- Advertisement -

Салық – халық қазынасы

52

- Advertisement -

Қай мемлекеттің болсын экономикалық әлеуетінің басты тірегінің бірі – салық екені белгілі. Мемлекеттің материалдық мүддесі мен қоғамдық өмірі де осы салада тоғысады. Осы ретте Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментін салықтық бақылауды ұйымдастыру жолдарын тұрақты түрде жетілдіріп, жаңа әдістермен түрлендіруді жетекшілігіне алған мекемелердің бірі ретінде атап өтуімізге болады.
Үкіметтің 2014 жылғы 14 тамыздағы қаулысымен Қаржы министрлігінің салық және кедендік бақылау комитеттері мемлекеттік кірістер комитетіне біріктірілген-ді. Осыған байланысты бұл күн мемлекеттік кірістер органының құрылған күні болып белгіленген. Содан бері қарай осынау кәсіби мерекені жыл сайын атап өту дәстүрге де айналды.
Ал биыл салық органының қайта құрылғанына 5 жыл толып отыр. Атқаратын қызметі орасан зор салалық құрылымның бес жылдық белес биігіндегі жетістігі де ауыз толтырып айтарлық. Бұл ретте, Комитеттің Жамбыл облысы бойынша департаментінің де жұмысына жоғары баға беріліп келеді. Жергілікті ведомствоның қажырлы еңбегінің арқасында өңіріміздегі кедендік реттеу ісі де оңтайландырылды. Түрлі деңгейдегі төлемдер мен аударымдардың толықтығы мен уақтылы орындалуы белгілі бір жүйеге келтірілді. Жалпы, аталған салаға қатысты барлық құрылымдардың қызметі жаңаша сипатқа ие болды.
Мұның айқын дәлелі ретінде департаменттің үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында жеткен жетістігін айтсақ та болады. Мәселен, ведомство қызметінің жоспарлы жүргізілуінің нәтижесінде мемлекеттік бюджет көрсеткіші 46 498,3 миллион теңгені құрап, болжамдалған көлемінен 5 664,1 миллион теңгеге артығымен орындалды. Сол секілді республикалық және жергілікті бюджеттер жоспарлы көрсеткіштері де жоғары. Өткен жылмен салыстырғанда түсімдердің өсу қарқыны да арта түскені байқалуда. Атап айтқанда, бұл тұрғыдағы жоспар 115,2 пайызға орындалды.
Әрине, жетістікке жетудің алғышарты – тынымсыз еңбек ету мен талмай іздену екені айтпаса да түсінікті. Департамент бүгінгідей жоғары жетістікке өңір экономикасының өсуі мен салықтық әкімшілендіруді жақсартудың, қосымша резервтерін табудың арқасында қол жеткізді. Сонымен қатар салық заңнамасын түсіндіруде, салықтық әкімшілендіру, камералдық бақылау және салық төлеушілердің сауаттылығын арттыруда уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара бірлесіп атқарған іс-қимылдар да бұл іске елеулі ықпалын тигізді.
Бұл жерде қосымша резервтерді табу жөнінде бекер айтып отырған жоқпыз. Мысалы, биыл алғашқы жартыжылдықта салық базасын ұлғайту мақсатында уәкілетті органдармен бірлесе отырып 2018-2020 жылдарға арналған жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту барысында бюджетке қосымша 518,6 миллион теңге өндірілді. Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің іс-шарасы бойынша 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығына бекітілген жоспар 166,8 пайызға орындалып, қазынаға 1,4 миллиард теңге артығымен аударылды.
Сондай-ақ салық төлеушілер қатарының артуы да аталған іске өз септігін тигізіп отыр. Атап айтқанда, ағымды жылдың басынан бері тіркелген салық төлеуші жеке кәсіпкерлердің саны 3 583 бірлікке артқан. Бұл нәтижеге пәтерлерді жалға берумен, саудамен, жолаушы және жүк тасымалымен тіркеусіз айналысқан азаматтардың есепке алынуының арқасында қол жеткізілді.
Салықтық рақымшылық бойынша нормалардың да өз деңгейінде орындалып жатқанын айта кеткеніміз жөн. Нақтырақ айтқанда, облысымызда салықтық рақымшылық жасау мерзімі 3 636 салық төлеуші бойынша 1 727,8 миллион теңгені құрады.
Сонымен қатар ҚР Үкіметі бекіткен Жол картасының шеңберінде мемлекеттік кірістер органдары тарапынан әрбір азаматтың ағымдағы жылдың соңына дейін есептелген өсімпұл сомаларын өтеуі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Департамент қарамағындағы кеден саласы да қарышты қадамдармен алға ілгерілеуде. Атап айтқанда, 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында 2 689 тауарға арналған декларация ресімделді.
Ал Елбасының «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» аясында кеден блогына жүктелген 38-қадам бойынша экспортшылар мен импортшылардың кедендік жосықтардан өтуі үшін «Бір терезе» қағидасы енгізілгені белгілі. Электрондық декларациялау жүйесі де жетілдірілу үстінде. Экспорт пен импортқа арналған құжаттар қысқартылып, оларды өңдеу уақыты азайтылды.
2017 жылдың 1 қазанынан бастап АСТАНА-1 ақпараттық жүйесінде транзит жосығы іске қосылды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап экспорт үдерісінің 10-ы, 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап қалғандары түгелімен іске қосылды. Қазақстанның бизнес қоғамы кедендік ресімдеу мәселесі бойынша 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап оң тиімділік пен үлкен жеңілдікке ие болды.
Бұдан бөлек, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстығанда, ағымдағы жылдың тиісті кезеңінде облыста импортқа ресімделген барлық тауарлар бойынша кедендік құн индексінің жоғарылауы байқалады. Департаментте ағымдағы жылы және өткен жылдарда ұқсас тауарлардың кедендік ресімделуі жүзеге асырылғанын ескерсек, жалпы кедендік құн индексінің жоғарылуы, импортталған тауарлар бойынша кедендік әкімішіліктендіру сапасының жақсарғанын көрсетеді. Нәтижесінде биыл 125 кедендік құнға түзету жасалып, бюджетке 47 миллион 219 мың теңге қосымша есептелді.
Кедендік құнды бақылау мақсатында, департаменттің кедендік блогымен Литва, Польша, Германия, Эстония, Өзбекстан, Қытай және өзге де шет елдердің кеден органдарына сұрау салулар жолдануда.
Аталған кезеңде департаменттің кеден блогімен Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауарлық номенклатурасының кодына сәйкес 10 жіктеу бойынша шешім қабылданды. Нәтижесінде бюджетке қосымша 43 миллион 658 мың 444 теңге кедендік төлемдер мен салықтар түсті. 2018 жылдың ұқсас кезеңінде 8 жіктеу бойынша шешім қабылданып, 786 мың 933 теңге қосымша есептелген.
Салық – халық қазынасы. Ата Заңымызда заңмен белгіленген салық пен алымды төлеу әркімнің борышы мен міндеті деп қастерлі сенім жүктесе, оны орындау – баршамыздың міндетіміз. Сол себепті барша мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерін 5 жылдық белесті табысты бағындыруымен құттықтай отыра, алдағы қызметіміз жемісті де жеңісті болсын дегім келеді.

Ерлібек ЗИКЕЕВ,

Жамбыл облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support