- Advertisement -

Адам боп қалу арманым

220

- Advertisement -

Атақ

«Адамды бұзатын не? Тағы да сол – атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі» дейді даңқты батыр Бауыржан Момышұлы. Кейінгі екеуіне кейінірек кезек келер. Алдымен айтарым – атақ жайында.
Адам атаққа бір құмартса қиын-ақ. Бар ойы, есіл-дерті соған ауып, өзге дүниені ойлаудан қалады екен. Менің бір танысым өзін-өзі мақтағанды жаны сүйеді. Жас болса да, қазірден атақ алуға құмартып жүр. Өзін-өзі ұсынатынын қайтерсің. Сұрап алған атақтың құны көк тиын емес пе?
Қадір-қасиет – адамшылығыңда ғой. Ал біз біреуге тілек айтсақ та, үлкендер кішіге бата берсе де – «биіктен көрін, атақты бол» дейміз де, «адам бол» деуді ұмыт қалдырамыз. Әуелі адам болмай, атақты болудың арты – тәкәппарлық, менмендік.
Ақша

Қазір бәріміз де болашағымызды ақшасыз елестете алмайтын болдық қой. Дәл бүгін елге, жерге пайдамыз тисе, ел үшін еңбек қылсақ дейтіндер әй қайдам, а-а-аз шығар. Керісінше, көп ақша тапсақ, байысақ дейміз. Сол үшін елді алдаймыз, біреудің еңбегін жейміз. Көзді ала беріп қалтаға тықпалаймыз, ұрлаймыз, таразыдан жейміз, әйтеуір ебін табамыз. Ақшаның буына елітіп, табысымызды еселей түскіміз келеді. Содан кейін сөзіміз іріленіп, өзіміз адам танудан қаламыз. Ақыр соңында «Кедей бай болсам, бай Құдай болсамның» керімен Құдайымызды ұмытамыз.
Арақ

Адамды ақыл-есінен айырып, абыройсыздыққа ұрындыратын – арақ. Бірақ бір стақаны өңешінен өткендер одан бас тартпайды, әйтеуір. «Арақты ішсек те, ақылымызды ішкен жоқпыз» деп өзді-өздерін жұбатып қоятынын қайтерсіз. Ежелгі грек философы Аристотельдің «Мас болу – өз еркіңмен жындану» деген афоризміне ой жіберсек, арақ ішкен адамның мас болатыны, мас болған адамның жыны қозып, өзін қоярға жер таппай аласұратыны белгілі. Ал жындыда ес болмайды. Енді ойлай беріңіз, ақылыңызды іштіңіз бе, жоқ па?

Мереке Ержанұлы.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support