- Advertisement -

«Мүмкіндіктер мекенін» пайдаланып қал

87

- Advertisement -

Камила Борашова

Жуалы ауданындағы «Тау самалы» демалыс орнында «Мүмкіндіктер мекені» деп аталатын жастар лагері ашылды.
Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған тау бөктеріндегі шараға өңірдегі 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі жастар мен олардың күтушілері, ата-аналары қатысты. Олар үш күн бойы қаланың у-шуынан қашықтағы таудың саф ауасымен демалып, түрлі семинар-тренингтерге қатысатын болады.
Облыстық жастар ресурстық орталығы мамандарының айтуынша, Жастар жылы аясында өтіп жатқан басқосу мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан шет қалдырмай, керісінше олардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауды көздейді.
«Бізде бұған дейін жастарды оқыту лагері әртүрлі форматта, түрлі тақырыппен өткізілген. Биылғы ерекшелік – біз мұнда мүмкіндігі шектеулі жастарды жинап отырмыз. Үш күндік оқыту лагері барысында олардың шын мәнінде шектеусіз мүмкіндік иесі екендігіне көздерін жеткізетін боламыз. Семинар-тренингтер «Нұр бала» қоғамдық қорының білікті мамандарымен және облыстың белсенді жастарымен жүргізіледі. Ең бастысы тау бөктеріндегі жанға жайлы климат мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығына оң әсерін тигізері анық», – деді облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Айбек Тәутен оқыту лагерінің ашылу салтанатында.
Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, лагерьге келушілердің барлығының денсаулық жағдайы үш күн бойы дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады.
Айта кету керек, үш күнге созылатын оқыту лагерінің алғашқы күнінде демалушылар «Нұр бала» қоғамдық қорының психолог мамандары Әйгерім Дәулетбаева, Салтанат Сәдуақасованың семинар тренингтеріне қатысып, топтық жұмыстарға атсалысады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жастарға облыс мақтанышы, Паралимпиадалық ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина сынды түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген модераторлар дәріс оқиды.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support