгі кезеңдерде Бағлан 2012 жылы Жамбыл облыстық мәслихатының секретары болып сайланғанға дейін, Шу, Меркі, Жуалы аудандарының әкімі болып қызмет атқарды.
– Ол бір құндылықтарға деген көзқарастар өзгерген қиын-қыстау, ғасыр айрығына жақын қалған кез. Оның үстіне өткелде көлік ауыстырған қарапайым халыққа оңай соқсын ба?! Талай жыл дүркіреп тұрған колхоз-совхоздар тарап, ортақ қазынаны пышақ үстінен үлестіріп, бөліп алып жатқан кезде жұртты қайта жұмылдырып, олардың нарық қиындығынан еңсесі еңкіш тартқан халықтың осылайша рухын көтеру аса қажет болды. 1992 жылдың ақпан айының 22-сі күні әкім болып тағайындалып, сол жылы жазда Мойынқұм ауданының орталығында мешіттің құрылысын бастадық. Оған демеушілерді тарттық. Сонымен қатар бір мезгілде сол өңірдің Көкірек елінің тумасы, Биназар деген өзі би, өзі батыр болған бабамыздың басына белгі қойып, кесене тұрғыздық. Бір жылдан кейін мешіттің құрылысын бітіріп, пайдалануға бердік. Облыстағы іргесі қаланған алғашқы мешіт осы еді. Бізден кейін күмбезді мешіт Луговой ауылында бой көтерді, – дейді Бағлан Жиенәліұлы.
Мойынқұм 1964 жылы 31 желтоқсанда Шу ауданынан бөлініп шыққаны мәлім. Елдің көңіл-күйін қабағынан аңғаратын іскер басшы 1995 жылы ауданның 30 жылдығын және атақты шопан Ж.Қуанышбаевтың 100 жылдығын қатар атап өтуге бел буады. Ауданға 50 қазақ үй тігіп, үлкен той өткізілді. Қазір ауданда бір көшені Ж.Қуанышбаевтың, енді бірін «30 жылдық көшесі» деп аталғаны – сол шараның жемісі.
Мойынқұмдықтар сонау тоқырау кезеңінің өзінде жол бойындағы жиделердің діңгегін ақтатып, ауыл-ауылды тазартқызып тұратын әкімнің талапшылдығын әлі күнге айтып отырады. Кезінде «жұрт жұмыс таппай жүргенде той жасады» деп кінә артқандардың өзі екі тікұшақпен 10 мың құттықтау парақшаларын шашып, демеушілерді тартып, бас жүлдеге машина қойып, бәйге өткізген тойды осы күнге дейін тамсанып еске алады. Рас, бұл мұғалімдер мен дәрігерлердің уақтылы жалақысын бере алмай жатқан қиын кезең болатын. Бірақ жұрттың рухани еңсесі көтерілсін деген мақсатпен қолға алған іс өз жемісін берді.
Кейін 4 жыл облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы болып қызмет істеп, одан соң Меркі ауданын басқарды. Сонда барғанда меркілік қариялар Бағлан Қарашолақовтың еңбек жолымен таныс екенін аңғартып, «әкім болдыңыз, тәртіптік кеңесті басқардыңыз, үлкен совхозды аяғынан тұрғызыпсыз, бізге 20 жылға жуық тоқтап тұрған қант зауытын қайтадан іске қосып беріңіз» деп бірден талап-тілегін айтқан болатын. Бағлан енді соны қолға алды.
Іскер адам зауытты іске қосса, бірнеше мәселе шешімін табарын бірден ойлады. Депутаттарға хат жазғызып жүріп, бұл түйткілді Елбасының құлағына жеткізді. Көшбасшының пәрменімен 2003 жылы қант зауыты қайта іске қосылды, нәтижесінде 400-500 адамға жұмыс табылды. Қызылша өсірумен кезінде аты шыққан аудан байырғы кәсібіне қайта оралып, тәтті түбір алқаптарының аумағы жыл санап артып отыр.
Бағлан қай ауданды басқарса да қазақтың кіндігі байланған алтын қазығы – ауылдарды көркейту жұмыстарын еш тоқтатқан емес. Мәселен, 2001 жылы Шу ауданына әкім болып барған кезде де ауданда су қоймасының жөндеу жұмыстарын жүргізді. Көптеген каналдарды тазалатып, су бармай қалған егістік алқаптарын суландыруға күш салады. Оны да ретке келтірді. Қаланың ішін, 32 шақырым көшені жарықтандырды. Шу қаласындағы Мәдениет үйін жөндеуге демеушілер тауып, іске қосты. Балабақшалар салуға мұрындық болып, мектептерді жөндеуден өткізді. Шу ауданында алғаш рет «Наурыз төбе», көкпар алаңдарын ел игілігіне айналдырды.
Міне, осылай төрт бірдей ауданды басқарған білікті азаматқа 2012 жылы жуалылықтар біркісідей дауыс беріп облыстық мәслихаттың депутаты етіп сайлады. Ал халық сенім білдірген депутаттар Бағлан Жиенәліұлын облыстық мәслихаттың хатшысы етіп көтерді. Содан бері бұл қызметті үлкен абыроймен атқарып келе жатқан азамат – бүгінде Қазақстан Мәслихаттарының Құрметті хатшысы. Ел сенімін ақтау жолында еңбек еткен ер үшін бұл абыроймен астасқан үлкен бақыт еді.
«Ең үлкен байлық – ол денсаулық, халықтың тыныштығы, бірлігі. Халқымыз ынтымақ-бірлікте болса ғана, ісіміз алға басады. Қазір әлеуметтік желіде, көпшілік кейбіреулердің сөзіне сеніп, ананы-мынаны айтып, қызылкеңірдек болып айтысып жатқаны», – дейді Бағлан Қарашолақов қоғам дамуы үшін ауадай қажет саяси тұрақтылық пен азаматтық келісім жайлы сыр бөліскенде.
«Ердің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген сөз бар. Жақсы жар – Тәңірден. Бұл жағынан Бағлан бақытты жан. Бұрыннан берекесі ұйыған, әлеуетті әулетке Зияда Ермекбайқызы келін боп түскелі ырыс, бақыты тасып, абыройы аса түскені рас. Мамандығы экономист-есепші мейлінше ақ жүректі, адал тілекті, ибалы, инабатты жанның Бәкеңнің қызметінің өрлеп, абыройының асуына да елеулі ықпалы болғандығы даусыз. Ешбір келін бірден ел аузына іліге алмайды. Ол үшін текті жерден шығып, көргенді болуы шарт. Бұл екі қасиет Зияданың бойында бар, бесігінен қонған. Ермекбай әулетінен тарағандарды жұрт тек жақсы атайтыны да сондықтан. «Жары жақсының бәрі жақсы» деген осы. Бұл күні ынтымағы жарасқан отбасында 1 ұл, 4 қыздан тараған 13 немере, 7 шөбере өнегелі шаңырақтың сәні мен мәніне айналып отыр.
«Азамат ердің баласы, аз ұйықтар да көп жортар» демекші, облыстың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға тынымсыз тындырымды еңбегімен татымды үлес қосып жүрген кең жүректі азамат бүгін 70 жастың белесіне көтеріліп отыр. Ол атақ-абыройдан кенде болған емес. Жамбыл облысының және Мойынқұм, Меркі, Шу, Жуалы аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, ондаған медальдың иегері, сонымен қатар егемен елімізге еңбегі сіңген қайраткер деген атағы тағы бар. Ұлт ұстазы Абайдың «Адамды атқарған еңбегіне қарап бағалау керек» дегені осы болар.
Аты мен заты елге етене таныс, өмірін мансапқа емес халыққа қалтқысыз қызмет етуге арнаған арда азамат туралы айтар игі лебізіміз осы еді.

Жандар Кәрібайұлы,
қоғам қайраткері,
саясаттанушы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support