- Advertisement -

ЖЫЛАН КӨЛ. ӘУЛИЕ КӨЛ. КІШІ АҚКӨЛ…

597

- Advertisement -

Әр аңызда бір шындық бар. Көзі қарақты оқырманға Айша бибінің тарихы мәлім. Ол туралы тарихшылар мен әдебиетшілер, өлкетанушылар талай мәрте қалам тербеді. Солардың зерттеулеріне қарағанда, Айша бибі анамыз ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрсе керек. Ол кезде Қараханидтер дәуірлеп тұрған. Анамыз сол дәуірдің ғалымы әрі ақыны Хәкім Сүлеймен Бақырғанидің қызы екен. Ол өмірден озғаннан кейін Айша Айқожа шейхтың тәрбиесінде болады. Тараз әміршісі Қарахан Мұхаммед оған ғашық болып сөз салады. Бірақ Айқожа бұл некеге қарсы болыпты. Алайда махаббаттың отына күйген Айша қырық нөкерімен Бұқарадан аттанып, Таразға бет алыпты. Талай-талай тау асып, Асы өзенінің бойындағы Жыланды көлге ат шалдырып, демалып жатқанда Айшаны жылан шағады. Қасындағы күтушісі Бабаджа-Хатун Қараханға хабар береді. Хабарды естісімен Қарахан батыр Айша жатқан жерге келсе, сүйіктісі денесіне жыланның уы жайылып, хал үстінде жатыр дейді. Ерте келген емшісінің де қолынан дәнеме келмепті. Сонда Қарахан имамға некесін қидырып, өлгелі жатқан Айшаның құлағына «Сен Қараханның жұбайы Айша бибісің» деп үш мәрте айқайлағанда, қайран сұлу көзінен жас парлаған күйі өмірден озып жүре беріпті. Аңыз осылай дейді. Қарахан хан (шын аты-жөні Шах-Махмуд Бұғра) сүйіктісінің басына кесене орнатуға пәрмен береді. Сондай кесенені Айша бибінің күтушісі Бабаджа-Хатунның басына да соғуды бұйырады. Қос кесене Тараз қаласынан 18 шақырым жердегі Айша бибі ауылында аңыздың куәсіндей болып, келушілердің зиярат ететін орнына айналғалы не заман!
Ал сол ауылдан Күйік асуына қарай тартылған асфальт жолдың бесінші шақырымында солтүстікке қарай бұрылар тұста сәл жүрсеңіз Әулиекөл ауылы мен осы аттас көл бар. Көлдің жағасында талай науқас жанға шипа болған – Айша бибі шипажайы орналасқан.
Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда Әулие көлдің бұрынғы атауы – Жыланды көл. Есте жоқ ескі заманда көлдің маңайы бақабас, тұрқы қысқа жыланға толы екен. Жыланның көптігі соншалықты, жағалаудағы қара балшықты бассаңыз, жыланды қоса басатындай күйге түседі екенсіз. Сол жыланның уымен қара балшық қоректеніп, оны денеңізге жақсаңыз, мың түрлі дертке дауа дейді. Денеңіздің қотырын жазып, тәніңіздің суығын сорып, жаныңызға шипа беретін қара балшықтың қасиетін емшілер атам заманнан білсе керек. Жанына дәру іздегендер жылдың бар мезгілінде жағасына барып, жай жасап алып, емделетін көрінеді. Жыланды көлге сол тұстағы тау бастауларынан су үздіксіз құйылып жатады дейді. Соның ең негізгісі көлдің батысындағы Тараз қалашығының етегіндегі Әулие бастау бұлағынан құйылса керек. Бұл бұлақтан талай-талай дертке ем шипалы су ағады. Басындағы қорықшының айтуына қарағанда бұлақтың суы қысы-жазы бірдей бір қалыпта тұрады. Әулие бастаудан басын алатын Жыланды көлін жергілікті жұрт бірте-бірте Әулие көл, кейде Кіші Ақкөл деп атапты. Бірақ Кіші Ақкөл деген атауы көбінесе қолданыла бермейді. Осы көлдің түбінде шипалы (сульфидті) балшық бар.
Балшықтың құрамы минералды тұздармен, органикалық қышқылдар, витаминдер, микроэлементтер, биогенді стимуляторлар, гормон тәрізді заттардан тұрады.
Жалпы мұндай шипалы бұлақтарды әулиеге санау – бұрыннан бар дәстүр. Мысалы, арыға бармай-ақ Әулие ата өңіріндегі Тамды әулие, Қотыр бұлақ әулие, Жарғантас әулие туралы айтсақ та жеткілікті.
Бір кездері Айша бибінің ажалына себепші болған Жыланды көл енді міне сан мыңдаған адамдарды сауықтыратын шипалы орынға айналып, Әулие көл атанып отыр. Мұның өзі де қызық дерек емес пе?

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
өлкетанушы-тарихшы.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support