- Advertisement -

Шерағама хат

56

- Advertisement -

Жүйрік уақыт кімге есеп берген. Біздің қазақ қаламгер Шерханынан, қайраткер Шерханынан айырылғалы жылға жуықтап қалды. «Ай мен Айшаны» оқып ержеткен әр бала, «Қызыл жебені» жастанып жатып, кеудесіне намыс оты оянып, қайсарлық пен табандылықты бойына сіңірген адам асқар тау алыстаған сайын биіктей түсетінін мойындағандай. Жамандыққа қимайтын қайран көңіл, араға айлар түскен сайын қазақтың Шерағасының енді қайта айналып келмейтінін шындап түсінгендей, жүректі сағыныш кернеуде. Назарларыңызға ұсынып отырған Шерхан Мұртазаның рухымен сырласқан мына естелік хат – соның көрінісі!

Саясат бөлімі.

Шераға!
Сіздің роман, повесть, әңгімелеріңіз қай уақытта жазылғанына қарамастан, айтылған ойының әлі де өзектілігін жоймайтынына көзім жете түсті. Тіпті публицистикалық еңбектеріңіз де, достарыңызға арнаған хаттарыңыз да…
Есіңізде ме, Шераға? Камал досыңызға жазған хатыңызда: «Көкшетауда обыр шегіртке егінді бүлдіріп кетті. Сол шегіртке адам санасын да бүлдіріп жатыр. Құдай біреу, құдірет біреу, ал дін көп екен, соның өкілдері Қазақстанда өріп жүр.
Бір отбасында біреу мұсылман, біреу баптист, біреу проваслав, біреу бахавист, біреу ахмади, біреу иудаист, бірі кришнаист, бірі котолик болар күн жақын» дегеніңіз?!
Иә, Шераға сол сөзіңіздің жаны бар! Сіз мұндай адасулардың себебін санасыздықтан көресіз. Бұл рас. Бүгінде олардың қатарын шаласауатты имамдар толықтырған. Білімсіз ғой, адам миына сыймайтын қайдағы жоқты айтып, сау адамды жынды етеді. Содан дүрмекке ергіштер ата дінінен адасып, дәстүр-салтын тәрік етіп, жат ағымға ілесіп кетіп жатқаны. Қап-қара шүберекпен көзінен басқа жерлерін тұмшалайды келіп. Осылар адам ба өзі, тажал ма? Бұлай дейтінім әлгі теледидардан бар ғой, теріс ағымдағылардың адам өлтіруді сауап деп жар салып, бейкүнә сәбидің қанын төгіп жатқанын жиі көреміз. Исламда шыбын өлтіру де қиянат қой. Бұлар шамасы Жаратушыны да шатастырады-ау бір күні.
Ғаламторда бейнероликтер қаптап жүр. Шетінен уағыз айтады. Сонда не деп көкиді деймісіз?.. Қасиетті қара домбыраны шайтан деуден бастайды. Сосын оған сақалдының айтқаны имандай шындық деп түсінетін санасыздар сенеді. Соңында не керек, Сирияға кетіп өліп тынады.
Қадірменді Шераға!
Сіздің 1997 жылы көтерген білім туралы мәселеңізде де әлі көкейкесті күйінде қалып отыр. Өзекті. Ақша төлесең – академиксің. Екінің бірі академик. Оны былай қойып, білімі жоқ, ақшасы көп хирургтің нағыз мықтымен бірге бір ауруханада жұмыс істейтінін қайтерсің? Мұндайда ауырып көр!
Айтпақшы, Шераға сіз жұмыс істеген «Жұлдыз», «Жалын» журналдары мен «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болып келгеніңізде 30 мың таралыммен таралған газеттің оқырманы 150 мыңға жеткенін білеміз. Мұныңыз – үлкен жетістік, ерен еңбек. Сол кезде газет оқитын адамдар болды ғой әйтеуір. Ал қазір кейбір басылымдардың таралымына қарап, ғаріп күйге түсемін. Мұны кімнен көреміз? Панфиловты өлер алдын ұрандады деп жазатын, журналистиканы кәсіп деп ұғатын кейбір тілшісымақтан ба, әлде шебер журналистің жолын кес-кестеген блогерлердің күні туған заманнан ба? Білмеймін?!
Сізге айтарым көп еді… Бәрі көкейімде сайрап тұр… Оны келесі хатымда жазармын!

Жадыра МЫРЗАБАЙ,
Халықаралық
ақпараттық технологиялар
университеті журналистика факультетінің
2-курс студенті.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support