- Advertisement -

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АВТОШЕРУ ТАРАЗҒА ТАБАН ТІРЕДІ

26

- Advertisement -

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Еліміз енді ғана тәуелсіздік алған тұстан бастап, яғни, 1992-2001 жылдары тәжік-ауған шекарасын күзеткен жауынгерлердің қатысуымен биыл 14 тамызда халықаралық автошеру жолға шыққан болатын. ҚР Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен «Ардагерлер одағының» (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың) республикалық қоғамдық бірлестігімен бірге «Көкшетау-Бурабай-Нұр-Сұлтан-Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда-Шымкент-Ташкент-Худжант-Душанбе-Дарваз-Хорог-Шымкент-Тараз-Қапшағай-Алматы» бағытында ұйымдастырылған автошеру Тараздағы Жеңіс саябағына табан тіреді.
Тәжік-ауған шекарасындағы ұрысқа қатысушы, «Ардагерлер одағы» РҚБ төрағасы Мұрат Мұхамеджановтың айтуынша, биыл аталмыш шекарадан сарбаздардың қайтқанына – 26 жыл. Жасөспірімдерді патриоттыққа баулу мақсатында ұйымдастырылған шара барысында 10 автокөлікпен шерулеткен шекара ардагерлері Душанбеде опат болған 17 сарбазға құлпытас орнатқан.
Алдымен «Ерлік» монументіне гүл шоқтарын қойған автошерушілер қатарында белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан да бар. Жиында алдымен сөз алған ол:
– Мен акция басталысымен ардагер сарбаздармен бірге Өзбекстан, Тәжікстан елдерін аралап келемін. Ең алдымен айтарым, тәжік халқы біздің сарбаздарымызға, қазақ халқына дән риза. Мен сол кезеңде шекара күзетінде болған сарбаздарымыздың қандай қиын жағдайда Отан қорғағанын өз көзіммен көріп келдім. Қазақстан әскері ең қауіпті, ең күрделі, ең шиеленіскен аймақты күзетті. Алайда бұл сарбаздарға елімізде әлі ресми статус берілген жоқ. Мен алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істейтін боламын, ел Президенті Қ. Тоқаевқа ұсынысымды жеткіземін. Облыс басшылығын да осы мәселеде қолдау білдіріп, киелі Жамбыл жерінен арнайы ескерткіш орнатуға септесулерін сұраймын, – деді.
Келесі кезекте республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы бірнеше ардагерді «Қазақ батыры» медалімен марапаттады.
Іс-шара барысында сөз алған Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов тәжік-ауған сарбаздары жайлы мәліметтер жинақталып, саябақтағы «Даңқ залына» қойылатынын, оларға ескерткіш қою мәселесін өзі қолға алатынын айтты.
Автошеру соңында патриоттық әндер шырқалды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support